Алматыда Қазақстан Бокс федерациясының кубогы жолында өтіп жатқан жекпе-жектердің кезектісі өтті.
Бұл жолы “Оңтүстік” дивизионына кіретін Жамбыл облысы мен Алматы қаласының боксшылары қолғап түйістірді. Оңтүстік өңірдің бокс жанкүйерлері көптен бері күткен жекпе-жекте жамбылдық өрендер 18:12 есебімен жеңіске жетті.
Алматыда Қажымұқан Мұнайтпасұлы атындағы республикалық спорт колледжінің аренасында өткен айқастарға екі жақтың да боксшылары жақсы дайындықпен келгендерін көрсетті. Мұның алдында Шығыс Қазақстан мен Алматы облысының арасында болған кездесуге осы командаларды бастап келген Ерлан Можанов пен Еділ Тұрсыновтың шәкірттерін жақсы дайындағаны сияқты Болат Ниязымбетов пен Нұрлан Ақүрпеков (Жамбыл облысы) боксшыларын Алматы аренасына қайрап шығарды. Соның нәтижесінде он салмақтағы сындардың бәрі де қызықты және тартысты, жанкүйерлердің ішін пыстырмай, көңілдерінен шығатындай өтті. Мұнда ең жеңіл, яғни 49 кг. салмақта әуелі Алматы қаласының өкілі Әнуар Мұзафаров жеңіске жетті. Ол тараздық Нұрлан Әбдірайымовты 11:6 есебімен ұтса, келесі, 52 кг. салмақта шаршы алаңға шыққан белгілі боксшы Олжас Сәттібаев алматылық Хабиболла Исмаил-Ахуновты әдемі жеңіп, командалар арасындағы есепті теңестірді. Бұл кездесуде ол қарсыласын 5:3 есебімен ұтып, оның рингте еркін қимылдауына еш мүмкіндік бермеді. Осыдан кейін оның жерлестері Мұхит Амантаев (56 кг.) пен Ғани Жайлауов (60 кг.) есепті еселеп, өздерінен тәжірибесі аздау боксшылардан басым түсті. Ал келесі, 64 кг. салмақта алматылық Батыржан Жүкенбаев қарсыласын 5:1 есебімен жеңсе, одан кейін шаршы алаңға көтерілген тараздық боксшылар Мақсат Әлімбаев (69 кг.), Хусан Байматов (75кг.) пен Александр Московский (81 кг.) өз салмақтарында жеңіске жетті. Осы күні Алматы қаласының атынан сынға түскен Нұржан Тұрғыжинов (91 кг.) пен Рустем Іргебаев (91 кг. жоғары) соңғы жекпе-жектерде қарсыластарынан басым түсті. Мұнда Нұржан Вячеслав Шабранскийді 1:0 есебімен ұтса, Рустем 4:2 есебімен Иван Безвярхийді әдемі тізе бүктірді.
Енді келесі жекпе-жек 21 тамыз күні Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарының арасында өтеді. Осы орайда Қазақстан Бокс федерациясының кубогы сияқты айқастардың өткізілуі жастардың нағыз тәжірибе алатын алаңы болса, тәжірибелі жігіттерімізді тағы бір сынап алатын жарыс болып отырғанын атап өткен жөн. Осындай сындарда Бокс федерациясының басшысы Тимур Құлыбаевтың ұлттық құрамаға да, жастар құрамасына да ерекше мән беріп, олардың дайындығы үшін барлық жағдайды жасап жатқанын, ал облыстық федерациялардың өз жұмыстарын тиісті деңгейде атқарып отырғанын көруге болады.
Дастан КЕНЖАЛИН.