Талап және тәртіп
Бұл күнде Қарағанды облыстық соты қызметінің көпшілікке ақпараттық ашықтығы кеңейе түсті. Биыл жыл басында құрылған баспасөз орталығы арқылы сот жүйесінің жұмысы жөнінде түсініктер мен мәліметтерді, сараптамалық материалдарды қолма-қол алуға болатындығына көз жетті. Сонымен қатар іске қосылған облыстық соттың арнайы веб-сайты онымен танысуға ынта танытушылардың бәріне қоса қолайлы мүмкіндік туғызып отыр. Қоғам мен қалың жұртқа атқарылып жатқан істердің жариялылығын, қолжетімді болуын, оның халықаралық талаптарға сай келуін қамтамасыз етуде, құқықтық мәдениетті қалыптастыруда тағы бір шараның жағымды жаңалық болып қабылданғанын атауға болады. Бүгінде қалалық, аудандық соттардың бәрінде “Анықтама беру дүңгіршегі” жұмыс істейді. Ол сот процесіне қатысушы тараптарға сот актілерінің мән-жайын түсіндіруге, олардың талап-арыздар үлгілерін дұрыс толтыруға көмек көрсетеді. Облыстық сотта апелляциялық және кассациялық істер бойынша келушілер үшін мониторинг жұмыс істейді. Сол арқылы әр тараптардың істің өту кестесімен толық хабардар болуы жеңіл әрі ешкімді мазаламайды, санаулы сәтте күнін және уақытын біліп қайтады. Ал облыстық сот жанынан құрылған сот қызметіндегі судьялардың сот төрелігін атқару сапасына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия сот қызметінің сапасын анықтап, талдау жүргізеді. Сондай-ақ сот актілерінің тұрақтылығы мен орындалу мерзімін бақылап, сот өндірісінде жіберілген заң бұзушылықтарды, олқылықтарды дер кезінде анықтайды. Осы орайда үнемі жүргізіліп отыратын рейтинг соттар жұмысы қандай деңгейде екенін саралайды. Рейтингтер көрсеткішімен кім-кім де таныса алады. Судьялардың біліктілік алқалары және сот әдібі жөніндегі комиссия, сот төрелігін атқарудағы заңдардың бірыңғай қолданылуын және олардың мүлтіксіз орындалуын жүзеге асыруды бақылайтын консультативтік кеңес, сот төрелігін жүзеге асыру барысында әр құқық саласына қатысты заң шеңберінде әдістемелік көмек көрсететін және олардың үстінен түскен арыздарды қарайтын судьяларға әдістемелік көмек көрсету және шағымдарды қарау жөніндегі топ сияқты ішкі буындардың жұмысы да жариялылыққа ашық. Мұның өзі бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты нығайта түсуде. Соның арқасында жұрт сот жүйесі жұмысы жөнінде күннен-күнге кеңінен құлағдар болып отыр. Қазір біз куәгер болып жүргендей, БАҚ өкілдерімен кездесулер, сұхбаттар жиі өткізіле бастады. Олар облыстық сотпен шектеліп қалмай қалалық және аудандық соттарда да үлгілі үрдіске айналып барады. Осы уақытқа дейін Саран, Абай, Шахтинск, Теміртау қалалық, Осакаров, Қазыбек би аудандық соттарында өткен баспасөз конференциялары әрі қарай жалғасып жатыр. Бұл ретте тұрғындар арасында жүргізіліп тұратын социологиялық зерттеулер көрсеткеніндей, азаматтардың соттарға сенімділігі артқан, өз құқықтары қорғалуын қамтамасыз ету бойынша жауапкершілік күшейген, сот төрелігіне жүгінуге ынта ұлғайған. Кейінгі кезде дөңгелек үстелдердің де жиірек ұйымдастырылуы көзге түсерлік құбылыс. Құқық саласында қордаланған мәселелердін шешімі табылуы үшін бірлескен әрекетті жетілдіру, мемлекеттік органдар және қоғамдық ұйымдармен тығыз қарым-қатынасты орнықтыруға бағытталған мұндай шаралардың бірі, мәселен, нашақорлық жайына арналды. Бұған қатысты қылмыстық істерді қозғап, тексеруде айғақтардың анық, медициналық тексеріс кезінде есірткі заттардың қолдануы бұлтартпастай дәлелді болуы, осы кеселге қарсы күресте көпшіліктің көмегіне сүйену, жасөспірімдерге залал-зардабын түсінікті жеткізу қажеттігі ортаға салынды. Немесе “Мекемелерден несие қарыз өндіру бойынша талап-арыздардан туындайтын даулар туралы” атты тақырыптағы әңгіме де бейжай қалдырмайды. Былайғы қатысушыларға да осындай дөңгелек үстелдердің есігі ашық. Сот жүйесіндегі өзекті деген мәселелерді таныстыруды тереңдетуге “Қазақстан Республикасы сот органдарының бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық талдау жүйесінің арнайы ашылу рәсімі және озық технологиясын ақпараттандыру туралы” кеңейтілген семинардың ықпалы үлкен болғандығын айта кету керек. Онда БААТЖ бағдарламасының ашылу тарихы, оның қолданылуы мен тиімділігі жайлы ақпараттармен баспасөз өкілдері де таныса алды. Жалпы, сот рәсімдерінің ашықтығы мен анықтығын барынша қамтамасыз етуге бағытталған шаралар ішінде ашық есік күндері де елеулі орын алатындығын атаған жөн. Балқаш, Жезқазған қалалық соттарында облыстық соттың төрағасы Е.Серікбаев, облыстық соттар әкімшісінің орынбасары Д.Құсбековтің қатысуымен басталған бұл шаралар жалғасу үстінде. Азаматтар тарапынан ол қолдау тауып және тұрақты өткізілуі тіленіп жүр. Соған сәйкес білікті судьялардың, жауапты қызметкерлердің бүгінде жер-жерге сапарлары жиі ұйымдастырылады. Жақында біз әріптестеріміз басын ай сайын қосып тұратын облыстық соттың баспасөз орталығында сот өндірісіндегі азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істердің қаралу сапасы, сот актілерінің тұрақтылығы мен уақытылы орындалуын қамтамасыз ету, судьялардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатындағы іс-шаралармен толық таныса алдық. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне енгізілген өзгерістер мен толықтыруға байланысты түсіндірілген ақпараттардың бұл саладан мақалалар жазуымызда көмегі болмақтығы даусыз. Енді сөз орайында соңғы жаңалықтарға тоқталсақ, мамандандырылған соттармен қоса негізгі соттар құрылып, жұмыс бастағандығын алдымен атар едік. Атап айтқанда, Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудандық сотына қылмыстық, ал №2 аудандық сотына азаматтық істерді қарайтын негізгі сот ретінде мәртебе берілді. Қаладағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты бұдан былай құқық бұзушылық жөніндегі істерді қарайды. Жезқазғандағы, Балқаштағы соттар негізгі аумақтық соттар аталды. Шалғай елді мекендердегі соттар аумақтағы соттардың құрамына енгізілді. Осы заманғы телекоммуникациялық байланысты сот жүйесінде пайдалану қадамы құлақ түрдірген хабар болды. Қазақстан Республикасы ҚК-нің 220-бабының 1-б. 228-тармағына сәйкес айыпталған Ш. деген азаматқа Астана қаласының тұрғыны Б. есімді куәгерден интернет желісіндегі бейнеконференция арқылы сұрақ-жауап алынды. Дәлелді себеппен сотқа қатыса алмаған жезқазғандық куәгерге де осы тәсіл қолданды. Бұл сот төрелегін үзбей толық жүргізуге, азаматтардың уақыт үнемдеуге, артық шығынданбауына мүмкіндік береді. Ашықтық, жариялылық, өркениетті өмір талабынан танылу Қарағанды облыстық сотында қалыптасқан үлгілі үрдіс. Айқын НЕСІПБАЙ. ҚАРАҒАНДЫ.«Жастар» Сарайының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды
Елорда • Кеше
«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Кеше
Алматы • Кеше
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Кеше