Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың өңірдегі алғашқы ауқымды істерінің бірі облыс орталығындағы Һибатулла ат-Тарази мешітінің жанындағы басталмай жатып тасталған медресе құрылысын қолға алудан басталған болатын. Бүгінде бұл игілікті іс ойдағыдай аяқталып келеді. Әрі-бері өткен сайын мүмін мұсылмандар құрылысшылардың қарқынды істеріне куә болып, “жоқтың түбі жоғалар, бардың түбі оңалар” деген осы екен-ау” деп, іштей риза болып қалады.
Жанына иманды жолдас еткен осы әкім енді Рамазан айының алғашқы жұмасын да құр жібермей, Ораза ұстап, ауыз бекіткен ұлттар мен ұлыстардың мүміндерін бір дастарқан басына шақырып, ауыз ашар берді. Бұл ілтипатқа Алладан басқа ешбір тәңір жоқ екеніне және Мұхаммед Алланың елшісі екеніне куәлік еткен мұсылмандар қауымы дән риза болып қалды. Өйткені, Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбарымыз “Рамазан айының басы – мейірім, ортасы – кешірім, аяғы – тозақ отынан азат болу” деген екен.
Құдайға шүкір, тәуелсіздік алғалы бері елде тіліміз бен дініміздің керегесі кеңіп, шаңырағы биіктей бастады. Босағасы да берік. Мешіттер мен медреселер көбейіп, намаз оқып, зекет беріп, ораза ұстаған иманды жандар саны да арта түсті. Қаржысы жеткендер Мекке мен Мединеге қажылыққа да баруда.
Жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылып, шайтандар шынжырланған Рамазан айында ауыз ашар беру өте сауапты іс екені белгілі. “Біз, тегіміз – түрік, дініміз – ислам екенін ұмытпауымыз керек” деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғибратты сөзі де осындай нығыметтерді құптап, қолдайтынын көрсетеді.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.