13 Тамыз, 2010

Азаматтық авиацияның алар асулары

663 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап, өзінің азамат­тық авиа­ция саласын халықаралық стандарт­тарға сай қайта құру жолында кешенді шараларды жүзеге асыра бастады. Міне, осы бағытта басталған іргелі істердің тиімділігі мен ауқымын кеңейту үшін жақында Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы” жаңа Заңға қол қойды. Бұл жаңа заңның мемлекетіміздің азаматтық авиация саласын дамытуға, еліміздің әуе компанияларының қызметін жандандыруға тигізетін ықпалын және шағын авиация қызметіне қатысты жаңалықтарды білу үшін Көлік және коммуникация вице-министрі Еркін ДҮЙСЕНБАЕВТЫ  әңгімеге тарттық. – Еркін Сейдеғалиұлы, жақында Мемлекет басшысы “Қазақстан Респуб­ликасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы” Заңға қол қой­ды. Бұл жаңа заңның елімізде қолданы­лып келген заңдардан артықшылығы және оны қабылдауға қандай алғышарттар себеп болды? – Халықаралық азаматтық авиация ұйымына ( ИКАО) дүние жүзінің 191 мемлекеті кіреді. Егемендік алып, өзінің әуе қызметін қалыптастыра бастаған Қа­зақстан Респуб­ли­касы да бұл хал­ық­ара­лық беделді ұйымға бірден мү­ше болып қабыл­данды. Міне, осы ИКАО талап­та­рын­да елдің авиа­ция жөніндегі не­гізгі заңнамасы азаматтық авиа­ция қызметі­нің және оны мемлекеттік реттеудің жүйесін қалыптастырудың “мызғымас берік іргетасы” болуға тиіс деп жазылған. Азаматтық авиация мә­селелері, оның ішінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әуе қыз­ме­ті­нің сапасын арт­тыру мәселелері Елбасының тұрақ­ты назарын­да бо­лып, Үкімет тара­пы­нан үнемі ізде­ніс­пен жетіл­ді­ріліп келеді. Қа­зақ­стан Респуб­ли­касы өзінің ИКАО алдындағы міндеттемелерін негізге ала отырып, оның талаптары бойынша 11 мың стан­дартты қабылдауға және оларды ұлттық заңнамаға енгізуге тиіс болды. Бұған дейін Қазақстан екі мыңға жуық стан­дартты енгізген болатын. 1995 жылы қабылданып, осы уақытқа дейін қолданылып келген авиация жө­ніндегі негізгі заңның және азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу туралы 2001 жылы қабылданған заңның негізгі ережелерін төмендегідей басты-басты бірнеше себептер бойынша қайта қарау қажет болды. Біріншіден, бұл заңдардың көпшілік нормалары нарықтық эконо­микаға өту, отандық азаматтық авиация­ны қалыптастыру кезеңінде қабылданды. Екіншіден, заңдардың басым талаптары кеңес дәуіріндегі өндірісте шығарылған әуе кемелерін пайдалануға және оларға қызмет көрсетуге бейімделіп жасалған болатын. Ал бүгінгі таңда еліміздегі әуе тасымалының басым бөлігі батыс елдерінің өндірісінен шыққан шетелдік әуе кемелерімен жүзеге асырылады. Сон­дықтан бұрынғы заңдардың нормалары еліміздің әуе саласының қазіргі даму динамикасына сай келмейді. Үшіншіден, ИКАО-ның азаматтық авиация қызметін реттеу және еуропалық авиация талап­тарына көшу жөніндегі жаңа стандарт­тарының әзірленіп жатқанын ескере келіп, жоғарыда аталған заңдардың 120-бабының 90-нан астам бабына өзгерістер енгізу немесе түбегейлі қайта қарау қажет болды. Сөйтіп, елімізде халықаралық талаптарға негізделген, еуропалық стандарттарға толық жауап беретін жаңа заң қабылданды. Жаңа заңға азаматтық авиация қыз­ме­тін реттеу мәселелері бойынша бір­қатар жаңа номалар енгізілді. Енді Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық азаматтық авиация ұйы­мының еуропалық авиация талаптары сияқты ұшу стандарттары заңнамалық негізде барлық субьектілер үшін міндетті түрде қолданылатын болады. Сонымен бірге әуе кемелерін зиянды