Өмірде білім мен тәжірибенің маңызы үлкен. Тіпті, бүгінгі күні халықтар мен өңірлердің дамуы нақ осы мәселеге тіреліп тұр деп айтуға болады. Бұған мысалды дамыған, өркениетті батыс елдерінен молынан келтіре аламыз. Жер бетінде капиталистік қатынастар орнағаннан бері олар өздерінің білім мен ғылым, техникалық даму саласындағы жинаған білім мен тәжірибесінің негізінде адамзат дамуының алдыңғы легін бермей келеді.
Батыста жинақталған еңбекті ұйымдастыру мен жаңа технологиялар шығарып, пайдаланудың осы озық тәжірибесі қазіргі күні жер бетіне кеңінен таралып отыр. Соның нәтижесінде және халықаралық капиталдың белгілі бір елдер аумағынан шығып, табиғи ресурстарды іздестіру мен өндіру бағытындағы белсенді қызметінің нәтижесінде адамзат қауымында пайда болған жақсы тәжірибелер мен ғылыми-техникалық жетістіктер енді бүкіл адамзаттың ортақ игілігіне айнала бастады. Осы игілікке ұмтылған Азияның бірқатар елдері даму жағынан Батыс елдерімен теңесіп, ал кейбір жағдайда одан да асып түсуге айналды.
Адамзат қауымында жинақталған осы білім мен тәжірибе жетістіктері біздің Қазақстанның жедел дамуына да айтарлықтай ықпал ететіндігі ақиқат. Тек оны жергілікті халықтың игілігіне айналдыра білу керек. Міне, осы бағыттағы жұмыстарды Елбасының арнайы тапсырмасы бойынша Қазақстан Үкіметі белсенді түрде қолға алуда. Біз соның бірін отандық және шетелдік компаниялар тапсырысындағы жұмыстар, тауарлар, қызметтер бойынша қазақстандық үлесті арттыру бағдарламасының жүзеге асу барысынан байқаймыз.
Бұл бағдарлама әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың шарықтау сәтінде бастау алған болатын. Сол кезде отандық шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдар атқаратын жұмыстардың көлемі азайып кетті де, олардың белсенді әрекеттерін ширата түсу қажет болды. Оларға жаңа тапсырыс көздері қарастырыла бастады. Міне, осы тұста Қазақстанның табиғат байлықтарын өндіріп отырған шетелдік және отандық ірі компаниялардың өздеріне қажетті құрал-жабдықтар мен қызмет түрлерін сатып алуға қайда тапсырыс жасайтындықтары кеңінен зерттелді. Олардың көптеген тауарлар мен қызметтерді шетел компанияларынан сатып алатындығы белгілі болды. Ендеше, мұндай тауарлар мен қызметтер, жұмыстар түрлерін өзімізде неге өндіріп көрмеске? Осылайша жаңа бір бағдарлама өмірге келді. Оны алға жылжыту үшін Қазконтракт ұйымы құрылды. Тауарлар мен қызметтерде қазақстандық үлесті арттырудың құқықтық базасы жасалынды.
Аталған іс отандық шағын және орта бизнесті дамыту үшін барынша пайдалы болып шықты. Миллиардтаған теңгенің заттары енді өз елімізде шығарыла бастады. Бұрын шетелдік компаниялар көрсетіп келген қызметтердегі отандық компаниялардың үлесі анағұрлым артты. Сондықтан бұл істі одан әрі дамыту үшін бұрынғы Қазконтракт мекемесі енді Қазақстандық келісім-шарт агенттігі болып қайта құрылды. Оның өкілеттілігі едәуір дәрежеде арттырылды. Жуықта Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Берік Камалиев, “Жергілікті қамтуды дамытудың ұлттық агенттігі” АҚ басқарма төрағасы Жандарбек Кәкішев, осы агенттік директорлар кеңесінің мүшелері, тәуелсіз директорлар Даниэл Михалик, Оңалбек Сәпиев және басқалар журналистермен баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, атқарылып жатқан жұмыстың барысымен таныстырды.
