Кеше Статистика агенттігінде аталған агенттік төрағасы Әлихан Смайылов журналистермен баспасөз маслихатын өткізді. Бұл отырыс биылғы жылғы қаңтар-шілде аралығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қысқаша қорытындыларына арналды.
– Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2010 жылғы қаңтар-шілдеде 2009 жылғы қаңтар-шілдеге қарағанда 109,2 пайызды құрады. Қысқа мерзімді экономикалық индикаторды есептеу жеделділікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады және ішкі жалпы өнімнің 67-68 пайызын құрайтын ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс сияқты негізгі салалар бойынша шығарылым индекстерінің өзгеруіне негізделеді.
Үстіміздегі жылғы қаңтар-шілде айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 6474,7 млрд. теңгені құрады. Бұл өткен жылғы осы айларға қарағанда 11 пайызға артық. Кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлік жұмыста – 5,8 пайыз, өңдеу өнеркәсібінде – 19,4 пайыз, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда 8,1 пайыз өсім байқалды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі биылғы жылдың қаңтар-шілдесінде 460,0 млрд. теңгені құраса, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,3 пайызға артып отыр, – деп атап өтті агенттік төрағасы Ә.Смайылов.
Былтырғы жылғы қаңтар-шілдеде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2257,6 млрд. теңгені құраған. Бұл өткен жылғы тиісті кезеңге қарағанда 2,9 пайыз кем. Есепті кезеңде көтерме сауда тауар айналымы 3890727,5 млн. теңгені құрап, 2009 жылғы қаңтар-шілде айларымен салыстырғанда 13,5 пайызға артқан. Ал бөлшек сауда тауар айналымы (қоғамдық тамақтандыру айналымынсыз) 1589968,7 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 13,3 пайызға өскен. Тұтыну бағаларының индексі 2010 жылғы шілдеде 2009 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 104,6 пайызды құраған. Азық-түлік тауарларына бағалар 5,6 пайыз, азық-түлік емес тауарлар – 3 пайыз, ақылы қызметтер көрсетуге 4,8 пайыз артқан. Өнеркәсіп өнімін өндіруші кәсіпорындар бағалары 2010 жылғы шілдеде өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 2,5 пайыз артқан.
2010 жылғы 1 жартыжылдықтағы жедел деректер бойынша, ішкі жалпы өнім көлемі ағымдағы бағаларда 8733,0 млрд. теңге болса, 2009 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда нақты ІЖӨ-нің өсуі 8,0 пайызды құраған.
Биылғы жылғы маусымда халықтың орташа жан басына шаққанда ақшалай табыстар баға бойынша 41 181 теңгені құраса, өсім өткен жылғы маусыммен салыстырғанда атаулы ақшалай табыстар үшін 17,7 пайыз, нақты ақшалай табыстар үшін 10,2 пайызды құраған. Ағымдағы жылғы маусымдағы қызметкерлерге есептелген орташа айлық атаулы жалақы 81266 теңгені мөлшерлесе, 2009 жылғы маусымға қарағанда 17,9 пайыз өскен.
2010 жылғы шілдедегі жұмыссыздар саны бағалау бойынша 498,1 мың адамды құраған. Жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халықтың 5,7 пайызын құрап отыр. Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны былтырғы жылғы шілденің соңында 71,7 мың адам болған. Жасырын жұмыссыздық деңгейі бағалау бойынша экономикалық белсенді халық санының 0,4 пайызын құраған.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.