Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті 12 тамыз күні журналистерді арнайы баспасөз мәслихатына шақырды. Оған департамент бастығының міндетін атқарушы, әділет подполковнигі Жанат Кешубаев, Ақмола облысының прокуроры Болат Абдулов, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Дулат Жұрымбаев, жабық мекемелердің жұмысын бақылау жөніндегі қоғамдық комиссияның төрайымы Любовь Рубежанская қатысып, Гранитный поселкесіндегі ЕЦ-166/25 колониясындағы үш күнге созылған бүлікке қатысты түсінік берді.
2010 жылғы 9 тамыздың кешінде жалпы режімдегі колониядағы жазасын өтеушілер арасында төбелес шығып, төрт адам ауыр жарақат алған. Оның арты жүздеген адам қатысқан жаппай бүлікке ұласып, колония әкімшілігі мен қызметкерлеріне қысым көрсету арқылы заңсыз талаптар қойылды. Жағдай келесі күні де ушығып, төтенше жағдай жарияланды. Департамент басшылығы, прокуратура, қоғамдық ұйымдар тарапынан құрылған арнайы штаб жүргізген түсінік жұмыстары нәтижесінде 50 адам заңсыз әрекеттерден бас тартқанымен, жағдай күрделілене түскен. Ақырында, 11 тамыз күнгі 22.00 сағатта ІІМ күштерімен арнайы операция жүргізуге шешім қабылданды. Сөйтіп, бүлік ауыздықталып, жағдай қалыпты сипат алды.
Баспасөз мәслихатын өткізушілердің мәлімдеуінше, бүлік салдарынан жазасын өтеуші 81 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алып, оның 70-і Көкшетаудың 4 ауруханасына жатқызылған. Өзін-өзі өртеген екі адамның біреуі қайтыс болыпты. Әскерилер қатарынан да үш кісі жарақаттанған.
Облыстық ішкі істер департаменті осы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 360 және 361-баптарымен қылмыстық істер қозғап, зерттеу-тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.
* * *
Адам сатқан күдікті қолға түсті
Ақтөбе облысының ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 37 жастағы азаматты құрықтады. Күдікті адам саудасымен айналысқан.
Маусым айының басында ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына жедел мәлімет түсіпті. Ақтөбе қаласының маңындағы саяжайда адам саудасымен айналысатын Мұрат есімді азмат бар екенін полицейлерге 31 жастағы жігіт хабарлаған көрінеді. Ақтөбе облысының ІІД басшылығы осы ақпаратты тексеріп, анық-қанығына көз жеткізген соң, күдіктіні қолға түсіру үшін арнайы жоспар құрған. Кешенді жедел іздестіру шарасы барысында 37 жастағы күдікті 44 жастағы адамды сату сәтінде қолға түсті. 44 жастағы азаматтың құнын 48 мың теңгеге бағалапты. Бұл шұғыл шара прокуратура және басқа да құзырлы органдармен бірге жүзеге асып отыр. 44 жастағы сатылған азаматтың тұрғылықты мекен-жайы болмаған. Жәбірленушінің айтуынша саяжайда үш тәулік бойы қамауда отырған екен. Өз “қожайынының” бірнеше мәрте ұрып-соққанын жасырмайды. Күдікті бұрын қарақшылық жасағаны үшін сотталған. Қазір 37 жастағы азаматтың үстінен Қылмыстық кодекстің 128-ші бабы бойынша іс қозғалды.
Мәди ҚУАНЫШҰЛЫ. Ақтөбе.