Тамыз мәслихаты қарсаңында
Қазір жоғары оқу орындарын бітірген жастардың барлығы бірдей бәсекеге қабілетті маман болып шығып жатыр десек, артық айтқандық болады. Олардың көпшілігі заң, экономика, халықаралық қатынас сияқты мамандықтарды ғана таңдап жүргенін көріп отырмыз. Сол мамандық бойынша бітіргендердің барлығын жұмыспен қамтамасыз ету мүмкін емес. Оны ойлай қоймаймыз, оқыта береміз. Уақыт талабы, сенің қалтаңдағы дипломыңа емес, мамандықты қалай меңгергеніңе тәуелді. Бұл дұрыс. Себебі, болашақ маман университетте теориялық білімін жетілдірумен қатар, практикалық іскерлігін іс үстінде арттыруы қажет. Демек, оқуды практикамен жалғастыра білуі тиіс. Мысалы, бейнелеу өнері және сызу мамандығын алып жатқан студенттер 3-4 курстардан бастап, суретшілік, дизайнерлік орталықтарда, орта мектептерде сабақтан бос уақыттарында жұмыс істеп кәсіби деңгейлерін көтеріп жүр.
Біз мамандықты таңдауға жеңіл қарамай, алдымен өмір сұранысын ескеруіміз керек. Оқуға түсетін талапкерлердің біразы өзінің мүмкіншілігіне қарамай, мамандық дәрежесіне қарап әке-шешесінің тапқан-таянғанын төлетіп оқып шығады. Одан не пайда, өмір заңы бәрібір өз талабын қояды. Диплом қалтада болғанмен, сол дипломмен жұмысқа орналаса алмайды. Өйткені, өзінің жүрек қалауымен оқыған мамандығы болмағандықтан, кәсіби деңгейі төмен. Болашақ мамандық таңдайтын балаларға мектеп қабырғасынан бастап ата-ана, мұғалім өмір сүру заңын түсіндіре білуіміз қажет. Бізде той жасау, мәшине міну, ақша табу сияқты бәсеке кең өріс алып барады. Есесіне ұлт болу, ғылым, білім, рухани байлық мәселелері кенже қалып жатыр.
Бір бірімізден қалай асып түсудің жолында жүргенде бейнелеу өнерінің шет қалуы ойландыратын шаруа. Жұртты кейде өнер көрмесіне шақырып келтіре алмайсың. Көрмелерге келетіндер тек сол суретшінің туған-туыстары, осы мамандықта оқитын студенттер. Мәскеуде аспирантурада оқып жүргенде орыстардың әжептәуір жасқа келген қарттары көрмеге кіруге таңнан кезекке тұрғандарын жиі көретінмін. Мәскеу, Петербордың өнер мұражайларына, концерт залдарына барсаңыз, толған халық. Біз неге сондай емеспіз? Онда көшеге қойылатын ескерткіштердің сапасы жайлы халықтың пікірі ескеріледі. Елге керек өнер туындысы деп қарайды оны.
Өнер туындысы бірінші халықтың көңілінен шығуы керек, еліңнің қажетіне айналуы тиіс деп ойлаймын. Кейбір ғимараттарда қалай болса солай салынған арзан суреттер ілулі тұрады. Бұдан түсінетініміз, бізде өнердің сапасына жауап беретін ешкім жоқ сияқты. Қазіргі кезде бейнелеу өнерінің ұлттық тәрбиеге байланысты туындыларын жазатын суретшілерге көбірек қолдау жасап, олардың еңбектерін мұражайларға қалдыру жағын ойластыруымыз қажет, ол қайталанбайтын тарихымыз. Ұлтымыздың тарихы бейнеленген туындылар біздің халқымызға ғана керек, оны шет ел қажет етпейді. Ұлы Абай атамыздың 33-ші қара сөзінде өнер туралы былай делінген: “…егер мал керек болса, колөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай, адал өнерін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол”. Әулие деген қазақтың түсінігінде ең құдіретті, қасиетті, киелі адам деген мағынаны береді. Осы қара сөзінде ұлы ақын өнерді, жалпы өнер адамын қазақтың қастерлі адамы деп әулиеге теңеп отырғаны тегіннен тегін емес. Мысалы, өнерлі адамдар өз қолдарымен жасаған әдемі заттарын киелі деп қастерлеп, төрге қойып, оны өзінің өсіп келе жатқан балаларына, немерелеріне мұра қылып қалдырып отыратынын білеміз. Бұл біздің елімізде ғасырдан ғасырға жалғасын тауып келе жатқан дәстүр. Менің ойымша, бейнелеу өнерінің мемлекетіміздің дұрыс қалыптасуына тигізер маңызын түсінетін, ұлтқа жаны ашитын азаматтар көп болуы керек.
