13 Тамыз, 2010

Бүкіл ел болып қуанып жатырмыз

604 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Еліміздің саяси өміріндегі соң­ғы бір-екі жылдағы оңды өзгеріс­тер­ге әлем жұртшылығы көз тігіп отыр. Міне, жыл басынан Еуропа төріндегі беделді ұйымға төрелік етіп келеміз. Ал қарусыздану жө­нін­дегі игі бастамаларымыз Бірік­кен Ұлттар Ұйымы мен әлемнің алпауыт мемлекеттері тарапынан қызу қолдау табуда. Соның бір айғағындай, биылғы көктемде АҚШ-та өткен алқалы жиында біздің елге, Елбасымызға айрықша құрмет көрсетілгені есімізде. Енді, міне алдағы желтоқсан айы­ның алғашқы күндері Астанада ЕҚЫҰ-ның саммиті өткізілмек. Соған орай Елбасы мәлімдемесінде айтылғандай, Азия және ТМД мем­лекеттері арасында тұңғыш рет бе­дел­ді ұйымның Саммитін өткізу Қа­зақ елінің төрткүл дүниеге төре­лік ете бастағанын айғақтаса керек. Оның үстіне Ұйымның соңғы он­шақты жылдан бері мұндай алқалы жиыны өтпеген екен. Ал мұны қа­лайша Елбасымыздың дүниежүзілік қоғамдастық алдындағы беделінің арқасы демессің. “Көрмес – түйені де көрмес” дейді халқымыз. Қайсыбіреулердің соны да көзге ілмей, осындай жиын­дардың қажеті қанша дейтіні өкінішті-ақ. Осындайда ондай­лар­дың жадының нашарлығына еріксіз күлесің. Болмаса кешегі Кеңес заманында БҰҰ-ның мүшелігіне іліге алмай, Украина, Белоруссия се­кілді одақтас республикаларға қы­зыға да, қызғана да қараға­ны­мыз­ды неге ұмытамыз? Оны айта­сыз, өз алдына тәуелсіз мемлекет болғанға  дейін Семей атом поли­гонының астанасы атанып келген Курчатов қаласының босағасынан аттауға дәрменіміз жетпегені өтірік пе еді? Сондықтан енді келіп басқа қона бастаған бақты кейін теп­пейік, ағайын. Бір сәт ойланып кө­релікші. Бүкіл Азияда, ТМД елдері бойынша соңғы 20 жылға жуық уақыт ішінде осындай беделге ие болып отырған ел бар ма? Егемен еліміздің Тұңғыш Президенті ең алдымен экономикамызды бір жайлы етейік деді. Ал ол шешімнің дұрыстығын уақыт көрсетті. Мұнан кейінгі жерде әлемдік саяси аре­нада да беделіміз күрт жоғарылай бастады емес пе! Ел өміріндегі осындай соны жа­ңалықтарға бүкіл ел болып қуанып жатқанын көзіміз көріп отыр. Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев болып табылатын “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы мүшелерінің қуанышы тіптен де ерекше. Әлгіндей әрбір жаңалықтан соң, партиямыздың беделі одан сайын арта түсіп келеді. Соған орай, партиямыздың қатарына өтуге тілек білдірушілер де көп. Қалалық филиалдың бүгінгі таңдағы басты міндеттерінің бірі – сондай игі шараларды халық ара­сында кеңінен насихаттау болып та­былады. Осы мақсатпен жұмы­сымызды бастап та кеттік. Қазіргі жұмыс түсіндіру, насихаттау тұр­ғы­сында жүріп жатса, ал одан кейінгі жерде жоспарлы түрде жұмыс іс­тей­тін боламыз. Бір сөзбен айтқан­да, партия өміріндегі қызу шара­лар­дан тыс қалуға қақымыз жоқ. Зульфия ЖАМАЛЕТДИНОВА, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы Семей қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары. СЕМЕЙ.