18 Тамыз, 2010

Уақыт талабына сай

571 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Тіл бағдарламасы жобасын талқылаймыз Ерен талантымен елімізді сара жолға салып, жарқын болашаққа сеніммен алып келе жатқан Пре­зидентіміздің байсалды ойы мен келешекті болжай білетін даналығына қандастарымыздың да, жат жұрттық достарымыздың да көздері жеткеніне талай уақыт болып қалды. Мемлекеттік тілге қатысты да Нұрсұлтан Әбішұлы жайында дәл осылай деу тек шындыққа жатар еді. Елбасы халықаралық, мем­ле­кет­тік әр алуан басқосуларда мазмұнды сөзінің орай­ын келтіріп айтса да, арнайы көңіл аударса да, туған тіліміздің тағдыры мен болашағына тоқталмай өткен емес. Сол пікірлерінің қай-қайсысы да халқына деген перзенттік сүйіспеншіліктен туындап жатқан нәзік сезім мен жан тебірентерлік философиялық толғамға толы болып келеді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қайсы­бір отандастарымыз еліміздің патриоты бол­ған­сып, мемлекеттік тіл жер үстіндегі мемлекет­тердің түгелге жуығында бір ғана халықтың тілі болып жатқанын біле тұра,көптілді мемлекеттік тіл болуын уағыздап, жа­санды дау-жанжал ұйымдастырған сәттерде Нұ­рекеңнің өзі де ел ағасына лайық сабырлылық сақ­та­ды, қандас­тарын да тыныштыққа шақырды. Ол аз десеңіз, мұндай мәселені шешуде асығыстықтың еш­қандай пайда бермейтінін, бір елдегі заң­дылықты екін­ші елге ой таразысынан өткізбей, санаға салып ақыл­даспай, қабылдай салудың қисынсыздығын, тіпті қауіптілігін ескертумен болды. Айтса айтқандай, сол тұста біздің ел ішінде де Балтық жағалауындағы мемлекет­тер­дегі тіл туралы реформаларға таңқалу­шы­лар, Беларусьта атқарылып жатқан шараларға қуа­­ну­шылар, Голландиядағы лингвистикалық по­лицейді хош көрушілер, әр жерде көбейіп кеткен-ді. Сондағы мақсаттары – тіл туралы заң мен тәртіп­ті аз уақыттың ішінде орната қою. Қазір ше? Қазір Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың озық ойы мен салиқалы саясаты салтанат құрып отыр. Уақыт өте келе қазақстандықтардың ара­сын­дағы татулық өз арнасына түсіп, әдеттегідей сәнімен жалғасып жүре берді. Қазақтардың саны өсті. Қазақ тілі басымдықпен даму жолы­на түсті. Оған өзге­лер­дің ана кездегілердей іштарлығының, қызғанышының ізі қалмады деуге болады. Басқа этностардың тіліне қа­зақтардың теріс көзқарасы бұрын да болған жоқ еді, ол тілдерде сөйлейтіндер әлдекімдер таратқан “тек мемлекеттік тіл дамуға тиіс, өзге тілдердің бәрі ұмыт болмақ” деген “насихат­тың” жалған екенін түсінді. Бүгіндері мем­лекет­тік тілді оқып-үйренуге құлықсыздық танытып, “оқу құралдары жоқ, бізге жағдай жасалмаған” дейтіндер жоқтың қасы. Ал “қазақ тілі ғылым тілі болуға икемсіз” дейтін ғалымсымақтардың да үндері өшті. Осы жайларды ескерер болсақ, Мәдениет ми­нистрлігі әзірлеген “Тілдерді қолдану мен дамы­ту­дың 2011-2020 жылдарға арналған мем­лекеттік бағ­дар­ламасы” дер кезінде жүзеге асуға тиісті ерекше мәні бар шаралардың бірі екен­дігіне еш дау болмаса керек. Оның маңызды­лығы мынада: біріншіден, өз еліміздегі осы салада қабылданып, орындалып жат­қан қаулы-қарарлар мен әр түрлі шаралар, сондай-ақ көп­теген шет елдердегі осы тақілеттес заңдардың озық үлгілері мен тәжірибелері ескерілген; екін­ші­ден, Қазақстан Республикасындағы жүргізіліп келе жат­қан үлкенді-кішілі ұйымдастыру, әдістемелік жұмыстарға шолу жасалып, салыстырылған, жетіс­тіктерімен бірге, кемшіліктері де ашып көрсетілген; нақтылы деректер келтірілген. Бұған дейін мем­лекеттік тілге байланысты бұл тәріздес кең ауқым­дағы терең мазмұнды бағдарлама Үкіметтің назарын мұншалықты аударып, сол деңгейде министрліктер мен ведомство