Президент поштасынан
Елбасының атына Оңтүстік Қазақстан облысы жұртшылығы атынан бір топ ақын-жазушы және еңбек ардагерлері қол қойған хат келді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Оған ақындар Х.Есенқарақызы, Ә.Аймақ, жазушылар Е.Тұрысов, М.Байғұт, еңбек ардагерлері Н.Әжіметов, С.Барақова, Д.Бопова, Ә.Жақсыбаев, С.Қалғынбаев, А.Сүгірәлиев, “Азаматтық Альянс” қоғамдық ұйымдары қауымдастығының төрайымы К.Әліпова, Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті клиникасының директоры И.Байдәулетов, ОҚПУ “Отырар” институтының профессоры Ө.Ғұбайдуллин, “Біздің жанұя” газетінің бас редакторы Б.Қонысбек, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, мектеп директоры Р.Пак, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Д.Шерімқұлов және Еңбек Ері Б.Шүкірбеков қол қойған.
Авторлар Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2010 жылғы 5 тамыз күнгі Қазақстан халқына арнаған Мәлімдемесіне қолдау білдіреді.
“Жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Үстіміздегі жылғы 1-2 желтоқсан күндері Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Саммитін елордамыз Астана қаласында өткізу Қазақстан және оның әрбір азаматы үшін асқақ абырой, аса зор мәртебе. Бұл – шын мәнінде қазақ даласында бұрын-соңды болмаған тарихи оқиға, – деп жазады хат иелері. – Осынау тарихи шешімді ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер өкілдерінің бірауыздан қабылдауы – тәуелсіз мемлекетіміздің әлем елдерінің алдындағы беделін және Сіздің халықаралық деңгейдегі саясаткер екендігіңізді тағы да әйгілеп отыр. Ежелден ынтымақ пен бірлікті ту еткен халқымыздың бүгінгі жетістіктері, тыныс-тіршілігі өзгеге өнеге боларлықтай. Өзіңіздің ерен еңбегіңіздің нәтижесінде Қазақстанның ұстанып отырған саясатын – жаһандық қауіпсіздікті, ұлтаралық, дінаралық қарым-қатынастарды нығайтуды, геосаяси ахуалды жақсартуды – әлем елдері мойындап қана қоймай, Еуропаның төрінен орын берді. Енді Астана Саммиті өткізілгелі отыр. Бұл қазақ және жаңа Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылатын парақтарының бірі екендігі сөзсіз”.
Одан әрі: “Әлемдік қауымдастыққа Ұйымның “Хельсинкиден Астанаға дейінгі” эволюциясын паш етуді жоспарлап отырған осы маңызды шараның аясы кең, мақсаты жоғары. Сондай-ақ еліміздің бұл ұйымға төрағалығы еуропалық қауіпсіздік ұғымын еуратлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік ұғымдарына айналдыруға күш салып келе жатқандығы қуантады. Жаңа мыңжылдықта бүкіл қазақстандықтардың мақтанышы – әсем Астанада өтейін деп отырған Саммиттің еліміздің беделін асқақтата түсетініне, Өзіңіздің басшылығыңызбен осынау жауапкершілігі жоғары істе абырой биігінен көрінетініне біздің сеніміміз мол”, делінген хатта.