17 Тамыз, 2010

Жұмыс бола тұра ұсынбағаны қалай?

615 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қызметінен заңсыз шеттетілген жан осы сауалға жауап таппай табанынан таусылып жүр Айсин Сайран зейнетке әне-міне шығамын деп жүргенде жұмыссыздар қатарына қосылды. № 17 жол бөлі­мінің бастығы Владимир Частухин дәрігерлік сараптамалық комиссия­ның /ДСК/ 2007 жылғы 23 тамыз­дағы шешімін негізге ала отырып келесі күні-ақ онымен еңбек шартын үзді. ДСК-нің оны пойыздар жүр­мей­тін жерлерге жұмысқа орналас­ты­ру жөніндегі медициналық қоры­тын­дысы аяқасты етілді. Ресейдің Оңтүстік Орал темір жол басқарм­а­сы­на қарасты Петропавл бөлімше­сінде 14 жыл бойы қыстың қақаған суығында, жаздың аптап ыстығында жүріп жол жөндеген еңбегі ұмы­тыл­ды. Бұйрықпен таны­суға, еңбек кі­тапшасын алуға, кету қағазын тол­тыруға мүмкіндік берудің орнына, құтылғанша асықты. Басшы­ның штаттық кестеде бос орын жоқ деген сылтаумен заң талаптарын бұр­ма­лауы­на, ұжымдық келісім-шартты аяқасты етуіне не түрткі болды? Қақ-соқпен шаруасы жоқ қара­пайым мамандық иесі жұмыстан қысқарып қалса да, темір жол бас­шылығы ағаттығын түзетер, айыбын түсінер деген үмітін көпке дейін үзбей жүрді. Әркез жұмыс басынан табы­лып, әліптің артын күтті. Істің сағыз­дай созылып бара жатқанын аңғар­ған­нан кейін заңсыз бұйрықтың күшін жою және жұмысқа қайта орналас­тыру талабымен Солтүстік Қазақстан көлік прокуратурасына шағымданды. Өкінішке қарай, заңдылықты қадаға­лайтын мекеменің адам тағдыры тай­таласқа түскен сын сәтте тегеурінділік танытудың орнына жауырды жаба тоқи салғаны қынжылтады. Проку­рордың міндетін атқарушы М.Тәниев мырза шағымның шекесіне “А. Оралбайға! К. Сартаевқа! Тексеру жүр­гізіңдер!” деп шиырлап қол қойғанда “бәлі, екі қызметкерді қосуына қарағанда...”–деп іші жылып қалған. Сөйтсе, ерте қуанған екен. – Істің ақ-қарасын айырып береді деген көлік прокуратурасынан жауап кешігіп келді. Оның үстіне А.Чакаров деген прокурордың жіберген хаты шындықпен үйлеспейді. Соған қара­ғанда темір жолдағылардың шығарып­салма жауабына сүйене салған секілді. Өздері тексерсе, бұра тартушы­лық­тарға көздерін жеткізер еді, – дейді жапа шегуші налыған үнмен. Ол көлік прокуратурасынан қайыр болмаған соң Петропавл қалалық со­тына арыз түсірді. Сотта еңбек шар­тының негізсіз тоқтатылғаны, басқа да заңсыздықтар анықталды. Бәрінен де бос жұмыс орындары бола тұра ұсы­нылмағаны таңқалдырады. Шамасы, тамыр-таныстарына беріп, солардың шарапатына бөленген тәрізді. Сөзіміз жалаң болмас үшін мысал келтірейік. Мемлекеттік еңбек инспекторы С. Гусева сотта 24-26 тамыз аралығында бос жұмыс орындары болғанын, ол міндетттерді жұмысы бар адамдардың атқарғанын мәлімдеген. Демек, С. Айсиннің талабы заңды. Енді әділдік салтанат құруы тиіс еді. Жоқ! Сот талапкердің өтінішін қанағаттанды­рудан бас тартты. Себеп біреу: талап мерзімінің өтіп кеткендігі. Сайранның маңдайы тағы тасқа тиді. “Япырым-ау, сонда менің конституциялық құ­қы­ғымды кім қорғау керек? Жанай­қайыма құлақ түретін жан бар ма?” деп шыр-пыр болды. Оның сот ше­шіміне қарсы бұлтартпайтын уәждері бар. Біріншіден, Ресей Федерациясы Еңбек кодексі бойынша жұмыс беру­шіде жарамды жұмыс болмағанда, қызметкер басқа қызметке ауысудан бас тартқанда еңбек шарты үзіледі. Екіншіден, бұйрықтың көшірмесі немесе еңбек кітапшасы берілген күннен бастап еңбек дауы бойынша сотқа жүгінуге болады. Темір жол бас­шылығы тарапынан осы талаптардың сақталмағанын байқау қиын емес. Жәбірленуші облыстық