Олардың айтуынша, бұрынғы Қазконтракт негізінен статистикалық деректер жинастырумен шұғылданып келсе, ендігі құрылып отырған агенттік осы деректердің астарында не бар, қазақстандық үлесті қалайша алға жылжытуға болады деген мәселелермен шұғылданады. Осы ретте әлемдік озық тәжірибелер жинастырылып, зерттеліп, Қазақстанның өзіне лайықты тәжірибесі қорытылып, жасалынады. Агенттік осыған орай өз ұсыныстарын Үкіметке жолдап отыратын болады. Сонымен қатар тапсырыстарды орындау ісіне қатысуға отандық өндірушілерді тарта отырып, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде олардың мүдделерін қорғайды. Қазақстандық кәсіпорындар мен ұйымдарға озық технологиялардың келуіне қолайлы ықпал етіп, жаңа өндірістерді құруға көмек көрсетеді. Аталған істегі мониторингті жүргізеді және осы іске қатысы бар мемлекеттік ұйымдарға консультациялық қызмет ұсынады.
Агенттік өзінің ақпараттық қызметін жетілдіру бағытында “Қазақстандық қамту” интернет-порталының қызметін ұсынып отыр. Бұл портал қазақстандық өндірушілер шығаратын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің, олар шығаратын өнімдердің каталогтарының, рыноктағы сұранысты білдіретін сатып алу жоспарларының бірегей тізімін құруға арналған. Бұл портал қазақстандық өндірушілердің тіркелуіне, шығаратын өнімдері мен олардың көлемі туралы ақпараттарды орналастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі күні онда 17 мың тұтынушы компания мен қазақстандық 600 өндіруші туралы ақпараттар орналастырылған. Мұндағы ақпараттарды өңдеу толығымен автоматтандырылады. Яғни, аталған іске адамның қатысуын азайта отырып, бүкіл үдерістің ашық және бейтарап жүргізілуіне ықпал етеді.
Агенттік сонымен қатар аталған істе қазақстандық компаниялардың білімдарлығын жетілдіру мақсатында семинарлар ұйымдастырып отыратын болады. Мәселен, соңғы 6 айдың ішінде “ҚазМұнайГаз” БӨ”, “Қазатомпром”, “Қазтрансойл”, “Локомотив”, “Қазцинк” акционерлік қоғамдары, “Нурикон” ЖШС және басқа да компаниялардың қызметкерлері үшін 9 оқу семинары мен тренинг өткізген екен. Оған жер қойнауын пайдаланушылармен қатар оларға қызмет істейтін компаниялар өкілдер де қатысқан.
Әрине, осы айтылғандардың барлығы тапсырыстардағы қазақстандық үлесті арттыру, агенттік қызметін ұйымдастыру мен тиімді ету бағытында атқарылып жатқан жалпы жұмыстар. Ал енді атқарылған істің нәтижесі қандай деген мәселеге келетін болсақ, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша тек мемлекет беретін тапсырыстарды орындау бойынша 59 милиард 392,6 миллион теңгенің 297 520 келісім-шарттары жасалынып орындалса, соның 44 миллиард 266,3 миллион теңгесі қазақстандық үлестің еншісінде. Яғни, мемлекет беретін тапсырыстың 74,5 пайызын отандық компаниялар мен өндірушілер, қызмет көрсетушілер орындаған.
Соның ішінде 29 миллиард 447,7 миллион теңгенің жалпы тауарлары сатып алынса, мұның 16 миллиард 225,3 миллион теңгесі немесе 55,1 пайызы қазақстандық тауар өндірушілердің үлесінде. Әрине, сапалы, заманға сай тауар шығару дегеніміз өте қиын дүние. Ал қазақстандық тауар өндірушілер болса, өз қызметтерін енді-енді жолға қойып келеді. Сондықтан сатып алынған тауарлардың арасында шетелдік өнімдердің көп болуына түсіністікпен қарауға болады.
Есесіне мемлекет тапсыратын жұмыстарды орындау ісіндегі отандық компаниялардың үлесі әлдеқайда басым тұр. Мәселен, бірінші жартыжылдықта жалпы жиыны 6 миллиард 667,1 миллион теңгенің жұмыстарына тапсырыстар жасалса, соның 6 миллиард 051,1 миллион теңгесін немесе 90,8 пайызын отандық компаниялар мен кәсіпкерлік құрылымдар орындаған болып шықты.
Сондай-ақ, қызмет көрсету ісіне мемлекет тарапынан болған 23 миллиард 277,8 миллион теңгенің тапсырысының 21 миллиард 989,9 миллион теңгесін немесе 94,5 пайызын отандық қызмет көрсетушілер орындаған екен.
Мұның сыртында бірінші жартыжылдықта “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры жалпы жиыны 1 триллион 727,1 миллиард теңгенің тапсырыстарын ұсынған. Оның 1 триллион 084 миллиард теңгесін отандық компаниялар орындаған. Яғни, аталған қор бойынша қазақстандық үлестің жалпы деңгейі 63 пайызға жеткен.