әсерден қор­ғау мақсатында ИКАО-ның талаптарына сәйкес әуе кемелерін жергілікті жер­лер­дегі шуылға және авиация қозғалтқыш­тарының эмиссиясына қатысты серти­фикаттау енгізілді. Бұл – Еуропалық одақтың экология бойынша жаңа қатаң талаптар енгізуіне байланысты өзекті сипат алып отырған мәселе. Заңда қабылданған жаңа ережелерге сәйкес енді жолаушыларды, жүктер мен багаждарды коммерциялық жолмен та­сы­малдауды жүзеге асыратын заңды тұл­ғалар ғана әуе компаниялары болып та­былады. Бұл ретте әуе компаниялары­ның ұшақ­тар­ды қауіпсіз пайдалануды және олардың ұшуға жарамдылығын қамтамасыз етіп тұруы үшін қажетті қар­жылық ресурстары, қосалқы бөлшектері мен мүліктері болуға тиіс. Тұрақты ұшу­ды жүзеге асыратын әуе компания­ларында резервтік ұшақтар паркінің және тасымалдаудан түсетін кі­рістерден басқа, ұшу шығындарын кемінде бір ай мерзімге жабуға мүмкіндік беретін қар­жылық қорының болуы міндетті. Қалған басқа әуе кемелерінің иелері “пай­даланушылар – эксплуатанттар” деп ата­лады. Мұндай талап қазір Қазақстанда тіркелген 53 әуе компаниясын біршама қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге ұшақтардың қауіпсіздігіне бақылау жасауды күшейту жөніндегі Қазақстан­ның авиациялық әкімшілігі қызметіне жасалған аудиттің қорытындысы бойын­ша ИКАО тарапынан айтылған сын-ескертпелер де жаңа талаптарда толық ескерілген. Әсіресе, жаңа заң талаптары бойынша әуе кемелерінің қауіпсіздігін барынша арттыруға жағдай жасалып отыр. Әуе кемелерінің техникалық ахуа­лын бақылау арнайы құрылған мемлекеттік өкілетті органға жүктелген. – Еліміздің азаматтық авиация сала­сы­ның қызметі туралы толығырақ мағлұ­мат берсеңіз. Қазақстанда қанша әуе ком­па­ниясы тіркелген, оларға қойылатын талаптар қандай? 2009 жылы Еуропалық комиссия халықаралық талаптарға сай кел­меген бірнеше қазақстандық әуе ком­па­ниясына Еуропа елдерінің әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салғаны есімізде. Осыған орай еліміздің авиапаркін жаңарту мәселесі қалай шешілуде? – Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, қазіргі кезде республикамызда 53 әуе ком­паниясы қызмет көрсетеді. Олардың ішінде 36 компания жолаушылар және жүк тасу қызметіне жұмылдырылған, 5 ком­пания тұрақты түрде әуе тасымалы­мен айналы­сады. Ағымдағы жылдың алғашқы жарты­жылдығында барлық әуе компаниялары бойынша тасымал кө­лемі­нің едәуір артқан­дығы байқалады. Мәселен, биылғы жылдың бірінші жар­ты­жылдығында елі­міздің әуе компа­ния­лары 1,4 миллион жолаушы, 12,4 мың тонна жүк тасымалдаған. Бұл көрсет­кіштер өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда тиісінше 17 және 55 пайызға артқан. Республикамыздың әуе­жайлары осы мерзімде 2,8 миллион, яғни өткен жылдың сәйкес мерзімімен са­лыстырғанда 12 пайызға артық жолау­шыларға қызмет көрсеткен. Отандық әуе компанияларының қыз­метін дамыту біздің мемлекетіміз үшін бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған басым міндеттердің бірі де бірегейі бо­лып та­бы­лады. 2002 жылы елімізде әуе тасымалы­мен айналысатын “Эйр Аста­на” атты ұлттық әуе компаниясы құрыл­ған бола­тын. Бүгінде ол әуе қызметі рыногында серпінді даму үлгісін көрсетіп келеді. “Эйр Астана” АҚ 2002 және 2010 жылдар арасында лизинг операциясы тәртібімен 22 жаңа әуе кемесін сатып алды. Әуе кемелерінің паркін бүгінгі заманның озық техникаларымен одан әрі жаңарту мақсатымен “Эйр Астана” АҚ 2012-2013 жылдар аралығында тағы 6 “Эйр­бас-320” әуе кемесін сатып алуды жоспарлап отыр. Еліміздегі әуе тасымалының көлемі бойынша