30 тамызда Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 15 жыл толады. Конституцияның мерейтойы жетістіктерімізді тағы бір бағамдап, алдағы алар асуларымыз бен мақсаттарымызды анықтап алуымызды міндеттейді. Ал олардың ойдағыдай алынуы мен орындалуы мемлекеттік және қоғамдық дамудың қарқынын сақтап қана қоймай, оны одан әрі еселеп, Қазақстан халқы өмірінің сапасын бұдан да биік деңгейге көтеруге мүмкіндік бермек.
Тәуелсіз Қазақстанның өткен қалыптасу жолы мен оның мемлекеттік-құқықтық дамуының қазіргі ахуалы 1995 жылғы Конституцияның қол жеткізілген саяси, құқықтық, әлеуметтік-экономикалық нәтижелері бойынша да, сондай-ақ мемлекет алдында жаһандану үдерістеріне байланысты тұрған міндеттерді ойдағыдай еңсеру жағынан да өзінің мазмұны бойынша оңтайлы базалық құқықтық акт болғанын көрсетті.
Реттелетін қатынастардың кең ауқымы, нормаларының құрылымы мен нақты мазмұны жағынан Конституцияның қазақстандық үлгісі қазіргі уақытта қоғам мен мемлекеттің өзекті қажеттіліктеріне жауап беретін барынша жетілген түрге ие болды. Сонымен қатар құқық қолдану практикасы қолданыстағы Конституцияның құқықтық мол қуатқа ие екенін көрсетті. Ал ол болса Қазақстан халқының мүддесі мен игілігі, жалпы мемлекеттің өсіп-өркендеуі үшін одан әрі қалтқысыз қызмет ете беретін болады.
Қазақстан мемлекетінің қалыптасуы әуел бастан күрделі саяси, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық жағдайларда қоғамдық қатынастарды біртіндеп және сонымен қатар жүйелі түрде реформалау арқылы жүргізілгенін айта келе, Қазақстанның ішкі мемлекеттік дамуда қол жеткізген нәтижелері, жоғары сыртқы саяси деңгейі оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көпқырлы қызметінің жемісі екендігін атап айтқан жөн.
Елбасының сан қырлы қызметі арқасында Қазақстан егемендік алу және халықаралық деңгейде танымал болу мәселелерінен бастап ЕҚЫҰ-да төрағалық етуге дейінгі өсу, өркендеу жолдарынан өтті. Мемлекет басшысының күш-жігерінің, оның батыл да көреген әрекеттерінің арқасында егемендікті сақтап қалып, оны орнықтырып қана қоймай, мемлекеттік дамудың көптеген бағыттары мен көрсеткіштері бойынша Қазақстан өз ұстанымдарын нығайта алды.
Мемлекеттік құрылыс табысты жүргізіліп, билік органдарының оңтайлы жүйесі мен құрылымы жасалды, басқарудың қалыпты тетігі қалыптасып, тиімді қызмет етіп тұр, мемлекеттің құқықтық базасы негізделіп, оны стратегиялық міндеттер мен практикалық қажеттіліктерге сәйкес реформалау жалғасуда.
Ол мемлекетте әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ идеологиялық және саяси плюрализмді іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді және қазақстандық қоғамда толеранттылықты орнықтыруға мүмкіндік берді.
Қазақстанның қаржы-экономикалық жүйесі құрылды, ол әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында аяғында тік тұрып қана қалған жоқ, сонымен бірге қоғамдық және мемлекеттік әл-ауқат мүддесінде экономикалық реформаларды ойдағыдай жүзеге асыруға жағдай жасады.
Әлемдік қауымдастықта Қазақстан биік сыртқы саяси беделге қол жеткізді, халықаралық-құқықтық қатынастарға белсене араласып, халықаралық құқық қағидаттары тұрғысынан аса маңызды сыртқы саяси бастамашылықтардың арқасында мемлекетіміз кең халықаралық мойындауға ие болды және әлемдік саяси сахнаға шықты.
Мемлекеттің табысты қызмет етуінің қажетті құқықтық жағдайларын, сондай-ақ заңдылық қағидатын іс жүзінде іске асыруды кепілдендіруді қамтамасыз етуде прокуратура органдарына ерекше рөл берілгендіктен, олардың да Қазақстанның дамуына қосар үлесі ауқымды.
Прокуратура мемлекет атынан заңдардың, Президент жарлықтарының және өзге нормативтік құқықтық кесімдердің дәл және бірыңғай қолданылуына, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және атқарушылық істер жүргізудің заңдылығына жоғары қадағалауды жүзеге асыруға, кез келген заң бұзушылықты анықтау және жою жөнінде шаралар қолдануға, сондай-ақ Конституция мен заңдарға қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық кесімдерге наразылық келтіруге тиіс.
