Жыл сайын елімізде Спорт күні тамыздың үшінші жексенбісінде аталып өтілетіні белгілі. Биылғы жылы ол 15 тамыз күніне сәйкес келіп, Астана мен еліміздің өзге де өңірлерінде Туризм және спорт министрлігі мен жергілікті билік орындарының ұйытқы болуымен дәстүрлі түрде кең ауқымда аталып өтті.
Ал Астанадағы бұқараға арналған жарыстар аталған министрлік пен қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен 14 тамыз күні басталды. Осы күні негізгі бұқаралық шаралар астаналық саябақта өтті. Сол күні қалалық саябақ үлкен спорттық алаңға айналды десе де болады. Мұнда астаналықтар мен қала қонақтары ұлттық ойындарға, соның ішінде асық ату, тоғызқұмалақ, тымақ ұру, бұқа тартыс, арқан тартыс, аударыспақ, сонымен бірге стритбол мен шағын футбол, нысана ату, шахмат, дойбы, гір көтеру, қол күресі мен “Көңілді сөрелерге” қатысты. Сондай-ақ, осы күні спортсүйер қауым үшін Астана қаласының спорт мектептері шәкірттерінің көрсеткен қойылымдары ұсынылды. Онда үздік жас каратэшілер, балуандар, гимнасшылар, велошабандоздар мен басқа да спортшылар өз өнерлерін ортаға салды. Қолда бар деректерге қарағанда, Астанада сенбі күні болған жарыстарға 3 мыңға жуық адам қатысыпты.
Келесі күні мерекелік шаралар Қажымұқан атындағы стадионда бұқаралық ақпарат өкілдерінің қатысуымен аталып өтті. Туризм және спорт министрлігі мен қалалық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен “БАҚ саламатты Қазақстанды қолдайды!” іс-шараларының бағдарламасына шағын футбол, “Көңілді жарыстар” және басқа да жарыс түрлері қамтылды. Оның ашылу салтанатында министрліктің Спорт істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Ә.Донбай, БАҚ өкілдері атынан “Қазақстан” ұлттық телеарнасының спорт коментаторы Д.Ахметшәріп сөз сөйлеп, журналистерді мерекесімен құттықтады. Осыдан кейін жарыстар басталып, шағын футболдан бірінші болып жасыл алаңға “Егемен Қазақстан” газеті мен “VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ командалары шықты. Бұл ойын жарыстағы ең қызықты да тартысты өткен кездесулердің бірі болды. Қарсыластар қақпасына екі әдемі доп соққан “егемендіктер” спорт мамандары қызмет ететін командамен иық теңестіріп бәсекелесті. Ал басқа ойындарда Туризм және спорт министрлігінің, “Нұр Астана”, “Астана ақшамы”, “Казахстанская правда” газеттерінің, “ҚазАқпарат” агенттігінің, “Қазақ радиосының” командаларын бастап келген әріптестеріміз лайықты өнер көрсетті. Шағын футбол бәсекесіне 16 команда қатысты. Мұнда жарыс олимпиялық жүйе бойынша өтті. Сөйтіп, 1/8 финалдан бастап қарсыластарының бәрін ұтқан Туризм және спорт министрлігі мен “VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ финалда кездесіп, соңғысы 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ал үшінші орын Астана қаласы Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасын 2:0 есебімен ұтқан аталмыш дирекцияның еріктілер командасына бұйырды. Осы күні Қажымұқан стадионында өткен “Әкем, шешем және мен”, “Қапқа аяқтарын салып жүгіру” мен басқа да жарыстарда “Қазақстан” ұлттық телеарнасы, қалалық Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы, “Қазақ радиосы” мен “ҚазАқпарат” ҰК” АҚ командалары жақсы қырынан көрінді. Ал тоғыз құмалақ жарысында “ҚазАқпарат” командасы бірінші, “Астана ақшамы” мен “Нұр Астана” газетінің журналистері екінші және үшінші орынды бөлісті.
Осыдан кейін “Хан шатыр” ойын-сауық сауда орталығының алдында 2400 метр қашықтықтан тұратын “Президенттік шақырымға” бұқаралық жүгіруден жарыс өтті. Соның қорытындысында әйелдер арасында Кәмила Баранник, Жақсыгүл Мұсылман, Нұргүл Сүлейменова, Ардана Кишлярова, Светлана Иманғожина, Шынар Рахат, ерлер арасында Құдайберген Зейноллаев, Александр Щекотихин, Никита Девятко, Арыстан Әмірбеков, Айдын Сапархан мен Арлан Досымбетов жеңімпаз атанса, “Президенттік шақырымның” ең жас қатысушысы болып алты жасар Данияр Асылбек атанды. Ал ең ересек қатысушы атағына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкері Әділбек Қайырбергенов ие болды. Жалпы, осы жарысқа 2643 адам қатысса, қаланың сенбі және жексенбі күндері болған басқа да спорт мектептері мен клубтарында өткен сындарға 34535 адам қатысып, тамашалаған деген дерек бар.
Дастан КЕНЖАЛИН, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.