екінші орынды иеленетін ірі компаниялардың қатарында “Scat” авиакомпаниясын атауға болады. Бұл отандық компания да әуе кемелері пар­кін жаңалауды жүйелі жүргізіп келеді. Мәселен, компания 2010 жылдың қазан айы мен 2011 жылдың сәуір айы аралы­ғындағы уақытта операциялық лизинг тәртібімен 2 “Боинг 757-200” әуе кемесін сатып алуға шарт жасасып қойды. Қазіргі таңда Қазақстанда батыс елдерінде шығарылған 31 жаңа әуе кеме­лері қызмет көрсетеді. Олар еліміздегі барлық жолаушылар тасымалының 85 пайызын атқарады. Сонымен бірге тік­ұшақтар паркін батыс елдерінде шы­ға­рылған жаңа техникалармен жаңарту мақ­сатында да қыруар жұмыстар жаса­лып жатыр. Тек соңғы екі жылдың кө­лемінде ғана қазақстандық әуе компа­ния­лары өздерінің тікұшақ паркін ба­тыс­тың “ Eurocopter”, “Agusta Westland”, “Bell” сияқты озық үлгідегі 15 тік­ұшағымен толықтырды. – Ұшу қауіпсіздігін арттыру, әуежай­лар­дағы қызмет көрсету сапасын жетілдіру шеңберінде атқарылып жатқан шаралар хақында не айтар едіңіз? – Ұшу қауіпсіздігін арттыру үшін әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсе­те­тін және оларды жөндейтін орталық­тарды сертификаттау тәжірибесі енгізілді. Бұл орайда әуе қызметі саласының жердегі инфрақұрылымын дамыту және модернизациялау бағдарламасы белгі­леніп, жүзеге асырылуда. Қызылорда және Ақтау қалала­рын­­дағы әуежайлардың ұшу-қону алаңдарын қайта құру, әуежай­ларды жарақтандыру жөніндегі кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін бұл екі әуежайға да ИКАО-ның тиісті дәрежесі берілетін болады. Қазіргі таңда республикамыздағы 20 әуежайдың ішіндегі 9 әуе жайға ИКАО стандарттары бойынша тиісті дәрежелер берілген. Ал Астана және Алматы қалаларының әуе­жайлары ИКАО стандарты бойынша үшінші дәрежелі әуежайлар болып та­ныл­ған. Ұшу қауіпсіздігін арттыру, әуе­жайлардағы және әуе кемелерінің борт­тарындағы жолаушыларға жоғары сапалы қызмет көрсету мақсатында белгіленген ша­ралар қазақстандық әуе тасымал­дау­шы­­лары­ның әлемдік авиарыноктағы бә­секеге қабілеттігін арттырып, жолаушы­лар­дың жоғары сұранысына сай сапалы қызмет көрсетуге толық мүмкіндік береді. Отандық әуе компанияларының алдында тұрған тағы бір үлкен міндет – еліміздің ішкі аумағында және жаңа ха­лықаралық әуе бағыттарын ашып, рес­публика тұрғындарының өскелең сұра­нысын барынша қанағаттандыру болып табылады. 2002 жылдан бері Қазақ­станның облыс орталықтарына Астана­дан ұшатын әлеуметтік маңызы бар әуе бағыттарын, сол сияқты кейбір облыс орталықтарын өзара байланыстыратын әуе бағыттарын субсидиялау бағдарлама­сы жұмыс істеп келеді. Үстіміздегі жылы ор­таша алғанда 11 мың теңге тариф бойынша 8 әуе бағытына 881 миллион теңге субсидия бөлінді. Жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын одан әрі жақсарту үшін отандық әуе компаниялары электронды авиаби­лет­тер тәртібін енгізді. Сонымен бірге авиабилеттерді Интернет арқылы сатып алу, тұрақты жолаушыларға бонус арқы­лы жеңілдіктер жасау жүйелерін өнді­ріске енгізе бастады. Бұған қоса әуе ба­ғыт­тары уақытынан кідірген кезде әуе тасы­малдаушыларының жолаушыларға тегін ұсынатын қызметтер тізбесі Қазақ­стан Республикасы Парламенті депу­таттарының өтініші бойынша жолау­шылар құқын қорғаудың еуропалық тәжірибелеріне сәйкестендірілді. – Жаңа заң аясында республикамызда шағын авиация қызметі тарихта тұңғыш рет заң­дастырылып, Қазақстан Республи­ка­сында 2015 жылға дейін осы саланы дамыту бағ­дар­ламасы белгіленді. Жалпы, біздің еліміз үшін шағын авиация саласы қаншалықты қажет? – Ұшқан құстың қанаты талар Қа­зақ­станның ұлан-байтақ аумағы бүгінгі жылдамдығы жоғары заман талабына сай жедел қатынасты, ұшқыр байланысты қажет етеді. Осыған байланысты қазір іскер азаматтардың жеке байланыстағы жеңіл және аса жеңіл ұшақтарға деген сұранысы күннен-күнге артып келеді. Жеңіл ұшақтар ауыл шаруашылығы са­ла­сында да барған сайын үлкен сұра­нысқа ие болып отыр. Қабылданған жаңа заң шағын авиацияның қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге жағдай жасайды. Шағын авиацияны дамыту мақса­тын­да әлемдік тәжірибеге сәйкес төмен ұшу биіктігінде бақыланбайтын әуе кеңістігі ен­гізілді. Жеңіл және аса жеңіл ұшақ­тарды пайдаланушылар тиісті органдарды хабардар етіп, осы әуе кеңістігін қажетін­ше пайдаланып, ұша береді. Сонымен бірге, олар аэронавигация алым-салығын төлеуден де босатылады. Жалпы, мақсат­тағы авиацияға жататын жеке меншіктегі жеңіл және аса жеңіл ұшақ иелерінің сертификаттаудан өтуі және арнайы пайдаланушы сертификатын алуы талап етілмейді. Шағын ұшақ иелерінің тіркеу куәлігі, жеңіл ұшақтың ұшуға жарамдылығы туралы сертификаты және ұшқыш куәлігі болса жетіп жатыр. – Талап тым қарапайым әрі жеңілдеу екен. Қалтасы қалыңдар ертең бір-бір ұшақ мініп алып, әуе кемелерінің қозға­лысына қауіп төндірмей ме? Шағын ұшақ­тардың ұшу бағыттары қалай бақыланады, бұл үшін арнайы диспетчерлік қызмет құрыла ма? – Бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшу-ақпараттық қызмет түрі енгізіледі. Бұл қызметтің мақсаты, жалпы қолда­ныс­тағы шағын ұшақтарды пайдалану­шыларға ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кеңес және ақпарат беріп оты­ру, сонымен бірге шағын ұшақ иелеріне әуе кеңістігін басқару органдарынан рұқсат қағаздарын алып беру болып табылады. Бұл дүние жүзінің барлық мемлекеттерінде қолданылатын жалпы халықаралық тәжірибе болып табылады. Шағын авиацияның қауіпсіз ұшуын қамтамасыз ету үшін өңірлік аэроклубтар құру және дамыту шаралары қолға алын­ғалы отыр. Аэроклубтар жеке меншіктегі шағын ұшақтар бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшқан кезде іздестіру-құт­қа­ру жұмысына, апатты жағдай туындаған кезде жедел хабарлау қызметтеріне жауап береді. Сонымен бірге, экипаж мүшелері мен жолаушыларды құтқару үшін жедел шаралар ұйымдастырылуын қамтамасыз етеді. Аэроклубтар шағын ұшақтарды пайдаланушыларға ауа райының жағдайы туралы және аэронавигациялық ақпарат береді. Ұшақтардың ұшуға жарамды­лы­ғын қадағалап, ұшақтарға қажетті техникалық қызмет көрсетеді. Осы орайда жергілікті жерлердегі шағын әуежайларды қалпына келтіру шараларының да маңызы зор. Шағын ұшақ­тар паркін жаңалау және батыс ел­де­рінде шығарылған тікұшақтарға тех­никалық қызмет көрсету орталықтарын ашу мақсатында кешенді шаралар қолға алынды. Қазіргі кезде Алматы облысында жеке меншік инвестициялар тарту негізінде Як-58 шағын ұшағын құрастыру орталығын құру жобасы жүзеге асырылуда. – Қазақстанның әуе транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында қандай шаралар атқарылуда? – Қазақстан әуе кеңістігі арқылы өтетін әуе кемелерінің транзиттік қоз­ғалысы жылына орта есеппен 10 пайызға артып келеді. Еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру, ұшу бағыттарының жоғары қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әуе кеңістігінің өткізу мүмкіндігінің сенім­ділігін күшейту үшін отандық аэронави­гация кешенін дамытып, әуе қозғалысын басқару жүйесінің озық үлгілерін құру қажет. Қазақстанның аэронавигациялық қызметін одан әрі дамыту мақсатында байланыс және