Конституциялық нормаларды іске асыру тетігіне прокуратура органдарының қатысуы туралы айтқанда, адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау прокурорлық қадағалаудың басым бағыты болып табылатындығын атап өткен жөн.
Адамдардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын біз Қазақстан мемлекетінің ең биік әлеуметтік құндылықтары ретінде қарастырамыз. Осыған орай, Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан бұйырған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық кесімдердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады деп көрсетілген. Адам құқықтарының табиғи-құқықтық доктринасы және қолданыстағы (ұлттық) құқықты қалыптастырудың аталған факторы, әрине, прокуратура органдарында ескеріледі.
Әлемдік қаржы дағдарысының қиын кезінде қоғамда әлеуметтік-саяси тұрақтылықты сақтау міндеттері аса маңызды болып табылатындықтан, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау мәселелері прокуратура органдарының ерекше назарында болды. Бұған дәлел ретінде бір ғана 2009 жылдың ішінде әлеуметтік-экономикалық саладағы прокурорлық қадағалау актілері бойынша 450 мыңнан астам азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалғанын айтсақ та жеткілікті деп ойлаймын.
Дағдарыс салдарын еңсеру жағдайында прокуратура органдарының азаматтардың еңбекақысын алу құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі қызметі аса өзекті болып отыр. Өткен жылы прокуратура органдары 190 мың жұмыскердің пайдасына жалпы сомасы 8 миллиард теңгеден асатын еңбекақы бойынша берешекті өндіріп берді, анықталған заң бұзушылықтардың қорытындылары бойынша бірқатар әкімшілік және қылмыстық іс қозғалды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысында прокуратура елдің ірі және орта кәсіпорындарында азаматтардың еңбек құқықтарына байланысты жағдаяттарға күнделікті қадағалау жүргізіп келеді.
Әлемдік экономикада дағдарыс құбылыстарының сақталуы әлеуметтік үдерістерге мемлекеттік мониторинг жүргізу қажеттілігін ғана емес, сондай-ақ жұмыстан негізсіз және заңсыз шығаруға, жалақыны төлемеуге, еңбек ету үшін тиісті жағдайлардың болмауына және т.с.с. байланысты заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында прокуратура органдарының еңбек қатынастарын ұдайы қадағалап отыруын талап етеді.
Жеке (заңды) тұлғалар мен мемлекеттің мүдделеріне бірдей ықпал ететін әлеуметтік-экономикалық саладағы құқық бұзушылықтардың ерекшелігі істердің белгілі бір санаттары бойынша азаматтық сот ісін жүргізуге прокурордың міндетті түрде қатысуын көздейді. Сонымен бірге құқық қолдану практикасы көрсетіп отырғандай, материалдық жағдайды қоса алғанда, қандай да бір себептерге байланысты, сот қорғауына жүгіну құқығын пайдаланбаған адамдар да пәрменді заң көмегін қажет етеді. Мысалы, жұмыстан заңсыз шығару және жалақыны төлемеу, қаражатын үлестік құрылысқа салған меншік иелерінің құқықтарын бұзу, мемлекет қамқорлығындағы жетім балалардың, қарттардың, мүгедектердің құқықтарын белден басу және сол сияқты заңдылықты жаппай бұзушылықтардың болуына қарамастан, осы мәселелер бойынша сотқа жүгіну фактілері бірлі-жарым ғана болып отыр.
Аталған мән-жайлар прокуратура органдарының заңмен қорғалатын мемлекеттік мүдделерді сотта білдіруге, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға мүмкіндік беретін қызметінің процессуалдық-құқықтық базасын одан әрі дамытудың маңыздылығын дәлелдеп отыр.
Халықтың аз қамтамасыз етілген және әлеуметтік қауқарсыз топтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға прокуратура органдары ерекше назар аударып отыр. Бұл ретте, 2010 жылдың өткен уақыты ішінде мүгедектер мен қарттардың медициналық-әлеуметтік мекемелеріне прокурорлық тексерулер жүргізу нәтижелері бойынша 4 мыңнан астам азаматтың денсаулық сақтауға, әлеуметтік жәрдемақы алуға, меншікке байланысты конституциялық құқықтары қорғалғанын айта кетелік.
Халықтың, сондай-ақ жеке адамның денсаулығы мемлекетіміздің әлеуметтік саясатын қалыптастыруда салмақты фактор болып табылатындықтан, азаматтардың мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек көлемін алуға қатысты конституциялық құқықтарын қорғау мәселелеріне де прокуратура ерекше мән береді.
