17 Тамыз, 2010

Жаңа...

461 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
...америкалық тепловоздар әкелінді Алыс пен жақынды жалғай­тын темір жолдың игілігін же­ті­сулықтар тиімді пайдаланып ке­ле­ді. Мысалы, Түрксіб темір жол магис­тра­ліндегі ірі станса – Үштөбе айналма локомотив де­посын­да­ғы жүк және жолау­шы тасы­ма­лы­ның сапасы арта түсті. Оған деподағы ескі локо­мо­тивтердің күші 5000 аттық жаңа “ТЭ 33А” тепловоз­дары­мен толықтырылуы септігін ти­гізді. Оларда маши­нис­терге қо­лайлы  ауа алмас­тыр­ғыш, элек­трлі пеш, кез кел­ген ақауды же­дел анықтайтын, қоз­ғалыс қауіп­сіздігін қадаға­лай­тын ком­пьютерлік жүйе орнатылған. Бүгінде ұжымдағы арнайы дайындықтан өткен  15 локо­мо­тив бригадасы жаңа тепловоз­дар­ды сапқа қосып, жүк және жолаушы тасымалындағы қа­жет­тілікті өтеуде. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. ...мектеп-гимназияның іргетасы қаланды Жақында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Са­парбаев Күршім және Зайсан аудандарының онға тарта елді ме­кендерінде  болып тұрғын­дар­мен кездесті. Күршімде өңір басшысы 600 оқушыға арналған мектеп-гимназияның іргетасын құю рәсіміне және осындағы балық зауытының ашылуына қатысты. Биылғы көктемдегі су тасқынынан зардап шеккен Қа­ратоғай ауылында бес пәтердің кілтін тапсырды. Қазір мұнда 15 үйдің іргетасы қаланып, сегізі­нің қабырғасы тұрғызылды. Ал Зайсан ауданының Тас­бас­тау ауылында да тоғыз от­басы жаңа үйлердің кілтін об­лыс әкімі Б.Сапарбаевтың қо­лынан алды. 20 қыркүйекке дейін тағы 25 отбасы жаңа үй­лерге қоныстанбақ. Екі аудан­ның әкімдері Алтайбек Сейітов пен Серік Зайнулдин қоңыр күзге дейін зардап шеккендердің барлығын тұрғын үймен қамтамасыз етуге уәде берді. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы. ...тіс емдейтін емхана ашылды Облыс орталығындағы тіз­бек­ті жаңа үйлер шоғырын құ­райтын жаңа шағын ауданда тұр­ғындар саны жыл сайын кө­бейіп келеді. Ертіс өзені жаға­лауына орналасқан қаланың осы шеткері аумағы  қазір мүлде өзгерген. Жарқыраған жаңа тұр­ғын үйлер, жаңа мектеп, бала­бақ­ша, сауда үйлері салынды. Жуырда ғана тіс емдейтін бала­лар стоматологиялық емханасы ашылды. Емхана әнші Майра атындағы көшедегі  №47 тұрғын үйдің бірінші қабатынан орын алды.  Бұл денсаулық сақтау саласы бойынша осы ауданда  бой көтерген екінші мекеме, шілде айында орталық емхана пайдалануға берілген болатын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ардақ Күзековтың айтуынша, жалпы облыс орталығында бұл күндері 50-ден аса жеке меншік емхана қызмет көрсетеді. Емхана құры­лы­сына қалалық бюджеттен 76 миллион теңге бөлінген. Емхана күніне 150-ге жуық баланы қа­былдай алады. Ол  Бразилияда жасалған жаңа заманғы құрал-жабдықтармен қамтылған. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.