* * *
БҰЛ ЖИЫНДЫ ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ҚАДАҒАЛАЙТЫН БОЛАДЫ
Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі ел беделінің халықаралық аренада артуы екені анық. Және мұның өзі саяси тұлға ретінде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың орны ерекше екенін көрсетті. Әлемнің айтулы мемлекеттерінің басын біріктіретін халықаралық аса беделді ұйымға төрелік айту Қазақстанға зор міндет жүктеп отыр. Өйткені, қарт құрлықта да, Азияда да шешімін күткен проблемалар қордаланып қалған. Ол бүгінгі уақыттың сипатымен тығыз байланысты. Көптеген саяси қайраткерлер мен ғалымдар айтып жүргендей, мемлекеттердің, тіпті осы Ұйымға мүше елдердің саяси қарым-қатынасында түйткілдер де жоқ емес. Басқаны айтпағанда, іргеміздегі өзімізге бауыр ел Қырғызстандағы дағдарысқа байланысты ЕҚЫҰ реттейтін мәселе шаш-етектен. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕҚЫҰ Саммитін биылғы жылдың 1-2 желтоқсанында Астана қаласында өткізу туралы мәлімдемесінде айтылған мәселелерді қазақстандықтар толығымен қолдайды деп ойлаймын. Біз соғыстан кейін туған ұрпақпыз. Халқымыздың саяси қуғын-сүргін зардабын, одан кейін соғыс салған ауыртпалықты көргенін, “мың өліп, мың тірілгенін” ата-анамыздан естіп, оқып-біліп өстік. Соғыс болған жерде қарапайым халықтың, жазықсыз адамдардың қаны төгіледі. Оны айналамызда болып жатқан оқиғалардан көріп отырмыз. Тәуелсіз Қазақстанда ұлт пен ұлыстардың тату-тәтті тұратыны қазір қазақстандық үлгі саналып отыр. Ешқандай жасандылығы жоқ, бір атаның балаларындай сыйластықтың орнағаны, тілі мен дініне, дәстүріне құрметпен қарауы Президент Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған сындарлы, ұлттық саясаттың жемісі екенін барлығы да мойындайды. Біздің елдегі ұлттық диаспора өкілдеріне тілін дамытамын десе де, дінін ұстаймыз десе де еркіндік берілген. ХХІ ғасыр адамзат баласына өз проблемаларын ұсынып отыр. Бұл – экология мәселесі. Еуропадағы, Қытайдағы топан су, Ресейдегі құрғақшылық пен өрт, тағы басқа елдер қатты қиналып отырған стихиялық құбылыстар шекараны білмейді. Сонымен қатар ұлтына, жынысына қарамайтын тағы бір кесепат – нашақорлық пен есірткі бизнесінің қаупі де табиғи қатерлерден кем соқпайды. Бұл барлық мемлекеттердің күш біріктіруін, ойласып қимыл жасауын талап етеді. Қазақ мұндайды “кемедегінің жаны бір” деп түйген. Сондықтан ЕҚЫҰ жүргізіп отырған жұмыстардың ауқымы тек осы Ұйымға мүше мемлекеттерге ғана қатысты емес, жұмыр жердің қай түкпіріндегі елдерді де ойландырады. Ұрпақтың дені сау, болашағы айқын, қатерсіз болуы үшін климаттық өзгерістерге қарсы қандай жұмыстар жүргізу керек? Бүгін әлем жұртшылығының көңілі осыған алаң. Сондықтан Қазақстанда өтетін бұл мәртебелі жиынды тек ЕҚЫҰ-ға мүше елдер ғана емес, дүниежүзі қадағалап қарайтын болады. Онда әлемдік маңызы бар мәселелер ортаға салынады, талқыланады, тұжырымдар жасалады. Бұл, әрине, әр қазақстандық үшін мақтаныш, абырой. Желтоқсан айының алғашқы екі күні Қазақстан, Астана қаласы жердің нүктесі сияқты көрінер. Қазақстанның төрағалығы табысты өтсін, Президент жүргізіп отырған ішкі-сыртқы саясат баянды болсын деп тілеймін. Бағытұр ДӘНДІБАЕВ, Қазақстан халқы Қостанай облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары. Қостанай.* * *
