Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізуге дайындық мәселелері жөнінде жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Оған Сенат Төрағасы Қ-Ж.Тоқаев, Мәжіліс Төрағасы О.Мұхамеджанов, Премьер-Министр К.Мәсімов, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев, Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин, “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Н.Нығматулин, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, Астананың және Қарағанды облысының әкімдері қатысты.
Биылғы жылдың 3 тамызында ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесі Астанада 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда осы ірі халықаралық ұйымның Саммитін өткізу туралы нақты шешім қабылдады. Бұл бүкіл посткеңестік кеңістік деңгейінде алғашқы ірі ауқымды шара болып табылады. Елімізге 55 мемлекеттің, 65 халықаралық ұйымның басшылары, делегацияларға еріп жүрушілер, баспасөз өкілдері – барлығы бірнеше мың қонақ келеді.
Кеңес барысында Президент осы тарихи кездесуді мазмұнды әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру және өткізу үшін үлкен жұмыстар күтіп тұрғанына тоқталып өтті.
Жоғары деңгейде Саммитті өткізу, елімізді көрсету және жас астанада осындай форумды өткізу мүмкіндігі – біз үшін үлкен құрмет және зор жауапкершілік, – деді Н.Назарбаев.