Осы күндері Сингапурде І жасөспірімдер арасында жазғы Олимпия ойындары өтуде. Оның ашылу салтанаты әдеттегідей стадионда емес, Сингапурдың “Марина Бэй” ірі экономикалық ауданында арнайы қоршалған сахнада өтті.
Биылғы Олимпиадаға 205 мемлекеттен 3 мың 594 спортшы қатысуда. Олар спорттың 29 түрі бойынша 201 медаль жиынтығын сарапқа салады. Олимпиада кезінде спортшылар жас мөлшеріне қарай бөлініп, күш сынасады. Сонымен бірге кейбір жарыстарда ұл-қыздардың аралас командалары ойнап, Ұлттық Олимпиялық комитеттерінің өкілдерінен құралған құрлықтық құрамалар арасында жарыстар өткізіледі.
Олимпиаданың бірінші күні Қазақстан спортшылары алғашқы алтын жүлдені жеңіп алды. Грек-рим күресінің балуаны, Астанадағы Қажымұқан Мұнайтпасұлы атындағы спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернаттың түлегі Жәнібек Қандыбаев 69 кг. салмақта төрт рет кілемге шығып, жасөспірімдер Олимпиадасында тұңғыш рет алтын жүлдеге ие болған спортшы атанды. Ал Олимпиаданың алғашқы жүлдесін Қазақстан құрамасына тағы да осы жарыс түрінен шыққан Ахан Баймағамбетов иеленді. Ол 42 кг. салмақ дәрежесінде қола жүлдені қанағат тұтты. Осы жерде айта кететін нәрсе, грек-рим күресінен барлығы бес салмақ бойынша өткен белдесулерде бұрынғы Кеңес Одағы республикалары балуандарының басымдылығы байқалып тұрды. Мұнда Қазақстан бір алтын, бір қола, Ресей, Қырғызстан мен Әзірбайжан екі алтын медаль алса, Украина мен Өзбекстан бір күміс және бір қола медальді мойындарына тақты.
Олимпиаданың екінші күні суға жүзуден өткен жарысқа Астанадағы Қажымұқан Мұнайтпасұлы атындағы спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернаттың түлегі Екатерина Руденко, Олимпиялық даярлау орталығының өкілі Руслан Байманов қатысып, елу метрге арналған жарыста жартылай финалға шыға алмаса, Ал 100 метрге арналған “Брасс” әдісі бойынша өткен бәсекеде Юлия Литвина да жартылай финалдан аса алмады. Триатлон бәсекесінде сынасқан Каролина Соловьева 32 спортшының арасында 21-ші болып мәреге жетті.
Кеше спорттың осы түрінен Кирилл Уваров жарысып, 27 орынға ие болды. Әзірше Олимпиаданың үш күнінен кейін отандастарымыз жалпы командалық есепте 6-шы орында келеді.
Ардақ ТОҒЫМОВ, арнайы “Егемен Қазақстан” газеті үшін – Сингапурден.