БӘРІМІЗГЕ ОРТАҚ МЕРЕЙ
Біз теміртаулық металлургтер барша отандастарымыз сияқты Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті Астанада өтетін болып ұйғарылуын разылық сезіммен қарсы алдық. Бұл еліміздің халықаралық беделі өскеніне, мемлекеттер арасындағы түсіністікті нығайту жолындағы бастамаларының биік қадірленіп отырғанына нақты айғақ дей аламыз. Аз жылдар ішінде-ақ әлемдік қауымдастық құрметіне бөленіп, сеніміне ие болу Қазақстан үшін зор мерей әрі мәртебе екені талассыз. Бұл ретте Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың үлкен жауапкершілікті абыроймен атқаруға белсенді күш салуы жетістіктерге бастап келе жатқандығын білеміз. Қазақстан магниткасында тұңғыш шойын алынуының 50 жылдығына байланысты болған кездесуде біз Елбасының осы игі мақсаттағы бастамасына қолдау білдіріп, қостадық. Тыныштық пен бауырмалдық – әркімнің бүгінгі тілегі. Соны орнықтыруда көшбасшылық рөлге көтерілген еліміз абыройы асқақтай беретініне сенеміз. ЕҚЫҰ-ның Саммиті соңғы он бір жылдан кейін Астанада өткізілгелі отыруы халықаралық елеулі оқиға болмақтығы хақ. Шетелдік сарапшылардың Қазақстанның төрағалығы Ұйым жұмысына жаңа леп қосты деген ойларын естіп, білген сайын қуанып қаламыз. Ол бәрімізге ортақ мерей. Соның бірінде ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік мәселелерге байланысты жауапкершілігін Орталық Азияға дейін кеңейтуі Қазақстан арқылы болып отыруы өмір шындығы. Бұл Саммитке қатысушыларды қарсы алатын Астанаға ғана сын емес, іргесіндегі Теміртау, Қарағандыға да сын. Сондықтан дайындық іс-шараларынан қалыс қалмауы керек. Елорданың меймандостық құшағы кең болуына барынша көмек көрсетілгені жөн деп ойлаймыз. Жарас АРЫСОВ, Қарағанды металлургиялық комбинатының цех бастығы.* * *
АЛТЫН ӘРІППЕН ЖАЗЫЛАДЫ
Күні кеше қолыма еліміздің аға басылымы – “Егемен Қазақстан” газетін алып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Саммитін 1-2 желтоқсан күндері Астана қаласында өткізу шешімінің қабылдануына байланысты Мәлімдемесін оқып, жүрегіме жылылық ұялаттым. Неге дейсіз ғой? Мәртебелі ұйым саммитінің біздің еліміздің бас қаласы – Астанада өтуі Қазақстанды бүкіл әлемге әйгілі етіп, еліміздің экономикалық және демократиялық дамуына соны серпін бермек. Еліміздің тарихында алтын әріппен жазылып қалар осынау тарихи шешім біздің елдің бірлігі мен бірлігін дүниежүзіне паш етіп, ақ жолдан адаспай келе жатқанымызды айғақтады. Елбасы өз мәлімдемесінде: “Төрткүл дүниеге төрелік айтқан Қазақ елі Азия мен ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет беделді ұйымның Саммитін өткізеді. Қазақ елі бұрын-соңды мұндай биікке жеткен емес” деп еліміздің еңсесін биіктегеніне жүрекжарды лебізін жеткізеді. Еліміздің бүкіл әлемге танылуы тікелей Елбасымыздың ересен еңбегінің жемісі. Өзім Сыр елінен болған соң Елбасымыздың мәлімдемесінде атап көрсеткен Арал проблемасын шешудегі ЕҚЫҰ-ның рөлін күшейту мақсатын қоюы баршамыздың жүрегімізге жол тауып, көңілімізді қуаныш құшағына бөлеп отыр. Сөз соңында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Саммитінің Астанада өтуі еліміздің тарихына алтын әріппен жазылып қалатынын тағы да қайталап айтқым бар. Ермекбай ЕРМАНОВ, облыстық мәслихат депутаты. Қызылорда облысы.