14 Тамыз, 2010

Орақ – 2010

465 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Күрделі жағдайдың да өз күрмеуі бар Қызылжар өңірінің диқандары маңдай термен өсірілген астықты шашпай-төкпей жинап алуға ұйымшылдықпен жұмылған Қызылжар ауданына қарасты “Вагулинское” ЖШС-нің егістік алқабына келгенімізде қаз-қатар ті­зілген “қыр кемелері” сегіз жүз гек­тар алқаптың астығын бастырып үл­гіріпті. Шаруашылықтың егін орағына тас-түйін дайындықпен кел­генін бас агроном Надежда Ка­рандейкинадан білдік. Серіктестік­ке және оған қарасты “Редин” ша­руа қожалығына тиесілі 6 мың гек­тарға жуық алқаптың ризығын жи­науға 1 “Джон Дир”, 4 “Вектор”, осынша “Енисей” комбайндары жұмылдырылған. – Орақ күрделі жағдайда өтіп жа­тыр. Былтыр осы танаптардың түсімділігі 20 центнерден айналған еді. Биыл 10 центнерден аспайтын түрі бар. Оған қуаңшылық қатты әсер етті. Соған қарамастан орташа көр­сеткіш 15 центнерден кем болмайды. Берекелі гектарлар әлі алда, – деді бас агроном Надежда Ильинична сенімді үнмен. Қызу қарқын барған сайын үдеп бара жатқанын байқап тұр­мыз. Міне, Александр Четвериков комбайннан секіріп түсіп, белгі беруі мұң екен, Михаил Евсеев “КамАЗ” көлігімен құйғытып келді. Қорап қызыл дәнге әп-сәтте то­лып, орнынан ыңырана қозғалған мәшине қырманға қарай бет алды. Игорь Копелюк, Александр Белов секілді комбайншылар өздеріне жүктелген міндеттемелерді еңсеріп тастапты. Шаруашылықта науқан­дық жұмыстардың ұштастырыла атқарылып жатқанына көз жет­кіз­дік. Екі техника әрқайсысы 2-3 центнерлік орама сабандарды шөмелелеумен айналысса, шетелдік “Джон-Дир” комбайнының үккіш тетіктері ажыратылып, сабанды мая­лап тастауға келтірілген. Төрт түлік өсірумен айналысатын агро­құрылым бір мың тонна жем-шөпті қыстақтарға жеткізіп алған. Шөпті жұмысшы-қызметкерлерге қолжетімді бағаға ұсынған. Сүдігер жырту да басталып кеткен. Қызылжар – облыстағы алдың­ғы қатарлы аудандардың бірі. Өт­кен жылы орташа түсімділікті 21 центнерден асырып, жарыс көшін бастаған. Биыл да елімізді мол ас­тықпен қуантуға бейіл. Аудан әкімі Қайрат Пішенбаев 168,2 мың гек­тар алқаптың астығын оруға 600-дей комбайнның, 384 шалғының, 480 жүк мәшинесінің, 1275 трак­тор­дың қатысатынын, негізгі жұ­мыстың қырмандарға да ауыс­қа­нын тілге тиек етті. Диқандар Үкіметтің қамқорлығын өте-мөте сезініп отыр. Егіншілік үшін 147,3 миллион теңге демеуқаржы боса­тыл­ған. Барлық алқаптың 98 пайызына аудандасты­рыл­ған сорт­тар мен 1, 2 сұрыпты тұқымдар ор­на­ластырылған. Қажетті 3450 тонна дизель отынының жартысына жуы­ғы жеткізілген. Осы кезде танап басына серік­тестіктің директоры Виктор Редин ке­ліп жетті. Облыс бойынша егінге бі­рінші болып шалғы түсірген оған БАҚ өкілдері сауалдарын қоя бастады. – Шынын айтсам, мемлекет тарапынан субсидия берілмегенде дәл мол астыққа кенелмес едік. Виктор Георгиевич осылай ағынан жарылады. Журналистердің қаумалағанына ыңғайсызданып, басын шайқап қояды. – Көрдіңіздер ме, егін шығымы әрқилы, ала-құла. Жазық далаға қарағанда, орман-тоғай маңдарында бидай жайқала өсіп, белуардан ке­ле­ді. Неге? Өйткені, бұл жерге пар­лы алқаптар орналастырылды. Ыл­ғал сақтайтын технология қолда­ныл­ды. Кемі 25-30 центнерден айналарына бәс тіге аламын, – деді ол сөзінің аяғын әзілге бұрып. Ауданның егіс алқаптарын ара­лап, орақ науқанымен жан-жақты танысқан облыс әкімі Серік Бі­лә­лов журналистерге сұхбат берді. Құрғақшылыққа қарамастан, сол­түс­тікқазақстандық диқандар гектар басы 10 центнер өнім алуға бел буып отырғандарын жеткізді. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығының көкейкесті мәселелеріне арналған жуырдағы кеңесте егін орағын ұтымды ат­қарудың жолдарын атап көрсетті. Облыстың ауылшаруашылық тауар­ларын өндірушілеріне қажет 72 мың тонна жанар-жағармайдың әр литрін 62 теңгеден босату қарас­тырылған. Егін ору науқанына 10 мыңға жуық комбайн қатысатын болады. Олардың жартысына жуы­ғы кең алымды жаткалар, 2 мың­дайы жаңа техникалар. Ауа райы­ның күрделілігі ескеріліп 3,9 мил­лион гектар дәнді алқаптардың 30-40 пайызы дестеленеді де қалғаны тікелей жиналады. Өйткені, егін жедел піскендіктен, жауапты науқан ерте басталды. Және де күздің жау­ын-шашынына ұрындырып ал­мауы­мыз керек. Президенттің нан мен ұнның ішкі бағаларының тұрақтылығын сақтау, жем-шөп дайындауды тыңғылықты өткізу жөніндегі тапсырмалары ерекше жауапкершілікке міндеттейді, – дей келіп Серік Сұлтанғазыұлы ас­тық тасу, сақтау мәселелерінің де ыж­дағатты ұйымдастырылғанын атап өтті. Жаңа элеваторлар салыну есебінен астық сыйымдылығы 320 мың тоннаға ұлғайтылды. Еліміздің батыс өңірлеріне 250 мың тонна астық жеткізу мәселесі шешілуде. Біз жолай Михаил Христевич жетекшілік ететін “Лесной” серік­тестігінің танаптарына соғып, дәнді дестелеу, бастыру жұмыстарының қызу қарқын алғанын көрдік. “Зен­ченко және К”, “Аби-Жер” агроқұрылымдары да еңбек қарқынын еселей түскен. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы.