Сәрсенбі күні жер жүзінің бірқатар елдерінде футболдан жолдастық кездесулер өтті. Солардың бірі Қазақстан мен Оман ұлттық құрамаларының арасында ойналды. Кездесуде есеп 3:1 болып алаң иелерінің пайдасына шешілді.
Қазақстан құрамасы дәл осындай есппен соңғы рет іріктеу турнирінде Андорра командасын жеңгенін білеміз. Ал осы жолғы Оманмен өткен матч елорданың халықаралық талаптарға сай келетін, дүние жүзіндегі ең әдемі бес стадионының бірі саналатын “Астана-Арена” жабық стадионында өтті. Кездесуге биылғы әлем чемпионатында көпшіліктің көзайымына айналған өзбекстандық Равшан Ирматов төрелік етті. Енді матчтың өзіне келер болсақ, Қазақстан мен Оман жолдастық кездесуі бұқаралық ақпарат құралдары мен Астана көшелеріндегі билбордтарда бір апта бойы жарнамалағанның арқасында болар, стадионға біраз жанкүйерлер жиылды. Осы жолғы ел құрамасының сапында екі қандасымыз болса, соның бірі Нұрбол Жұмасқалиев, екіншісі Азат Нұрғалиев болды. Бұл екеуі де Қостанайдың “Тобыл” командасының ойыншылары. Ал Таңат Нөсербаев пен Жамбыл Көкеев сияқты аяқдопшылар біреуі жарақатына, екіншісі ойын тәжірибесінің аздығына байланысты ел құрамасы сапынан көрінбеді.
Осы матчта бірінші голды команда капитаны Андрей Карпович соқты. Ол ойынның 20-шы минөтінде Сергей Остапенконың жасаған соққысынан Оман қорғаушысының аяғына тиіп, кері қайтқан допты қақпа торында тулатты. Ал екінші допты Нұрбол Жұмасқалиев жасыл алаңда қос егіздің сыңарындай болып жүрген Азат Нұрғалиевтің сол қапталдан шығарған пасын баспен әдемі соғып, Оман қақпашысын тағы бір рет жер қаратты. Ал ойынның екінші жартысында тағы да сол Нұрболдың оң қапталдан қақпаға қарай тепкен добын Оман қорғаушысы Әл-Алави тоқтатамын деп өзінің қақпасына гол соғып алды. Бұл 62 минөтте Қазақстан құрамасының соққан үшінші голы болды. Дегенмен, Оман ойыншылары да қарап отырмай, 2 минөт өткен соң алаң иелерінің қақпасына алыстан гол салып, есеп айырмасын екі допқа кемітті. Жалпы, матчтың Қазақстан құрамасының басымдығымен өткенін атап өту жөн. Әсіресе, Нұрболдың Оман қақпасын бірнеше рет көздеген доптары нысанаға дәл тимей жатса да, қарсыластарын біраз әбігерге түсірді. Сол сияқты команда капитанының жейдесін киген Андрей Карповичтің де барынша тер төккенін атап өтуге болады.
Кездесу аяқталған соң Оман құрамасының бас бапкері, француз маманы Клод Мари Француа Ле Руа отандастарымыздың ойынын бас бармақпен бағалайтынын айтты. Дегенмен, сөз арасында ол Қазақстанмен болған жолдастық кездесуге негізгі құрамада ойнайтын жеті аяқдоп шеберінің келе алмағанын, осы ойынға бар болғаны 1988-1993 жылдары туған жастардың қатысқанын жасырмады. Шынымен де Оман құрамасында Англияның премьер-лигасында “Уиган” командасында өнер көрсететін негізгі қақпашы Әли Абдулах әл-Хабси сияқты ойыншылар болған жоқ. Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Бернд Шторк болса, матч аяқталған соң ойыншыларының жақсы өнер көрсеткенін, енді олар Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне қатысу үшін жан-жақты дайындалатындарын, сол бәсекелерге “Ақтөбе” мен басқа да командаларда ойнайтын жігіттердің шақырылатынын атап өтті.
Жалпы, Оманды нашар команда десек, артық айтқан болар едік. Қазақстан құрамасымен екінші құраммен ойнаған команда қазір Парсы шығанағының чемпионы болып саналады. Сонымен бірге ол 2004, 2007 жылдары Парсы шығанағы чемпионатының күміс жүлдегері, 2009 жылы аталмыш өңірдің кубогының иегері болса, Азия кубогына 2004, 2007 жылдары қатысқан.
Қазақстан құрамасы Оман командасын жеңгеннен кейін ФИФА рейтингінде 126-орыннан 125-ші сатыға көтерілді.
Дастан КЕНЖАЛИН.
----------------------------------
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.