Мектептегі бейнелеу өнерін алайықшы. Бейнелеу өнері сабағы қай мектепке барсаңыз да бір қосалқы, қажетсіз, пайдасы жоқ сабақ сияқты. Ал шынтуайтына келсек, ұлы тұлғалардан бастап, қазіргі танымал суретшілердің көпшілігі сурет салуды мектеп қабырғасынан үйренді. Енді осы бейнелеу өнері сабағын өз деңгейінде ұйымдастыруда ауыл мектебінің мұғалімі қандай оқу-әдістемелік, көрнекілік құралдар пайдаланады дегенге тоқталайық. Ауыл мектептерінің көрнекіліктермен қамтамасыз етілуі өте төмен, себебі, бұрын Кеңес Одағы кезінде базалық дүкендерде қажетті заттар болушы еді, қазір ондай мекемелер қысқарып қалды. Орта мектепке арналған оқу құралдары мен оқулықтары да сын көтермейді. Жоғары оқу орындарына бейнелеу өнері мамандығына оқуға келетін талапкерлер емтихан тапсыру кезінде бірінші рет гипсті көреді. Ал қаланың балалары болса мұндай заттардың сырын үйреніп алғандықтан емтихан тапсырмаларын жоғары деңгейде орындап жатады. Ал ауыл, қала мектептерінің балаларына қойылатын емтихан талаптары бірдей. Сынақтан кейін ауылдан келген балалардың ата-аналары емтихан қорытындысына қарап: “Біздің балаларымыз неге төмен баға алады? Баламыз мектепте суреттен үздік оқушы еді, сіздердің талаптарыңыз ерекше ме, сонда?”, деп реніштерін білдіріп жатады. Ауыл балаларының бойындағы табиғи қабілеттің ерекше болатынына еш күмән жоқ. Бірақ олар сурет салудың заңдылықтарын білмейді, не сақтамайды. Әрине, бұл баланың кінәсі емес, бұл біздің кінәміз. Мұғалімнің өз міндетіне жауапсыздығы деп түсінуіміз керек. Бір таңғаларлығы, емтихан кезінде ауылдың балалары сурет салу барысында ескеретін талаптарды айтсақ, тез қағып алады. Оны айтасыз кейбір мектептерде бейнелеу өнері сабағын суретке ешқандай қатысы, білімі сәйкес келмейтін “мұғалімдер” оқытып жүргенін естігенде таң қаламыз. Суреттен хабары жоқ мұғалім, сурет салу жөнінде оқушыларға бірдеңе айта ала ма? Мәдениеттілікке, әсемдікке баулудағы олқылықтың бір ұшы осында жатыр. Тағы бір дәлел, 12 жылдық оқудың алғашқы бағдарламаларын жасау кезінде бейнелеу өнерін ән сабағына қосып жіберді. Бұларға аз сағат та жетеді, барлығы сол бір өнер ғой деді. Біздің пікірімізді ескермеді. Сөзімізге ешкім құлақ аспаған еді. Жапон, Батыс Еуропа елдерінде бейнелеу өнеріне деген көзқарас ерекше. Бейнелеу өнері пәнін талап бойынша оқытатын болса, ол өте қиын да, қызықты және балалардың жақсы көретін сабағы. Бейнелеу өнері адамның өзі өмір сүріп отырған ортасының әсемдігін өнер тұрғысынан түсінуіне, эстетикалық талғамының дұрыс қалыптасуына жол көрсететін ең алғашқы ілім. Сурет салуды сүю дегеніміз – ол өмірді, табиғатты, айнала қоршаған ортаны сүю. Бейнелеу өнерімен сусындаған жас ешуақытта жамандыққа бармайды, көшедегі балауса талдарды сындырмайды, маңайын былғамай таза ұстайды, табиғатқа деген қамқорлығы ерекше болады. Ол адамның ақыл-ойын, парасатын өсіреді, танымын кеңейтеді, ізгілікке, әсемдікке үйретеді. Өмірде кездесетін келеңсіз құбылыстармен күресуге тәрбиелеп, ең негізгісі халқына, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікке баулиды. Бұл ғылыми теория емес, шындық.
Сондықтан, сабақты сапалы, қызықты өткізу, балалардың өнерге деген қызығушылығын, сүйіспеншілігін арттыру тікелей пән мұғаліміне байланысты.
