Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хишам Абдел Уаххаб Зарааны оның біздің еліміздегі қызметінің аяқталуына байланысты қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Қасиетті Ораза айының басталуымен құттықтай отырып, жүздесушілер екі ел арасындағы экономикалық және мәдени салалардағы, сондай-ақ көп салалы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және оның табысты дамып келе жатқанын қанағаттанғандықпен атап өтті.
– Қазақстан Сауд Арабиясы Корольдігімен достық қатынасты және көп салалы байланыстарды тереңдетуге ерекше назар аударып келеді. Бүгін Эр-Рияд Астананың халықаралық арена мен Таяу Шығыстағы маңызды әріптесі болып табылады, – деді Қ.Тоқаев.
Хишам Абдел Уаххаб Зараа Қазақстанның экономикалық және сыртқы саяси жетістіктері мен халықаралық аренадағы артып келе жатқан рөлін жоғары бағалады және біздің еліміздің 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етуі табысты өтетініне сенім білдірді. Елші Сауд Арабиясы аш-Шура Мәжілісі (Консультативтік Кеңес) Төрағасының Эр-Риядқа ресми сапармен келуге шақыруын Қ.Тоқаевқа табыс етті.
Кездесу соңында Қ.Тоқаев Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға қосқан жеке үлесі үшін дипломатиялық миссия басшысына алғыс айтты және кәсіби қызметінде табысты бола беруге тілектестігін білдірді.