әуе кеңістігін бақылау жүйелерін модернизациялау, әуе қозға­лысын басқарудың автоматтандырылған орталығын құру, диспетчерлік құрамның және ұшуға радиотехникалық қызмет көрсететін мамандардың жоғары сапалы дайындығын қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Қазіргі кезде елімізде жер және спут­никтік байланыс сегменттеріне негіз­делген сандық технология базасында авиа­циялық электронды байланыс жүйесі құрылды. Мемлекеттің транзиттік әлеуетінің дамуын айқындайтын тағы бір маңызды фак­тор халықаралық стандарттарға сай келетін әуежайлардың қатарының артуы­мен ерекшеленеді. Елімізде қолға алын­ған әуежай кешендерін модернизациялау бағ­дар­ламасы ұшу бағыттарының қауіп­сіз­дігінің сапасын жақсартумен қатар, ха­лықаралық сұранысы жоғары әуе тасымалы бағыттарының көбеюіне де игі ықпал етеді. Елімізде отандық мұнай өңдеу зауыт­тарын 2014 жылға дейін қайта құру және толық қайта жарақтандыру бағдарламасы іс жүзіне асы­ры­лып жатқаны бел­гілі. Бұл өз кезегінде ішкі рыногы­мыздағы авиа­керосинге деген сұранысты толығымен өзіміздің зауыттардың өнімімен жабуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге отан­дық авиакеросиннің мол қоры Қазақ­станның әуежайларына қонатын тран­зиттік әуе кемелерінің артуына ықпал етеді. Сонымен бірге Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы туралы конвенция аясында Қазақ­стан Транзит туралы келісімге қосылған. Бұл келісім сол елдің әуе компания­ларының әуежайларына транзиттік ұшақ­тардың техникалық қызмет үшін әуе бай­ланыстары жөнінде қосымша мемлекет­аралық келісімдер жасамай-ақ қона беруіне мүмкіндік береді. – Еліміз­дің елордасы бүгінде халық­ара­лық жоғары дәрежедегі маңызды басқосулар өткізетін бірегей орталықтардың біріне айналған­дығы белгілі. Осыған байланысты Астана әуежайының алдағы уақытта өтетін ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшыларының Саммитіне және Қысқы Азия ойындарына дайындығы қандай дәрежеде? – Бүгінгі таңда “Астана халықаралық әуежайы” АҚ елімізде өткізілетін аса маңызды халықаралық шараларға бай­ла­нысты жан-жақты дайындыққа кіріскен. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшыларының Саммиті жиі өткізілетін қатардағы басқосулардың бірі емес. Әлемдегі ірі 56 мемлекеттің басшылары осыған дейін, соңғы рет, бұдан 10 жыл бұрын Ыстам­бұлда ғана кездескенін еске салсақ та жет­кілікті. Қазір Астана әуежайында ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшыларының және Қысқы Азия ойындары қонақ­та­рының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олар­ға халықаралық жоғары стандарт­тарға сай жан-жақты сервистік қызмет көрсету мақсатындағы кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте, бі­рінші кезекте әуежай кешенінің инфра­құрылымын жақсарту мақсатындағы ауқымды жұмыстар қолға алынған. Қазірге дейін 286 автокөлікке арнал­ған жабық паркинг құрылысы аяқталды. Жолаушыларды қабылдайтын VІP-залға күрделі жөндеу жұмыстары жасала­ды. Ресми делегацияларды қабылдайтын арнайы залдар толық қайта құрылады. Сол сияқты жедел де сапалы кедендік және құжаттық бақылау жасау орындары жабдықталады. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жылдар ішінде тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың баламасыз бастамаларымен біздің елі­мізде талай-талай ірі халықаралық фо­румдар өткізіліп, мол тәжірибе жинақ­та­лып келеді. Алдағы жаһандық маңызы бар бұл ірі халықаралық шараларды да абыроймен өткіземіз деп сенемін. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.