соттың “ол жұ­мыстан босату туралы бұйрықты және еңбек кітапшасын алудан қа­са­қана жалтарған, адалдық танытпаған, жол жөндеуші қызметінен босату ту­ралы бұйрықтың күшін жоюды сұ­рамаған, басқа жұмыс жөнінде ресми жүгінбеген, жауапкер оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан жоқ” деген уәждерімен де келіспейді. Еш ескертпестен еңбек шартын тоқтатса заң органдарына жүгінбегенде қайда баруым керек? – деп таусыла сөй­лейді жапа шегуші. – Дәрігерлік сараптамалық ко­мис­сияның мені пойыздар жүретін жол жөндеу қызметіне жарамсыз деп тауып, жеңіл жұмысқа орналастыруға ұсыныс жасауы да ақылға қонбайды. Кезінде қан қысымым көтеріліп, дәрігерлік есепте тұрғаным рас. Сол кезде қысқартса қайда қалды? Соңғы жылдары денсаулығым сыр берген емес. Қан қысымым қалыпты. Жұ­мыстан қалып көрмеппін. Кәсіби ше­берлігімді жетілдірумен келемін. Құр аттай шауып жүрген мені санаттан шығарып тастаулары қисынсыз. Меніңше, шындықты бетке айтқаным үшін жазықты болып қалған сыңай­лымын, – деген ол жұмыстан шы­ғарар алдында болған бір оқиғаны баяндап берді. Бірде басшылық оған улы дәрі­лермен жұмыс істеу жөнінде тапсырма жүктейді. Ол арнайы құралдар мен ки­­імдер беруді, сөйтіп, жағдай жасауды талап етеді. Ауысым шебері “ істей бер, бұл жолғы дәрілердің адам ағза­сына зияны жоқ” деп кетіп қалады. Ол құр тұрғаннан ештеңе өнбесін бі­ліп іске кіріседі. Түс ауа ауысым ше­бері оны басқа учаскеге жібереді. Сірә, улы препаратпен көп істесе, пәлесі жұғып жүрер деп секемденген болу керек. Бір кезде оның басы айналып, жүрегі лоқсып, бойын әлсіздік билей бастайды. Уланып қалмасам жарар еді деген күдікпен бір үйден сүт алып ішеді. Осы сәтті аңдып тұрғандай бастығы жетіп келіп “Сен неге жұмыс орнын рұқсатсыз тастап кетесің? – деп зеки жөнеледі. Онсыз да өзін жайсыз сезініп, сіркесі су кө­термей тұрған Сайран еңбек тәртібіне қатысты кемшіліктерді қадай айтып, болған жәйтті жоғарыдағы басшы­ларға жеткізетінін ескертеді. Ішкі ойы, бір қорқытып алу болатын. Содан он күнге жуық емделіп, сауығып шығады. Облыстық денсаулық сақтау басқар­масы бастығының орынбасары А.Рә­шева берген анықтамада қауіпсіздік құралын қолданбай гербицидпен жұ­мыс істеу салдарынан халінің нашар­лағаны, ем-дом алғаннан кейін ден­саулығының қалыпты күйге түскені, нормадан тыс ауытқулар болмағаны, қанағаттанарлық күйде жұмыс атқара алатыны жайлы мәліметтер келті­ріл­ген. Соған қарағанда, қара жұмысқа төселіп, шыныққан азаматтың дім­кәстікке ұшырап, бала-шаға нәпәқа­сынан айырылуы көңілге қона қой­май­­тын сияқты. Оның “мені уладың­дар ғой” деп ашумен айтқан сөзі әлде­кімдердің шамына тиіп, қолайына жақпай қалуы да мүмкін. Ал бос жұмыс орындарын жасырып, бүрке­мелеудің біз білмейтін әлдеқан­дай тылсым сырлары бар ма? Темір жол басшылығы оны жұмыстан өз өтіні­шімен кетіруге, көлік прокуратура­сынан арызын қайтарып алуға әрекет жасағанымен, иліктіре алмаған. Бұдан кейін, реті келсе, аяқтан шалып, омақаса құлатуға ұмтылатыны өз-өзінен түсінікті жәйт. Бұл айтылғандар жорамал-пайымдаулар болғанымен, кей фактілер осылай ой қорытуға итермелейді. – Енді Жоғарғы Сотқа шағым­дану қамына кірісіп жатырмын. Ең бастысы, заңсыз бұйрықтың күшін жоюға қол жеткізу. Сонда жұмысқа қайта алу секілді мәселелер өз-өзінен реттелері анық. Қашан әділдікке жеткенше тыным таппаймын, – деді қоштасар сәтте үш жыл бойы шындық үшін шырқырап, табанынан тозып жүрген азамат қайсар мінезінен айнымаған күйі. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.