Абай –165
Қасиетті қарашаңырақ Абайдың “Жидебай - Бөрілі” мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайына осы жылдың ақпан айының басында филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жандос Әубәкір директор болып тағайындалған еді. Білім мен ғылым саласында көптеген жетістіктерге қол жеткізген жас басшы келе іске кірісіп, мұражай төңірегінде топтасқан келелі мәселелерді шешуге қозғау салып, жүйелі іске кірісіп кеткен. Қолға алған іс-шаралардың барлығы мұражайдың негізгі қызмет бағыты, өкілеттік мүмкіндіктері мен басым нысаналары белгіленген “2010-2014 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы” негізінде іске асырылып жатқандығын айта кетуіміз абзал. Тұжырымдамада болашақта іске асырылып, дамыта беретін ғылыми-зерттеу, қор жинақтау, музейлендіру мен тақырыптық-экспозициялық жоспарлар құру, насихат жұмыстары айқындалған.
“Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ”, “Білектей арқасында өрген бұрым” өлеңдері бойынша әдеби-танымдық кештер, Б.Ердембековтің “Абайдың әдеби ортасы” кітабының тұсаукесері, “Абайдың әншісі – Әлмағамбет”, “Абай және тоғызқұмалақ, дойбы ойындары”, “Алаштың Мұстафасы” (М.Шоқайдың 120 жылдығына орай) және Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен кездесу сияқты тағы да басқа шаралар әдебиетші-ғалымдардың, ақын-жазушылардың, Семей қаласының зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткізілген-ді.
Мұражай қызметінің басты бағытының бірі – көрмелер ұйымдастыру болса, ұлы ақынның қарашаңырағы бұл бағытта да елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Еліміздің бас қаласы Астанадағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейінде 14 мамыр – 14 маусым аралығында өткен “Ұлы тұлғалар бесігі” атты көрмеде қазақ халқының ұлы перзенттері Абай, Шәкәрім, Мұхтар әлемін ашатын сирек басылымдар, архив деректері, құжаттар, фотосуреттер, этнографиялық заттармен таныстырды. Көрмені жиыны екі мыңға жуық адам тамашалапты. Сонымен бірге “Гений казахов Абай и татары”, “Абай ұрпақтары – майдан шебінде” атты жылжымалы көрмелер, Риддер қаласындағы Семей күндеріне арналған “Абай, Шәкәрім, Мұхтар әлемінен” көрмелер және де мерейлі күндерге қатысты кітап көрмелері ұйымдастырылған.
18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай “Музей түні” акциясы, балаларды қорғау күнінде “Ашық есік күні” өткізілсе, қалалық “Абай оқулары” да қара шаңырақта ұйымдастырылды.
2010 жылдың 7 маусымында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімов арнайы келіп, Семейдегі бас мұражайда болған еді. Үкімет басшысы “Абай дәуірі”, “Абайдың шығармашылығы”, “Жаз” бөлімдерімен танысып, “Алаш арыстары” экспозициясын аралап, Алаш қайраткерлерінің мемлекеттік, қоғамдық, саяси қызметтерін көрсететін материалдар, фотосуреттер, архив деректеріне қызығушылық танытты.
Мұражайдың мәртебелі қонағы “Зерде” кітабына қолтаңба қалдырып, ізгі ниетін білдіре келе, ұжымға А.Байтұрсыновтың 1929 жылғы қолжазба өмірбаянын сыйға тартқан болатын.
Мұражайдың бүгінгі шырақшысы Жандос Әубәкір сөз басын мұражай тарихынан бастады.
– Абайдың әдеби-мемориалдық музейі 1940 жылы Қазақ ССР-нің Халық Комиссарлар кеңесінің 1 сәуірдегі №347-қаулысы негізінде құрылып, сол жылы 16 қазан күні мереке үстінде ашылған. Қазақ елі тарихындағы тұңғыш әдеби мұражай.
Мұражай 1940-1944 жылдары Бекбай Байысовтың үйінде ашылып, 1944-1967 жылдары Әнияр Молдабаевтың үйіне қоныс аударады. Бұл екі үйдің Абайға үлкен қатысы бар. Ақын 1875-1904 жылдары Семей қаласына келгенде осы үйлерге түсіп жүрген. 1967 жылы Абайдың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында мұражай қаладағы сәулет ескерткіштерінің бірі саналатын, ұлы ақын өмір сүрген дәуір үлгісімен салынған көпес Роман Ершовтың үйіне көшірілді.
1990 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Қаз.ССР Министрлер кеңесінің 05.04.1990ж. №141-қаулысы бойынша ақын мұражайы республикалық дәрежедегі “Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық “Жидебай-Бөрілі” қорық-мұражайы” болып құрылды.
– Қорық-мұражай болып қайта құрылған, 70 жылдық тарихы бар, тарихи-әдеби маңызы аса жоғары мұражайдың бүгінгі бөлімдері мен құрылымы туралы айта кетсеңіз.