Прокурорлық қадағалау қорытындылары бойынша бұрын енгізілген ықпал ету актілерінің орындалуын бақылау тәртібінде 2009 жылы азаматтардың тегін емдеу-диагностикалық қызмет алуға құқықтарын бұзудың 239 оқиғасы және жаңа туған нәрестелерді тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етпеудің 1752 фактісі анықталған.
Аталған жағдайлар прокурорлық қадағалаудың осы саласына айрықша назар салу, сондай-ақ осы салада қаржыны теріс пайдалануға жол бермеу мақсатында денсаулық сақтау жүйесі қызметінің ұйымдастырушылық-құқықтық жағдайларын одан әрі оңтайландыру қажеттігін көрсетті.
Прокурорлық қадағалаудың өзекті мәселелерінің бірі кәсіпкерлік қызмет саласында конституциялық құқықты қорғау болып табылады. Жалпы алғанда, 2009 жылғы және үстіміздегі жылдың басынан бергі мерзімдегі прокуратура қызметінің нәтижелері бойынша 4,5 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалып, қалпына келтірілген.
Осы міндетті орындай отырып, прокуратура бақылау органдарының кәсіпкерлік субъектілерін тексерулердің заңдылығы мен негізділігіне қадағалауды жүзеге асырды, бұл іс сонымен қатар, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті бөлімшелерінде оларды тіркеу рәсімі арқылы да қадағаланады. Заң бұзушылықтары анықталған жағдайда аталған органдардың тексеруді тіркеуден бас тартуға өкілеттілігі бар. Осы өкілеттікті пайдалану арқылы олар азаматтардың кәсіпкерлік бостандығы мен жеке меншікке конституциялық құқықтарына нұқсан келтіруге іс жүзінде жол бермейді.
Прокуратура органдарының әлеуметтік маңыздылығы көп жағдайда оның қылмысқа қарсы күрес саласындағы қадағалау өкілеттіктеріне байланысты болады. Прокуратура органдарының адам құқықтарын қорғау саласындағы қызметінің басты бағыттарының бірі тергеу мен анықтау заңдылығын қадағалау болып табылады. Ал бұл қадағалаудың практикалық көріністері әралуан, атап айтқанда, прокуратура келіп түсетін арыздар мен өтініштерге құқық қорғау органдарының уақтылы және лайықты ден қоюын, қылмыстық қудалаудың белгіленген процессуалдық тәртібінің сақталуын қадағалайды. Осы саладағы қадағалау тергеу мен анықтау органдарының әрекеттері мен актілерінің заңдылығы мен негізділігін тексеру, оның ішінде қылмыстық істерді қозғау мен олардың қозғалысының статистикалық есебін және басқа да арнайы есепке алуларды жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
Осы өкілеттіктерді іске асыра отырып, прокуратура, атап айтқанда, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін тіркеуден негізсіз бас тартумен қоса, қудалау органдарының қылмыстарды жасыру фактілерін анықтауда. Мәселен, 2009 жылдың деректері бойынша тексеру нәтижелерінде 4 мыңнан астам жасырылған қылмыстар анықталып, есепке алынды. Сонымен қатар прокуратура негізсіз қозғалған, тоқтатылған және қысқартылған қылмыстық істердің де күшін жойды. Бұл прокуратурада заңдылықты қалпына келтірудің және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзу фактілеріне лайықты ден қою мүмкіндігінің пәрменді тетіктерінің бар екендігін көрсетеді.
Прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен жүргізілетін қылмыстық істерді тергеуді жүзеге асыруға қатысты заңнамалық жаңалықтарға келсек, ол жалпы мемлекеттік және жеке әлеуметтік қажеттіліктерден туындап отыр.
Қазіргі уақытта қылмыстық-іс жүргізу заңнамасы ерекше жағдайларда прокурорға алдын ала тергеу органының өтініші немесе өзінің бастамасы бойынша тергеудің толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында істі алдын ала тергеуді бір органнан басқасына беруге және заңда белгіленген соттылықтан тыс тергеуге мүмкіндік береді.
Қылмыстық істерді тергеуге алу құқығын прокурорлар белсенді іске асыруда. Мәселен, 2009 жылдың қорытындылары бойынша арнайы прокурорлар 164 күрделі қылмыстық істі тергесе, олардың 77-і сыбайлас жемқорлық сипатында болды. Прокуратура органдары тергеген істердің ішінде елдің бірқатар банктерінің басшылары мен қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істер, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында кең қоғамдық пікір тудырған басқа да істер бар.
Енді прокурорлық тергеу институтын дамытудың келешегі туралы айтар болсақ, Қазақстанның 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында сотқа дейінгі іс жүргізуде прокурордың рөлі мен жауапкершілігін одан әрі арттыру атап айтылып, оның ішінде қоғамға елеулі қауіп пен шиеленіс тудыратын қылмыстар бойынша қылмыстық істерді тексеруді прокуратура органдарына жүктеу жайы қарастырылған.