Бейнелеу өнері сабағының қоғамдағы алатын орны және тәрбиелік мәні өз алдына ерекше. Өнер сабағының негізгі міндеті – балаларға бейнелеу өнерінің барлық түрлерінен жалпы мағлұмат беру, қарапайым заттардың суреттерін салуды меңгерту, өмірдегі жақсы мен жаманды ажырата білуге үйрету, ұлттық сәндік өнерімізді оқыту негізінде, оқушылардың ұлттық сана-сезімдерін қалыптастыру. Талапқа сай өтілетін бейнелеу өнері сабағында әрбір оқушы, өзін қоршаған ортадағы заттардың әдемілігін, табиғаттың әсемдігін және осы әдемілікті көріп, сезіне біледі. Міне, бейнелеу өнерінің құдіреттілігі қайда жатыр, біз осыны ескереміз бе, ескермейміз? Кейде бала салған суретті құр шимай дейтініміз бар. Шын мәнінде олай емес. Әрбір баланың тақырыпқа немесе ертегіге байланысты салған суреттері ол шығармашылық туынды болып саналады. 1911 жылы Италияның өнертанушысы, ғалым Корадо Риччи “балалар нағыз суретші” деп жеткіншектердің салған суреттеріне жоғары баға берген. Неміс зерттеушілері Кршенштейнер, Лампрехт, ағылшын зерттеушісі Селли, орыс зерттеушілері Рыбников, Бакушинский, Игнатьев жер бетін мекен еткен халықтар балаларының бала кезінде салған суреттерінің деңгейі, бағыты, қолданатын композициялық шешімдері ұқсас екенін дәлелдеген. Егерде балалардың табиғи сурет салу деңгейі бірдей болса, әрі қарайғы дамуы, қалыптасуы өзімізге байланысты болатынын осыдан аңғару онша қиын емес шығар. Астанамызда 19 қазақ, 17 орыс, 28 аралас мектеп бар екен. Өткен оқу жылында елордалық 48 633 қаракөз қазақ мектебінде оқыса, орыс тілді мектептің партасында отырған қазақ балалары да аз емес болып шықты. Астананың қазақпыз дейтін 16 820 баласы орыс сыныптарында білім алады екен. Қазақтың өз елінде тұрып, өзге тілді мектепте оқытуына не себеп болып отыр. Әлде қазақ мектептері қауқарсыз ба? Баласын орыс мектебіне берген қаладағы ата аналардың біразы өз әрекеттерін қазақ мектебінің үйінен қашықтығымен байланыстырады. Көпшілігі қазақ тілді оқулықтар сапасының нашарлығын алға тартады. Осындай ойлар жоғары оқу орындарының атына да айтылып жатады. Мұны ұлтымыздың болашағын ойлаған “жанашырлардың” жан айқайы емес, шала қазақтардың “мансап” деген ойлары деп түсінгеніміз жөн секілді.
Орта мектептерде сапалы білім беруді жетілдіру үшін менің ойымша мынадай мәселелерге көңіл бөлу қажет: бірінші ауыл мектептерінде зертханалар ұйымдастырылып, оған мамандар, ғалымдар жетекшілік жасаса, жүйелі ғылыми, оқу әдістемелік жұмыстар жүргізіліп тұрса. Екінші, ең үздік мектеп ұстаздарын ғылыми жұмыспен айналысуға бейімдесек. Мектепте орындалатын ғылыми жұмыстар тек мұғалімнің категориясын көтеру кезінде ғана талап етілмейтін болса дейміз. Сондай-ақ бастамашыл мұғалімдерді ғылыми конференцияға шақырып, жақсы баяндамаларды ғылыми жинақтарға енгізуді қолға алсақ. Үшінші, ғылыммен айналысып жүрген ұстаздардың еңбек ақысына қосымша ақы төлеу қажет тәрізді. Төртінші, біліктілік көтеру факультеттеріне негізінен шалғайда жатқан ауылдардың ұстаздарын көбірек жіберу, аудан орталықтарында арнайы семинарлар өткізіп тұруды дәстүрге айналдырсақ ұтар едік. Бесінші, ауыл мектептерінде оқитын талапты, талантты жастарға жоғары оқу орындарына түсу кезінде ерекше қамқорлық жасалса. Алтыншы, тамыз кеңесіне педагогика саласының ғалымдарын қатыстыру дұрыс жолға қойылса, оқу бағдарламаларын құрастыруда ғалымдармен бірге қазақ мектептерінің тәжірибелі ұстаздары тартылса, ортақ істе олқы болмас еді.
Сейтқали АМАНЖОЛОВ, педагогика ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ бейнелеу өнері кафедрасының меңгерушісі.