Қабанбай батыр даңғылы, 45-үй
Алдағы жылы Астана мен Алматы қалаларын бір апта бойы дүбірге бөлейтін VІІ Қысқы Азия ойындары өтер күн де жақындап келеді. Бүгінгі күнді есептегенде елімізде тұңғыш рет жалауы көтерілетін осы ойындардың басталуына 169 тәулік қалыпты. Ал оның ашылу салтанаты Астана қаласындағы қазіргі кезде Еуропаның 5 жоғары деңгейдегі, барлық халықаралық талаптарға сай келетін “Астана-Арена” стадионында өтетіні белгілі. Осыған орай жақында біз аталмыш алып кешеннің директоры, Азиаданың ашылу салтанатын өткізу жөніндегі техникалық директор болып тағайындалған Владимир БОБРОВСКИЙМЕН кездесіп, одан стадионның ойындардың ашылу рәсіміне қазіргі дайындығы жөнінде әңгімелеп беруін өтінген едік.
– “Астана-Арена” стадионының пайдалануға берілгеніне біраз уақыт өтті ғой. Осы уақыт ішінде мұнда футболдан республикаішілік, халықаралық матчтар өткізіліп келеді. Ал келесі жылы стадионда өтетін Қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты осы жарыстардан мәні мен маңызы жағынан мүлдем бөлек оқиға болатыны сөзсіз. Қазір стадион Азиаданың ашылу салтанатына толық дайын ба? Әңгімені осыдан бастасақ.
– Дайын деп толық айта аламын. Өздеріңізге белгілі, осы жерде Азиаданың ашылу рәсімі өтеді. Бұл стадион бекерден таңдалып алынған жоқ. Біздің стадион Еуропаның ең әдемі деген, барлық халықаралық талаптарға жауап беретін, техниканың қай жағынан алсаңыз да толығымен жарақталған 5 стадионның бірі болып табылады. Стадионның футбол алаңы италиялық төсегішпен төселген, ал оның инфрақұрылымы жағынан мұнда керекті нәрсенің бәрі бар. Мәселен, стадионда сахна қойып, концерт өткізуге болады. Бассейн, екі табло, теледидар және радио хабарларын тарату үшін қазіргі заман талаптарына жауап беретін жүйелер, жарық беретін соңғы үлгідегі прожектор, демалыс орындары, бокс рингтері, фитнес клуб, күрес залы және басқа да қажетті орындармен жабдықталған. Ал стадионның ең басты ерекшелігі – оның үстіне 17-20 минөт ашып-жабылатын арнайы құрылғы орнатылған. Әлемде мұндай құрылғылар біздің стадионмен қоса есептегенде санаулы елдерде ғана бар.
– Ойындардың ашылу салтанаты қалай өтеді?
– Азиаданың ашылу салтанатына ресейлік Игорь Крутойдың жетекшілігіндегі халықаралық режиссерлік-қойылым тобы жауап беретін болады. Өйткені, біздің елімізде осы кезге дейін Азия ойындары сияқты ірі халықаралық жарыстар өткен емес. 90-шы жылдары ғана Алматыда Орталық Азия ойындары өткен еді.
– Иә, сол кезде өткен аталмыш жарыстың ашылу салтанатына ХОК президенті Хуан Антонио Самаранч жоғары баға берген еді.
– Оныңыз рас. Ал мына ойындардың ашылу салтанаты одан да қызықты және тартысты болатынына толық сенімдімін. Қазір әлемде осындай ірі мәдени шараларды өткізу жөніндегі халықаралық режиссерлік-қойылым топтары жеткілікті. Оның ішінде ресейлік, ұлыбританиялық, австралиялық топтар бар. Ашылу салтанатының өзі Қазақстан тарихымен байланыстырылып, ұлттық нақышқа келтіріліп технологиялық шоу ретінде өткізілетін болады. Қазір стадионда осынау оқиғаға дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Жақында бір топ мәскеулік мамандар келіп, ашылу салтанатының ұйымдастырылуымен, стадионның декорациясымен танысып қайтты. Азиада алауы стадионға 30 қаңтар күні жетеді. Алау 11 қаңтарда Азия олимпиялық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан әл-Кувейт қаласынан бастау алады. Ал келесі күні ол Қазақстанға жеткізіліп, 20 күн бойы облыс орталықтарын аралап, 30 қаңтар күні Астанаға келеді.
– Стадионның техникалық қауіпсіздік жағы қалай?
– Ол жағы жақсы. Стадионға 30200 адамның сыятынын білесіздер. Егер тосын оқиға бола қалса, халық 10-15 минөттің ішінде стадионнан шыға алады. Осы кезге дейін біз стадионда болуы мүмкін өрт және басқа да тосын оқиғалардың алдын алу үшін үш рет оқу-жаттығу өткіздік. Оған аудандық, қалалық, республикалық өрт сөндірушілер қатысты.
– Қыстың күні стадионның жылытылуы қалай болады?
– Біздің стадионда автономды жылыту жүйесі орнатылған. Ол белгілі бір температураны ұстап тұрады. Ойындардың ашылу салтанатында стадионның температурасы 10-12 градус жылылықты көрсететін болады. Сондықтан ештеңеге уайымдамаңыздар, ойындардың ашылуы жоғары деңгейде өтіп, халық суықтан тоңбайды. Қазір стадион Қорғаныс министрлігінің балансында.
– Стадионның құрылысына қатысты өзіңіз әлі де болса не жетпейді деп ойлайсыз?
– Стадионның жанында велотрек пен коньки тебу стадионының құрылысы жүріп жатыр. Осы үш нысанға бір ортақ қонақ үй керек сияқты. Әйтпесе біздің спортшылар жаз шыға спорт алаңдарының жанында қонақ үйлердің болмауынан Түркия мен басқа да елдерді жағалап кетеді. Осындай тілегім бар. Ал Азиаданың ашылу салтанаты кезінде стадионның жанына мұз айдынының салынатынын атап өткім келеді.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.