Әдетте мемлекеттік органдар мен “Самұрық-Қазына” қоры отандық компаниялардың, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің мүддесін көздейтіндігі белгілі. Сондықтан олардың тапсырыстарындағы қазақстандық үлестің жоғары болуы бір есептен алғанда түсінікті жәйт. Ал көптеген шетелдік компаниялардың қызметі еліміздегі жер қойнаулары мен табиғат байлықтарын игеруге бағытталып отырғандығы белгілі. Осындай жер қойнауларын пайдаланушылар берген тапсырыстардағы қазақстандық үлестің деңгейі, әсіресе, тауарлар сатып алу ісінде әлі де көп төмен болып отыр. Мәселен, осы жер қойнауын пайдаланушылар үстіміздегі жылдың бірінші жартысында жалпы жиыны 1 триллион 718,7 миллиард теңгенің тауарларын сатып алуға тапсырыстар берсе, соның 2,1 пайызы ғана қазақстандық компаниялардан сатып алынған. Есесіне жұмыстарды орындауда және қызмет көрсетуде қазақстандықтардың үлесі жоғары екен. Олар мөлшерлей алғанда 76,1 пайыздың жұмысын атқарып, 77,2 пайыздың қызметін көрсеткен.
Міне, осы пайыздардың астарында миллиардтаған теңгенің пайдасы тұрғандығы белгілі. Аталған істе қазақстандық үлестің деңгейі артқан сайын осыншама қаржы еліміздің ішінде қалатын болады. Бұл қаржылар Қазақстан экономикасының нығаюына, осы арқылы әрбір қазақстандықтың тұрмыс жағдайының жақсаруына ықпал етеді. Демек, тапсырыстардағы қазақстандық үлесті арттыру саясаты еліміз үшін өте қолайлы саясат деп түсінуіміз керек. Дегенмен, қай мәселеде болсын таяқтың екі ұшы болатындығын ескерген де абзал. Яғни, қазақстандық үлесті арттыру ісіне мемлекеттің мән беріп, осыған қажетті қолайлы ахуалды тудыруы бір мәселе болса, қазақстандық компаниялардың сол талаптарға сай болып, сапалы тауарлар шығара алуы, сапалы да жан-жақты қызмет көрсетуі екінші мәселе. Алдағы уақытта қазақстандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілер міне, осы үдеден көрінуге ұмтылыс танытулары қажет. Сонда ғана аталған саясат еліміз үшін барынша пайдалы да тиімді болып шықпақ.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.
* * *
Оралдағы оңды істер
Орал қаласында тұрғын үй салу жұмыстары жалғасуда. Қалалық құрылыс бөлімінің бастығы Қуаныш Мұхаметқалиұлының айтуынша, соңғы үш жылда қалада мемлекеттік қаржы есебінен жалпы алаңы 222,9 мың шаршы метр 35 көп пәтерлі үй бой көтерсе, 2008-2009 жылдары 74,5 мың шаршы метр 10 көп пәтерлі үй пайдалануға берілген болатын. Биылғы алты айда қаланың “Солтүстік-шығыс” шағын ауданында жалпы аумағы 15,1 мың шаршы метр тоғыз қабатты 240 пәтерлі үй іске қосылса, республикалық бюджет есебінен жыл аяғына дейін тағы 12,6 мың шаршы метр тұрғын үйді салып бітіру көзделіп отыр. Соның ішінде 4,4 мың шаршы метр жалгерлік, “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша 8,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Құрылыспен қатар абаттандыру жұмыстары да қолға алынуда. Мәселен, “Жаңа орда” шағын ауданында 90 пәтерлі (мердігері “Тоби” ЖШС) және 72 пәтерлі (“БатысЖолҚұрылыс” ЖШС) үй аумағы абаттандырылса, Круглоозерный кентіндегі жаңа үйлерге электр жарығы тартылды. Сондай-ақ, “Жол картасына” сәйкес қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде Самал көшесі бойындағы көп қабатты үйлерді сумен қамту жұмыстары жүргізілді (мердігері “МАЕРГ Строймонтаж” ЖШС). “ПМК-117” ЖШС атқарып жатқан Деркөл ауылындағы кәріз құрылысының бірінші кезеңі де біту қарсаңында.
“Егемен-ақпарат”.