13 Тамыз, 2010

Жолың болсын, жас журналист!

922 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
15-19 тамыз аралығында Астанада ІІІ республикалық “Қаламгер-Азамат” жас тілшілер форумы өтпекші Аталмыш форумның бас қол­дау­шылары қатарында “Нұр Отан” партиясы “Жас Отан” жастар қа­наты, Байланыс және ақпарат, Мә­дениет министрліктері, Қазақстан Жастар конгресі, Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры және бас­қалар аталуда. Негізгі ұйым­дас­ты­рушылық тізгінді өз қолына ал­ған “Заңғар” шығармашылық бір­лес­тігінің төрағасы Айдар Қырық­байұлы Алматының Оқушылар са­райында берген баспасөз мәс­ли­хатында алқалы жиынның тәуелсіз ұрпақтың 20 жылдығына арналып отырғандығын атап көрсетті. Форумның басты мақсаты – да­рынды жас журналистердің ба­сын қосып, әртүрлі семинар-тре­нинг­тер мен шеберлік сыныптарын өткізу, оларды елжандылық пен отансүйгіштікке шақыру, кәсіби шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік туғызу, заманауи заңдылықтарды меңгеруге талпындыру. Алғаш рет осындай форум Алма­тыда 2008 жылы басталып, одан соң Астананың 10 жылдығына арналып елордада жалғасын тапқан болатын. 2009 жылы форум “Жас патриоттар” атауын еншілесе, би­ыл­ғы форумға 18-23 жас аралы­ғын­дағы журналистер қатыспақшы. Онда талқыға түсетін тақырыптар да өте көкейтесті деп айта аламыз. Шынында да, телебағдарламалар мен жаңалықтар сюжеттерінің бүгінгі сапасы қай деңгейде екен­дігі, қазақ баспасөзінің дамуы, қа­зақ тіліндегі интернет ресурс­тарының дамуы кім-кімді де тол­ғандыратын жайлар. Осы ретте жас журналистердің журналистика саласының майталмандарынан ше­берлік дәрістерін алуы да ой­ластырылыпты. Білім министрі Жансейіт Түймебаев, Парламент депутаты Алдан Смайыл, жазушы Әкім Тарази және басқа форумның құрметті қонақтары болады деп күтілуде. Бәлкім, осы құрметті қонақтардың ішінен әсіресе қазақ журналистикасы факультеттеріне түсуге мемлекеттік гранттардың не­ліктен аз бөлініп жүргеніне нақты жауап берушілер де табылмай қалмас. Форумға қатысушылар Қазақ­стан жастарына үндеу жолдайды деп ұйғарылуда. Сонымен бірге рәмізді сыйкәде түрінде Елбасыға сыйлық әзірленуде. Жиынды ұйымдастыру­шылар 2011 жылдың Жастар жылы болып жариялануы жас журна­лис­тердің де көптеген әлеуметтік мәселелерін шешуіне үлкен көмек болар еді деп үміттенеді. Сондай-ақ алдағы қыркүйекте ел­ордада қазақ басылымдарының құ­рылтайы болатындығы жайында­ғы құлаққағысты да осы баспасөз мәс­лихатында естіп, серпіліп қалдық. Қорғанбек АМАНЖОЛ. ---------------------------------- Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.