– Қорық-мұражай құрамына Семейде: бас мұражай, “Алаш арыстары – М.Әуезов” мұражайы; Абай ауданында: М.Әуезовтің мұражай-үйі (Бөрілі), Абайдың мұражай-үйі, Шәкәрімге арналған “Саят қора” экспозициясы (Жидебай), Көкбай Жанатайұлының мешіт-медресесі (Тақыр), Шәкір Әбенұлының мұражай-үйі (Құндызды); Үржар ауданында: Әсет Найманбайұлының әдеби-мемориалдық мұражайы (Мақаншы); “Абай-Шәкәрім” мавзолей кешені және 16 мемориалдық ескерткіш кіретін 6400 гектарлық қорық алқабы (Жидебай) кіреді.
– Биыл Абайдың туғанына 165 жыл толып отыр. Ұлы ақынның қарашаңырағы осы мерейтойға арнап қандай жұмыстар атқарды?
– Жалпы мұражайлардың басты қызметінің түрлеріне музейлік мұраларды жинау, есепке алу, сақтау, қорларды жүйелеу, қайта қалпына келтіру жұмыстары, көрмелер, экспозициялар ұйымдастыру, тақырыптық дәрістер өткізу жатады. Ал Абай мұражайы тарихи-мәдени, әдеби-мемориалдық мұражай, әрі Абай, Шәкәрім, Мұхтар бастаған дала данышпандарының қара шаңырағы болғандықтан, атқарылар жұмыстардың салмағы да, жауапкершілігі де орасан зор. Яғни, қорық-мұражайдың негізгі қызметі – Абай өмірі мен шығармашылығына және оның айналасын, сол замандағы тарих пен мәдениет құбылыстарын, заттық, құжаттық жәдігерлерді зерттеу, сақтау, молықтыру, қорғау болғандықтан да, біз мерейтой мерзімін тоспай-ақ әр жылы да, әр айда да өзіміздің басты міндетімізді атқарып келеміз.
– Жандос Мағазбекұлы, биыл ақынның мұражайының құрылғанына 70 жыл толады екен. Бұл бағытта қандай жоспарларыңыз бар?
– Мұражай мерейлі мерекесін өзінің ашылған күні, яғни 16 қазанда тойлауды жоспарлап отыр. Бұл бағытта жоспарлы істер атқарылуда.
Мерейтой кезінде абайтану және музейтану мәселелеріне арналған конференция өткізуді жоспарлаудамыз. Осы қарсаңда “Абай мұражайының кітапханасы” сериясымен қордағы естеліктер мен құнды деректер топтасқан кітаптарды, “Абай музейінің жәдігерлері” атты топтаманың алғашқы кітабын, мұражайдың “Ахмет Риза мешіт-медресесі”, “Көкбай Жанатайұлының мешіт-медресесі”, “Шәкір Әбенұлының мұражай-үйі”, “Шәкәрімнің Саят қорасы” бөлімдері бойынша жолтанытқыш буклеттерді, “Абай мұражайының хабаршысы” журналының алғашқы санын жарыққа шығаруды мақсат етіп отырмыз. Болашақта қорда бар естеліктер мен құнды жазбалардың, түрлі туындылардың көрсеткішін де кітап етіп шығарсақ деп ойлаймыз. Ұлылар туған мекен Бөрілі, Жидебай жерінде өткізер шараларымыз бар.
– Әрине, қазақ үшін Абай мұражайының маңызы да зор. Әйтсе де нарық билеген бүгінгі заманда қорық-мұражайдың алдында да шешуін күтіп тұрған күрделі мәселелер бар шығар?
– “Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы”. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының осы қанатты сөзі ұлы ақынға қатысты барлық ұстанымымызды көрсетіп тұрған темірқазық десек, еш артық айтқандық емес.
Ұлы Абайдың қазына қор кеніші – Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы екендігі ақиқат. Ақын қолданған, әрі сол замандағы жәдігерлер жинақталған мұражайдың экспозициясы ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы кезінде жаңартылып, осы кездері мұражай көлемі де ұлғайтылған еді. Мұражай экспозицияларын жаңа заман талабына сай жасау қажеттілігі де қазіргі кезде айқын көрінеді. Бас мұражайда және Жидебай, Бөрілі, Мақаншы жерлерінде орналасқан бөлімдерде реэкспозиция, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі қажет-ақ. “Абай – Шәкәрім” кешені, оның амфитеатрының және де Абай, Шәкәрім күмбездерінің сыртқы қаптама ақ тастарын жөндеу сынды жұмыстарын “Қазреставрация” арқылы істетіп алсақ, ұлылар алдындағы бір парызымызды өтегендей болар едік.
Әрине, бұл жұмыстар орасан зор қаржыны талап етеді. Бірақ, дағдарыстан дамуға бет алған Үкіметіміз, Мәдениет министрлігі қаржы жағынан толығымен қолдайды деп ойлаймыз.
Алда атқарылар жұмыстар сан алуан. Артылар жүк салмақты. Бірақ әр ісімізден бір нәтиже шығарамыз деген сеніміміз де жоғары.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.