Күрделі жағдайдың да өз күрмеуі бар
Қызылжар өңірінің диқандары маңдай термен өсірілген астықты шашпай-төкпей жинап алуға ұйымшылдықпен жұмылған
Қызылжар ауданына қарасты “Вагулинское” ЖШС-нің егістік алқабына келгенімізде қаз-қатар тізілген “қыр кемелері” сегіз жүз гектар алқаптың астығын бастырып үлгіріпті. Шаруашылықтың егін орағына тас-түйін дайындықпен келгенін бас агроном Надежда Карандейкинадан білдік. Серіктестікке және оған қарасты “Редин” шаруа қожалығына тиесілі 6 мың гектарға жуық алқаптың ризығын жинауға 1 “Джон Дир”, 4 “Вектор”, осынша “Енисей” комбайндары жұмылдырылған.
– Орақ күрделі жағдайда өтіп жатыр. Былтыр осы танаптардың түсімділігі 20 центнерден айналған еді. Биыл 10 центнерден аспайтын түрі бар. Оған қуаңшылық қатты әсер етті. Соған қарамастан орташа көрсеткіш 15 центнерден кем болмайды. Берекелі гектарлар әлі алда, – деді бас агроном Надежда Ильинична сенімді үнмен.
Қызу қарқын барған сайын үдеп бара жатқанын байқап тұрмыз. Міне, Александр Четвериков комбайннан секіріп түсіп, белгі беруі мұң екен, Михаил Евсеев “КамАЗ” көлігімен құйғытып келді. Қорап қызыл дәнге әп-сәтте толып, орнынан ыңырана қозғалған мәшине қырманға қарай бет алды. Игорь Копелюк, Александр Белов секілді комбайншылар өздеріне жүктелген міндеттемелерді еңсеріп тастапты. Шаруашылықта науқандық жұмыстардың ұштастырыла атқарылып жатқанына көз жеткіздік. Екі техника әрқайсысы 2-3 центнерлік орама сабандарды шөмелелеумен айналысса, шетелдік “Джон-Дир” комбайнының үккіш тетіктері ажыратылып, сабанды маялап тастауға келтірілген. Төрт түлік өсірумен айналысатын агроқұрылым бір мың тонна жем-шөпті қыстақтарға жеткізіп алған. Шөпті жұмысшы-қызметкерлерге қолжетімді бағаға ұсынған. Сүдігер жырту да басталып кеткен.
Қызылжар – облыстағы алдыңғы қатарлы аудандардың бірі. Өткен жылы орташа түсімділікті 21 центнерден асырып, жарыс көшін бастаған. Биыл да елімізді мол астықпен қуантуға бейіл. Аудан әкімі Қайрат Пішенбаев 168,2 мың гектар алқаптың астығын оруға 600-дей комбайнның, 384 шалғының, 480 жүк мәшинесінің, 1275 трактордың қатысатынын, негізгі жұмыстың қырмандарға да ауысқанын тілге тиек етті. Диқандар Үкіметтің қамқорлығын өте-мөте сезініп отыр. Егіншілік үшін 147,3 миллион теңге демеуқаржы босатылған. Барлық алқаптың 98 пайызына аудандастырылған сорттар мен 1, 2 сұрыпты тұқымдар орналастырылған. Қажетті 3450 тонна дизель отынының жартысына жуығы жеткізілген.
Осы кезде танап басына серіктестіктің директоры Виктор Редин келіп жетті. Облыс бойынша егінге бірінші болып шалғы түсірген оған БАҚ өкілдері сауалдарын қоя бастады.
– Шынын айтсам, мемлекет тарапынан субсидия берілмегенде дәл мол астыққа кенелмес едік. Виктор Георгиевич осылай ағынан жарылады. Журналистердің қаумалағанына ыңғайсызданып, басын шайқап қояды.
– Көрдіңіздер ме, егін шығымы әрқилы, ала-құла. Жазық далаға қарағанда, орман-тоғай маңдарында бидай жайқала өсіп, белуардан келеді. Неге? Өйткені, бұл жерге парлы алқаптар орналастырылды. Ылғал сақтайтын технология қолданылды. Кемі 25-30 центнерден айналарына бәс тіге аламын, – деді ол сөзінің аяғын әзілге бұрып.
Ауданның егіс алқаптарын аралап, орақ науқанымен жан-жақты танысқан облыс әкімі Серік Біләлов журналистерге сұхбат берді. Құрғақшылыққа қарамастан, солтүстікқазақстандық диқандар гектар басы 10 центнер өнім алуға бел буып отырғандарын жеткізді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығының көкейкесті мәселелеріне арналған жуырдағы кеңесте егін орағын ұтымды атқарудың жолдарын атап көрсетті. Облыстың ауылшаруашылық тауарларын өндірушілеріне қажет 72 мың тонна жанар-жағармайдың әр литрін 62 теңгеден босату қарастырылған. Егін ору науқанына 10 мыңға жуық комбайн қатысатын болады. Олардың жартысына жуығы кең алымды жаткалар, 2 мыңдайы жаңа техникалар. Ауа райының күрделілігі ескеріліп 3,9 миллион гектар дәнді алқаптардың 30-40 пайызы дестеленеді де қалғаны тікелей жиналады. Өйткені, егін жедел піскендіктен, жауапты науқан ерте басталды. Және де күздің жауын-шашынына ұрындырып алмауымыз керек. Президенттің нан мен ұнның ішкі бағаларының тұрақтылығын сақтау, жем-шөп дайындауды тыңғылықты өткізу жөніндегі тапсырмалары ерекше жауапкершілікке міндеттейді, – дей келіп Серік Сұлтанғазыұлы астық тасу, сақтау мәселелерінің де ыждағатты ұйымдастырылғанын атап өтті. Жаңа элеваторлар салыну есебінен астық сыйымдылығы 320 мың тоннаға ұлғайтылды. Еліміздің батыс өңірлеріне 250 мың тонна астық жеткізу мәселесі шешілуде.
Біз жолай Михаил Христевич жетекшілік ететін “Лесной” серіктестігінің танаптарына соғып, дәнді дестелеу, бастыру жұмыстарының қызу қарқын алғанын көрдік. “Зенченко және К”, “Аби-Жер” агроқұрылымдары да еңбек қарқынын еселей түскен.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы.