14 Тамыз, 2010

Тамдыдағы естен кетпес жүздесулер

885 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Бауыржан Момышұлы – 100

Даңқы тек иісі қазаққа ғана емес, әлемде кезіп кеткен батыр Бауыр­жанды көруге құштарлық біздің қанымызға бала кезімізден сіңген. Баукеңнің ерлігі жайлы әңгімелерді естігенде, ауызымыз ашылып тыңдайтынбыз. Оның ақиқаты қайсы, аңызы қайсы ажырата алмай, дал болатынбыз. Өйткені, бұл әңгімелердің ақиқаты аңызға бергісіз болса, аңызының өзі шын ақиқаттан аумайтын еді. Бұған қоса ол жайлы жазылған және өзі жазған кітаптар­ды да құмарта оқитынбыз. Содан бо­лар ес білгеннен-ақ батыр Бауыр­жан, жазушы Бауыржанды көру арманға айналды. Осылай армандап жүргенде оның сәті де түсті. Сонау жылы Алматыда Қазақ мем­лекеттік университетінің журна­листика факультетінде оқып жүрген кезімізде Бауыржан Момышұлының 60 жылдық мерейтойы өтетін болды. Осы салтанаттың М.Әуезов атын­дағы драма театрында өткерілетінін есіткенімізде, оны көруге деген құш­тарлығымыздың арта түскені рас. Содан Жазушылар одағындағы көке­лерге жалынып жүріп, бірнеше студент қолымызға шақыру билетін түсірдік. Сөйтіп, біз Бауыржан Мо­мышұлымен кездесуге бардық. М.Әуезов атындағы драма театр­дың іші лық толды. Елдің бәрі түгел біз секілді ерді енді көріп жат­паса да, осы бір мерейлі күнінде ба­тыр­мен жүздесуді бақыт санап жет­кен­дерін аңғарамыз. Батыр Бауыр­жан қасында қаумалаған қауыммен сахнаның төріне шыққанда бүкіл ел орнынан тұрып, ду қол шапалақтап қарсы алған. Ел ерекше құрметін көрсеткісі келді ме, осы тік тұрып қол шапалақтау көпке дейін созыл­ды. Өзіне деген қошемет ұзағырақ созылып кеткесін сахнаның төрінде тұрған батыр сүйенген таяғын ал­дына тік көтерді де, кесе-көлденең бір-ақ сермеді. Дирижердің таяқша­сын сермегенінен кілт тоқтаған оркестр сияқты батырдың бұл белгісінен кейін қол шапалақтау да сап тыйылды. Сосын барып барша жұрт орнына жайғасты. Мұның өзі бір-ақ кесіп-пішетін батыр мінезіне бүкіл қауымның сөзсіз мойынсұ­натынын аңғартқан еді. Осы кеште қазақтың бар қай­ма­ғы, асылдары батыр ағаға ақ тілек­те­рін білдірді. Жыр да оқылды, ән де шырқалды, сыйлық та тапсы­рыл­ды, шапан да жабылды, ат та мін­гі­зілді. Бірақ мұның бір де біріне асып-тасқан ол жоқ. Сол бір маңғаз, өр, сабырлы қалпында қабылдады бәрін. Бұл кездесу бізге аңызға айналған батырдың ақиқатын толық аңғартпағанымен, алған әсерді айтып жеткізу қиын. Арада бірнеше жылдар өтті. Ал­ыс­­тағы Тамдыға “батыр Бауыржан келеді екен” деген хабар жетті. Там­ды – ол кезде шетел болмағанымен, Өзбекстанның шалғай жатқан кілең қазақтар тұратын ауданы. Қазақы қалпы да, салты да сақталған. Тілі де, ділі де қазақы, қаймағы бұзыл­маған ел. Аудандағы мектептің бәрі де қазақ тілінде оқытатын. Мектепте дәрісі, мекемеде жиыны қазақша өтіп, құжаты қазақ тілінде толты­рылады. Аңғарған адамға шетте жүрген қазақтың елім деп, ондағы ерлерім деп елеңдеп тұратын ерекше бауырмалдық қасиеті болады. Қазақ үшін қаны қызып, тіпті “Қайрат” командасы үшін жан күйдіретін бұл елдің аңыз адам келе жатыр дегенде айрықша елеңдегені рас. Ең бас­ты­сы, батыр бұл елге ресми орындар­дың шақыруымен емес, жеке адам­ның өтініші бойынша қыдырып келетін болған. Бұл да халықтың құлағына ілінген айта жүрерлік бөлекше жағдай еді. Батырдың ерлігін естіп, атын бі­летін бұл қазақтың ішінде туған баласын Бауыржан қойғандар аз емес. Ердің есімімен аталған бала­лар­дың саны ондаған мыңнан асқа­нын баспасөз бетінен оқыдық та. Сон­дай туған ұлының атын Бауыр­жан қойған көптің бірі тамдылық Энгельс Ахметов деген азамат еді. Өзі қатардағы қызметкер. Баласы орта мектепті бітіріп, оқу оқимын дегенде, Алматыға барып, универси­тетке түскеннен кейін, аттас атасына сәлем беріп, батасын аламын деп батырдың үйіне барады. Мінезі бөлек Баукеңнің сәлем бере келген қонақты қабылдағанымен, көлденең көк аттыға бата бере салуы оңай шаруа емес. Осы жолы әлгі Энгельс Ахметов баласына бата алып қана қоймай, батырды елге келетін етіп көндіріп те қайтады. – Өлкені мекендеген, өзіңізді көруді армандаған жүз мыңдаған қаракөз қандастарыңыз бармыз. Өзіңізді көрсе, көңілдері көзайым тауып, мақтанып, мәртебесі өсіп қалар еді, – деген тілегіне қарсы уәж айтпапты. – Барамын. Бауырластарымды көріп, жағдайын біліп қайтайын, – деп бір-ақ кесіпті. Ресми шақыруға да бара бер­мейтін Бауыржанның “мен кез-кел­ген кісінің айтқанына кете беретін кім едім” деп керги сөйлемей, ке­лісім беруі батырдың бөлек мінезін көбірек теретін кейбіреулердің пі­кі­рін кері ысырып, қазағым дегендегі қарапайымдығы мен азаматтығын айқындап тұрғаны ақиқат емес пе? Оның үстіне сол кездердің солақай саясатынан да жасқанбай, қалың қазақтың ортасына қойып кетуі батырдың тағы бір қыры болса керек. Елді ең алдымен елеңдеткен де, сүйсіндірген де осы жағы еді. Оны жеке адам шақырып кел­генімен, қалың ел күтіп алары өз- өзінен белгілі. Бұған ресми орындар да араласпай қала алмады. Сондық­тан жанына жазушы Сәуірбек Бақбергеновті ертіп, әуежайдан келе жатқанда оны аудандық партия комитетінің, қаладағы атқару комите­тінің басшылары да, қаумалай келіп, қарсы алуы заңдылық еді. Осы жерде бірден-ақ көзге шалынған ерекше жәйттер болды. Жағалай кү­тіп тұрған көптің арасында аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, пол­ковник Өтеп Аяпов деген кісі бо­латын. Сол кісіге Баукең: Әй, пол­ков­­­ник! Саған да жоқ генералдық, ма­ған да жоқ, – деп қолын алды. Бірден-ақ елдің ауызына іліккен осы бір ауыз сөзді сол марқұм полковник күні кешеге дейін, дүниеден өткенше елжірей еске алып, күліп айтып отыратын. Содан кейін көлікке отыратын кез келгенде қатар тұрған хатшының ақ “Волгасына” да, төрағаның қара “Волгасына” да отырмай, қонаққа шақырып келген жігіттің “Жигу­лиі­не” отыруы елді сүйсіндірді. Бұл жерде басшылардың басын кеміту, менсінбей менменсудің ұштығы да жоқ болатын. Тек Баукеңе тән ха­лықшылдықтың, қарапайымдықтың шынайы көрінісі ғана көзге түсіп еді. Ауылдық жер болғандықтан, батырға сәлем берейік деп ағылып келетіндер аз емес. Шаршадық, дем алайық, мыналарды тоқтатсаңшы деп, солардың бірде біреуіне қабақ шытқанын көрген адам жоқ. Тек келіп сәлем берушіні таныстыра бастағаннан-ақ мынауың мынадай жігіт қой деп сынай баға беретін. Оның көбі дәл еді. Құдай берген қасиет – сыншыл, сыршыл адам еке­нін ел тағы бір мәрте мойында­ған. Бір ғажабы, мінезіне сырттай қанық болғандықтан асыра айтқа­нына да, бастырмалай айтқа­ны­на да өкпелеген ешкімді көрген емеспіз. Аудандық партия коми­те­тінің үшін­­­ші хатшысы келіп, таныс­тыра бас­тағанда, “тоқта, бұл әйел жігіт болды ғой” деді. Мұның да себебі белгілі, ол кезде идеология хат­шылығына негізінен әйелдер сай­ланатын. Ек­ін­ші бір кісіні таныс­тырғанда “сен ару көр­сең артынан бәрін тастап жүгі­ре­тін азаматсың-ау, шашың самай­ыңнан ағарыпты” деді. Дәл айтылған еді. Ел күледі, ешкім өкпелемейді. Бұл да Баукеңе тән мінез бен ерлікті елдің мой­ындауы еді. Келесі күні Мәдениет үйінде ха­лық­пен кездесу өтетін болды. Жи­нал­ған халықтың көптігінен клубта ине шаншарға орын жоқ. Ішке сый­маған көбісі сырттан есік-терезеден сығалайды. Тіпті, есіктің алдында бейнесін сыртынан көргенге мәз бо­лып жүргендер қаншама. Қайтсе де халық Бауыржанның тұлғасын бір кө­ріп, жалғыз ауыз сөзін есітіп қал­­сақ деген ниетте еді. Баукеңді елге таныстырып жатудың қажеті жоқ. Батырдың өзінің сөзі де ұзап кетпеді. Содан залдан сұрақ жаусын. Ол жау­ап береді. Жауабы қысқа, әрі нұсқа. Осыдан екі нәрсе елдің есінде ай­рық­­ша қалған. Біріншісі “көкі­ре­гі­ңізде Алтын жұлдыз болмаса да ха­лық үшін ердің ері, батырдың ба­ты­рысыз. Қалай батыр болғаныңыз жай­­лы айтыңызшы?” деген сұрақ еді. – Кешегі соғыс халықтың ха­лық­тығын, ердің ерлігін сынға сал­ған майдан болды. Мен батыр емес­пін, мені батыр қылған халқым. Өт­кен соғыста майданға барған қазақ­тың ер емесі кем де кем шығар. Сол сұрапылда қазақ балалары арасында менен батыр, ақылды, алғыр офи­церлер де, қатардағы жауынгерлер де көп еді. Тағдыр мені таңдады. Сол батыр жауынгерлер менің қол ас­тымда ерліктің өнегесін танытты. Оқ пен оттың ішінен аман оралдым. Ал батырлардың көбі бір оқтық болып майданда қалды. Содан соң халқым қолдады. Соның нәтиже­сінде ақиқаттан да гөрі аңыздағы батырға айналдым. Сондықтан мен алдымен ұлы халқыма, содан кейін оның батыр ұлдарына бас иемін, – деді. Басқа жерде қалай айтатынын қайдам, осы сөздің ақиқаттығын мой­ындаған көпшілік ду қол шапалақтап жіберген. Екінші бір сұрақ – қазақтың ұлы, өзбектің ұлттық батырына айналған Сабыр Рахимов жөнінде болған. Кезінде тағдырдың тауқы­метімен нағашысының қолында тәрбиеленіп, өзбек болып жазылып кеткен Кеңес Одағының Батыры, генерал Сабыр Рахимов жайлы қазақ баспасөзі көбірек материалдар жариялап, көңілді кеңірек аударып жүрген кезең болатын. Сонда на­мысшыл ел Сабырдың басқа елдің ұлттық батыры болып кеткеніне іштей шамданатын. Генерал Рахимов жөнінде қазақтың көбірек жазып, халықтың санасына сіңіре бергенін қалайтыны да сондықтан. Осыған орай “өзіңіз генерал Сабыр Рахимов туралы кітап жазасыз ба? Болмаса ол жайлы роман жазуды ойлап жүрген қазақ жазушысы бар ма?” – деген сұрақ қойылды. Бұған берілген жауап тіпті қысқа болды. – “Қазақ жаманы сарт болар” деген мақал бар халқымызда. Сабыр Рахимов сарт болып кеткен қазақ. Сарт жайында өзім кітап жазбай­­мын. Ол жөнінде кітап жазамын деп жүрген қазақ жазушысын да біл­мей­мін, – деп шорт қайырды. Жауап тым қатқылдау. Бауыржан батыр өзінің қан­да­сының өзбек болып жа­зылғанын кеш­пеген тәрізді. Осы кездесуде халық ба­тырына қойылған сұрақтың аз болмағаны белгілі. Оның барлығына Баукеңнің ұлы­лығын танытатын ұлағатты жауаптар қайтарылды. Бұл жерде батырмен бірге келген Сәуірбек Бақбергеновке де ел аса ыстық пейіл білдірген әйтсе де қазақтың белді жазушысы Сәуірбек Бақ­бер­геновтің әдебиеттегі дара тұлға екенін мойындағанмен, кездесудегі көрініс оны батырға деген ынта-ықыластың көлеңкесінде қалдырып кеткендей еді. Оны Бау­кеңмен бірге келген серігі, жазушы С.Бақбергенов көңіліне ал­мады. Қайта батыр тұл­ға­сы­ның ха­лық ішінде даралығын, ірі­лігін көріп, азаматтық сүйсінісін біл­дірген қолдау танытқан. Мұны аң­ғар­ған ел де, осы бір қаламгерге ерекше риза болып еді. 1 мамыр мерекесінің қарсаңында келгендіктен, еңбекшілердің ынты­мақтастық күнін Алматыда өткер­месем болмайды деп асығыс қайтып та кеткен жоқ. Елдің ықыласын көрген Баукеңнің осы бір Қызылқұм төсінде, шалғайда жүрген қазақтар­мен мамыр мерекесін бірге қарсы алу­ға қалып қоюы да оның қандас­тарға деген көңілінің тазалығын, аза­маттық тұлғасының ірілігін көрсетсе керек. Сол кездің салтына сай Бау­кең елмен бірге сапқа тұрып, шеруге шықты. Аудан басшылары алдына келіп, қанша өтініш еткенімен мін­беге көтерілуден бас тартты. Тек бас тартып қойған жоқ, шеру мінбенің тұсына жақындағанда “қазақтың ту ұстап, ел бастар батыры мен емеспін бе? Туды мұнда әкел. Мен көтеріп, шеруді бастаймын” деп ту көтеріп, елді бастап өткенін көрген көптің ішінде сүйсіне қарамаған жан болмаған шығар. Осы бір оқиға да күні бүгінге дейін көптің есінде сақталып, ертегідей әңгіме етіледі. Сол мерекелік шеруден кейін аудан орталығындағы мейрамханада батыр Баукеңнің құрметіне аудан басшылары зияпат ұйымдастырды. Айтылған ақ тілекте шек жоқ. Өйткені, халықтың батыр ұлына деген сүйінішінің де, тілер тілегінің де шегі жоқ еді. Осында аудандық партия ұйымының бірінші хатшысы тілегін айтып, үстіне костюм, басына елтіріден бөрік кигізді. Сонда Баукең оның үстіндегі костюмін ұстап көріп: – Әй, хатшы! Сенің үстіңдегі костюм мен мына беріп жатқан костюміңнің айырмашылығы аспан мен жердей ғой. Мұның асылын өзің киіп, ауысқанын батырға тарту етесің бе? – деген. Мынаны есіткен бірінші хатшы шынымен-ақ сасып, жан-жағына жаутаңдай қарап, міңгірлеп, не істерін білмей қалды. Бұл қиын­дықтан құтқарған да тағы батырдың өзі болды. – Қалжыңым ғой. Бергенің кигеніңнен кем емес. Мен костюмге мұқтаж емеспін. Халқымның көңілі үшін келдім. Пейіліне бола жүрдім. Ықыласына тойдым. Маған сол жетеді, – деп бір-ақ түйді. Бірінші хатшы да, жиналған басқа жұрт та осыдан кейін уһ деп демін бір-ақ алған. Ел ішінде Бауыржан Момыш­ұлының қалыпқа сыймайтын қазақ екені жайлы айтылып жүрген аңыздың бәрі шындықтан шет бола қоймас. Шалғайдағы бауырлас­та­рына барған бұл сапарында ерекше мінез танытпай, қалыпқа түсіп келіп, қайтты деп айтудың жөні жоқ. Сол шеттегі қалың қазақтың ортасында болғанда айбарлана артық айтса да, асау әрекет жасаса да ел оның барлығын Баукеңнің еркелігі мен батырлығына санады. Айтқан асыл сөздерінің бәрін ауыздан ауызға кө­шіріп, ақылдылығы мен даналы­ғына, даралығына сайды. Содан бо­лар, көңіліне оймақтай өкпе, кіш­кен­тай кінәрат алған кісіні өз басым кез­дестірген емеспін. Әрине, бұл кез­десуден алыстағы ағайынның ба­тыр Баукеңе деген сағынышы толық басыла қоймағаны айқын. Тек аңсаған көңілге азды-көпті жұбаныш әкелген. Арада талай жылдар өтсе де, өзі жоқ болғанмен әр сөзі мен ерке мінез-әрекетін еске алып, аңыз­дай әңгімелеп отыру батырға деген сағыныштың арта түсуінен болар. Осыдан он жыл бұрын, яғни 2000 жылы бүкіл еліміз батыр Бауыр­жан­ның 90 жылдығын дүрілдетіп той­ла­ғанда, жазба ақындардың республ­и­калық мүшәйрасы өтіп, оған мен де қатыстым. Халықтың нағыз қаһар­ман ұлына деген сағынышым мен толғанысымнан туған бірнеше жыр­ларымды ұсынып, мүшәйраның жүл­дегері атанғаным бар. Бұл жырлар шын мәнінде қазақтың біртуар батыр ұлына деген менің бас июім еді. Шынында халқымыздың біртуар асыл азаматтары көп болғанымен, Бау­кең сияқты батырлардың өмірге сирек келетінін мойындамау мүмкін емес. Қайыпназар ШОТБАСОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын. Жамбыл облысы, Байзақ ауданы. Суреттерде: Кеңес Одағының Ба­тыры Б.Момышұлы Тамды ауда­­нының басшыларымен бірге; Баукең ел арасында.