17 Тамыз, 2010

Қырғызстанға көмек көрсетілуде

447 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Туыстық туы Кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Қазақстанның көршілес Қырғызстан елінде қалыптасып отырған дағдарысты жағдайдан шығуына көмек беру мәселесі қаралды. Оған Қырғызстанның қаржы министрі бастаған осы елдің делегациясы да қатысты. Аталған мәселе бойынша ха­бар­лама жасаған Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Қа­зақстаннан қырғыз еліне көрсетіліп жатқан көмектер жайында айтып берді. Осы уақытқа дейін бұл елге 184 тонна металл шиферлар, 128 тонна жарма мен қарақұмық өнім­дері, 1000 тоннадан астам күріш өнімдері, 28 вагон тақтай және ағаш материалдары, басқа да тұр­мысқа қажетті заттар әзірленіп жіберілу үстінде екендігін жеткізді. Қазіргі күні Қырғызстан үшін маңызды болып отырған мәсе­ле­лердің бірі ел экономикасының тұрақтылығына қол жеткізу болып отыр. Осы бағытта ЕурАзЭҚ ұйы­мына қатысушы мемлекеттермен бірге, әсіресе Ресей мен Қазақ­стан­ның белсене қатысуымен осы ұйым­ның банкінен 290 миллион доллар қаражат бөлу көзделген. Қырғыздарға көмек екі жолмен көрсетілуде. Оның біріншісі эко­но­миканы түзеу үшін несие қаржы­ла­рын беру, екіншісі гуманитарлық көмектер жасау. Осы екі мәселеге де Қазақстан  жағы белсене қатысуда. Қырғызстан жағынан сөз алған осы елдің Қаржы министрі Өсербек Имашев қиын шақта алғашқы бо­лып көмек қолын созған Қазақстан еліне, оның Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен ел Үкі­метіне Қырғызстан халқының аты­нан үлкен ризашылығын жеткізді. Қазіргі қалыптасқан жағдайды, дағ­дарыстан шығу жолдарын белгіле­ген жоспардың жасалғандығын, ол жоспарда белгіленген шараларды әңгімелеп берді. Бұл жоспар қазақ­стандық сарапшылардың қаты­суымен әзірленген екен. Қырғызстанға көрсетілетін кө­мек түрлерін айқындап, оны қам­тамасыз ету үшін Үкімет басшы­сы­ның бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев жетекшілік ететін арнайы комиссия құрылғандығы белгілі. Бұл комиссия аталған елде болып, қажетті көмек көлемі мен түрлерін осы елдің басшылығымен бірлесе оты­рып айқындаған болатын. Мұн­дағы қамтылған мәселелер Қыр­ғыз­станның дағдарыспен күрес жос­парына енгізілген. Отырыс барысында Қырғыз­стан­нан келген делегация мүшелері  елдің мұқтаж болып отырған мә­се­лелерін ортаға салды. Соның ішін­де Бішкекте донорлық халық­ара­лық конференция өткізу ісіне Қазақстан жағы белсене қатысатын болды. Осы мәселені халықаралық деңгейде ұйымдастыру ісін біздің жақ қолға алмақ. Енді бірқатар мәселелер Қа­зақ­стан мен Қырғызстан арасындағы кеден бекеттерінен адамдар мен тауарларды өткізу мәселесіне қа­тысты екен. Қазақстанның Кеден одағына қосылуына байланысты бұл мәселелер қазіргі кезде Қазақ­стан, Ресей, Беларусь мемлекеттері бірігіп құрған Кеден комис­сиясының құзыретінде. Осы жағдай Қырғызстан делегациясының мүшелеріне ескертілді. Дегенмен мәселені алға жылжыту аталған комиссияның Қазақстан жағынан мүшесі болып табылатын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке жүктелді. Отырысты қорытындылаған Үкі­мет басшысы Кәрім Мәсімов қазір­гідей ауыр халді бастан өткеріп отыр­ған бауырлас елге қол ұшын созып, көмек көрсету Елбасының тап­сырмасы болып табылатын­ды­ғын, сондықтан мұнда айтылған әр­бір мәселе Қазақстан Үкіметінің тара­пы­нан мұқият қаралатындығын жеткізді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.