Қылмыстық қудалауды прокуратураның тікелей қамтамасыз етуі жөніндегі осы беталыстар оның практикалық қажеттілігін және прокуратураның конституциялық-құқықтық мәртебесі осы функцияларды бейтарап және қажетті көлемде жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін көрсетеді. Осыған орай, ерекше өкілеттіктер берілген прокуратура Президентке тікелей есеп береді, ал бұл оның тәуелсіз қызметінің сенімді кепілі болып табылады.
Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды прокурор сот процесіне тікелей қатысуы арқылы да қамтамасыз етеді.
Прокурор азаматтық процеске өзінің бастамасы бойынша немесе соттың бастамасы бойынша өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында және азаматтардың, ұйымдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүддесін, қоғамдық немесе мемлекеттік мүддені қорғау үшін іс бойынша қорытынды беру мақсатында қатысады. Қылмыстық істер бойынша мемлекеттік айыптаушы функциясын орындай отырып, прокуратура, сондай-ақ, әлеуметтік мақсаттарды көздей отырып, сот өндірісін шынайы да әділетті жүргізуге жәрдемдеседі.
Прокуратураның құқық қорғау функциялары туралы айтқанда, оны “жазалаушы” мемлекетік орган ретінде біржақты түсіну дұрыс емес. “Прокуратура туралы” Заңның прокуратура органдарының қызметкерлері мемлекеттік билік өкілдері болып табылатындығы туралы нормасында көрсетілгендей, прокуратураның билік құрылымы қатарына кіруіне қарамастан, кез келген құқық қорғау органы сияқты прокуратура органдары қызметінде де құқық бұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау басым бағыт болып табылады.
Прокуратура Қазақстанның құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесінің қызметіне басшылық ету арқылы субъектілердің құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік органдардың күштерін біріктіруші рөл атқарады.
Құқық қорғау органдары қызметінің түпкілікті нәтижелері, яғни қоғамның құқықтық жағынан қорғалуының деңгейі, оның барлық буындары жұмысының үйлесімдігіне байланысты болғандықтан, прокуратураның үйлестіру функциясының тиімділігін арттыру оның қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.
Бұл міндет прокуратура құқық қорғау жүйесінің ұйытқысы ретінде айқындалған Құқықтық саясат тұжырымдамасының қағидаларынан туындап отырғандығын еске ала отырып, Үйлестіру кеңесі қарайтын мәселелердің ауқымы, ең алдымен, практикалық қажеттіліктерге байланысты болатынын айта кеткен жөн. Талқыланған мәселелердің мазмұны жағынан өзекті әрі жан-жақты болып келуі осыны дәлелдейді. Олардың ішінде: сыбайлас жемқорлық қылмыстарын уақтылы анықтауды және сапалы тергеуді қамтамасыз ету, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күреске бағытталған шаралардың тиімділігі, Ұлттық қор қаражатының заңды және тиімді пайдаланылуын бақылау, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу, контрабандаға қарсы күрес бойынша күштерді біріктіру және т.б. бар.
Үйлестіру кеңесі мәселелерді талқылау барысында құқық қорғау органдарының жоспарлы және қарқынды өзара іс-қимылына, қолданыстағы заңнама шеңберінде және құқық қорғау органдарының қызмет етуінің қазіргі заман міндеттеріне сәйкес олардың ынтымақтастығының әдістері мен нысандарын жетілдіруге бағытталған шаралар туындайды. Прокуратураның бұл қызметі Президент жарлықтарын орындау мақсатында және солардың негізінде табысты жүзеге асырылып отырғанын айта келе, қазіргі құқық қорғау тәжірибесі “Прокуратура туралы” Заңдағы прокуратураның үйлестіруші өкілеттіктерінің барлық ауқымын заңнамалық тұрғыдан нығайтудың өзектілігін дәлелдеп отыр деп есептейміз.
“Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында Елбасымыз құқық қорғау жүйесін реформалау болашағын нақтылай келе, әрбір мемлекеттік органның құзыретін нақты белгілеу арқылы құқық қорғау жүйесін оңтайландыру қажеттілігін ғана емес, сонымен қатар ішківедомстволық мүддеден азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің мүддесін қорғауға қарай ойысудың орындылығын қадап айтты.
Конституциямен және басқа да нормативтік құқықтық кесімдермен кепілдендірілген, мемлекет саясатының мазмұны мен нысаналы бағыт-бағдарында айрықша орын алып отырған азаматтар құқығының басымдылығы Қазақстан прокуратурасы органдарының әлеуметтік мәселелерге бағытталған құқық қорғау функцияларында өзінің толық көрінісін тапқаны айқын.
Қайрат МӘМИ, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры.