Қоғамның қай саласын алып қарасақ та жігерлі, ынталы, өмірге деген көзқарастарын сан түрлі жолдармен жеткізе білетін жас толқынның өсіп келе жатқанына куә боласыз. Олай болуы заңды да. Өмір болған соң, толқынды толқын басуы тиіс емес пе!
Сурет өнері – адамның ішкі жан дүниесін сүйсіндіретін, өмірдің қызығы мен қиындығын, қуанышы мен қайғысын түрлі бояулармен бейнелегенде ерекше бір шаттық сыйлайтын өнердің бір түрі. Бұл салада да болашақта атақты қылқалам шеберлері болуға лайық талантты жас өрендер өсіп келе жатқанын сенбі күні елордадағы “Сарыарқа” сауда орталығында ашылған “Жас өнер” атты көрмеден куә болып қайттық.
Жас суретшілер мен мүсіншілердің бұл алғашқы көрмесін ұйымдастыруға Мәдениет министрлігі мен “Алтын күн” қоғамдық қоры мұрындық болған. Көрмеге еліміздің әр өңірінен келген бейнелеу өнеріне ынтасы жоғары қылқалам шеберлеренің 100-ге жуық туындылары қойылған. Кенеп, майлы бояу, терілерді пайдаланған жас суретшілердің қылқаламдарымен сомдаған тақырыптары сан-алуан. Халқымыздың салт-дәстүрі мен елорданың жаңарған өмір тынысы, табиғат көріністері, абстрактілі қиял-ғажайып ой жетістіктерінен бейнеленген көріністер көрмеге келушілердің жанын бір жадыратқандай болды.
“Бүгінгі жас суретшілердің жетістіктері ерекше. Мінекей, әр стильде бірнеше жұмыс қойылып отыр. Астанада тұңғыш рет ұйымдастырылған мұндай көрме болашақта да өз жалғасын табатынына сенімдімін” – деген Астана қалалық Суретшілер одағының басқарма төрағасы Қоңыр Мұхамедиев көрменің ашылу салтанатында жас суретшілердің еңбектерін жоғары бағалап, сондай-ақ өзінің ағалық ақыл-кеңестерін де жас суретшілерге арнады.
Көрмеге әр суретшіден кем дегенде 3 туынды қойылған. Бұл суреттердің сатылу бағасы да әртүрлі. 18 мың теңгеден бастап 2 мың АҚШ долларына дейінгі көркем туындыны осы көрмеден кездестіре аласыз.
Шара соңында жас өнерпаздарға Астана қаласы Жас суретшілер одағының билеттері үлестірілді.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.