Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
О.Өксікбаев Президентке Есеп комитетінің биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмысы туралы баяндады. Атап айтқанда, ел экономикасы дамуындағы ілгерілеушіліктердің нәтижесінде, республикалық бюджеттің кіріс бөлігін орындау бойынша салық түсімдерінің 2009 жылғы осы кезеңдегімен салыстырғанда 2 пайызға өскені атап өтілді.
– Президент Есеп комитетіне Қаржы министрлігімен бірлесіп, бюджетті жоспарлаудың әдістемесін нақтылай түсуді тапсырды. Сонымен қатар Қазақстанның барлық ұлттық қорларын тексеруге және олардың жұмысының қаншалықты тиімділігін баяндауға тапсырма берді, – деді О.Өксікбаев журналистерге арналған брифингте.
Кездесу барысында Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің бюджеттік бағдарламаларды орындауына, сондай-ақ автокөлік жолдарын салуға және электронды үкіметті дамытуға бөлінген қаражаттың пайдаланылуына қатысты жүргізілген бақылау шараларының нәтижелері ұсынылды.
* * *
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Соттың Төрағасы Мұсабек Әлімбековті қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
М.Әлімбеков Мемлекет басшысына республикадағы сот төрелігі жүйесінің жағдайы туралы баяндады. Атап айтқанда, азаматтық істер бойынша сот төрелігінің орнын толтыруды қалпына келтіру қағидатын іске асыру жайы қозғалды.
Кездесу барысында сондай-ақ алдағы уақыттағы құқық саласындағы өзгерістер, Қазақстанның Жоғарғы Сотының Еуропа мен Азия елдерінің соттарымен өзара іс-қимылы туралы әңгіме болды.
* * *
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы Орыс православие шіркеуінің басшысы Астана және Қазақстан митрополиті Александрды қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Президент митрополит Александрды Қазақстандағы Орыс православие шіркеуінің басшысы жоғары лауазымына тағайындалуымен құттықтады.
– Қазақстан – Президенттің дана саясатының арқасында ұлты мен мәдениеті әртүрлі адамдар жайлы және тыныш өмір сүріп жатқан үлкен мемлекет, – деді журналистерге арналған брифингте митрополит Александр.