басшылары, орта, жоғары оқу орын­дарының жетекшілері, ғалымдар, облыс әкім­дік­терінің, БАҚ-тың өкілдері қатынасып, Премьердің басқаруымен талқыға түсіп көрген емес. Бұл бағдарламаның салмағын арттырып, өмірге қажеттілігін өсіре түссе, оның құрылымы да зерделей қараған зиялы қауымды бейжай қалдырмайды. Бұл бағдарламада бұрыннан қанша сөз болып жүрсе де, іске асырудың реті келмеген іс-шаралар назарға алы­нып отыр. Мысалы, қазақ тілінің үздіксіз моделі жүзе­ге аспақ. Балабақша, мектеп, жоғары оқу орны, мемлекеттік қызмет жүйесі арқылы тілді үзбей оқыту оң нәтиже береріне дау жоқ. Өмірлік таңдап алған ма­мандығымыз тілге тікелей қатысты болған біздерді әңгіме арқауына айналып отырған шаралар қуан­та­ды. Тек осы салаларға жауапты адамдар үздіксіз үй­ре­ту моделінің үзіліп қалмауын тұрақты қадағаласа деймін. Сөйтіп, әкімдіктер, Білім және ғылым ми­нистрлігі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тіл мә­селесіне, әсіресе мемлекеттік тілге деген қам­қор­лықты бірінші кезекке қойғандары жөн болар еді. Бағдарлама “Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігі­нің басты факторы”, “Мемлекеттік тілді кеңі­нен қолда­нуды көпшілікке тарату”, “Дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың күш-қуаты” және “Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту” деген қадау-қадау төрт мақсаттан тұрады да, олардың әр­қайсысы нақтылы міндеттерге жіктеледі. Соның арқасында жалпы мақсаттар барынша дәлденіп, ат­қарылар жұмыстар айқындала түседі. Демек, бағ­дар­ла­ма құрылымының өзі үлкен ұжымдық, кәсіби ойдың қорытындысы ретінде ұсынылып отыр. Алайда аталған мәселелер бұған дейін сөз болып келген деген пікірімізді тағы қайталауға тура келеді. Бастысы сол, құрастырушылар бұрын өмірге ен­гізіліп келе жатқан жайларды еске салумен шектеліп қалмай, оларды заман талабына сай жаңа қырымен сипаттап, өте орынды жасаған. Осылайша бағдарламада айтылған тұжы­рым­дармен толық келісе отырып, іс-шаралардың орын­далуына аз да болса септігін тигізуі мүмкін деген сеніммен көңілде жүрген пікірлерді ортаға салуды жөн деп білдік. Қоғам дамуына сай бұқаралық ақпарат құ­ралдарының тілі, бұдан ондаған жылдар бұрынғымен салыстырғанда, әлдеқайда сұлу­ланып, көркемделіп келе жатыр. Бұл көп жағ­дайда сөйлемдер мен мәтіндердің құрылымы­ның әр түрлі және тартымды болып келуінен бай­қалады. Соған қарамастан, ресми материал­дардан баспасөзге ауысып отыратын, яғни газет-журнал беттерінде жарияланған сөздердегі олқылықтар мен шалалықтардың аз кездеспей­тінін атамасқа болмайды. Мәселен, қайсыбір ұйым бас­шы­лары қазақтың “мәселе” сөзін “сұрақпен” қисын­сыз алмастырады. “Бүгінгі жиналыста төрт “сұрақ” қаралады. Осы “сұрақ­тар” бойынша кімдерде “сұрақ” болуы мүм­кін?” деп жатады. Сол сөздерді ай­тушылар, бір қызығы, таза қазақша сөйлейтіндер. Сонда со­лардың ана тіліміздегі осы сөздің көп­ма­ғы­налы екенін түсінбегендігі бізге тіптен түсініксіз. Тегінде, бұл да болса ана тіліне жауапсыз қарауды көрсетеді. Бір танысымның айтуына қарағанда, бір университеттің ректоры есігіне “Әр түрлі сұрақ­тар­мен келушілерді қабылдау” деп тақта қақтырыпты. Шамасы, қазақ тілін білетін, мәдениетті ақыл берген бағыныстыла­рын тыңдамағаны ғой. Сол сияқты, “ми­нистр­мен бекітілген”, “институтпен ұсынылған” дейтін тіркестер де жиілеп кетті. Осыдан екі-үш жыл бұ­рын ғылым саласы бойынша Мем­лекеттік сыйлыққа конкурсқа түскен шығар­ма­лардың “инс­титутпен ұсынылған” деп тізімге енгізілгенін көрдік. Бұл ыңғайда бірнеше адамның саналы түрде жі­бер­ген қателігі көзге ұрып тұрады. Олар – институт ди­рек­торы, институттың ғалым хатшысы, министр­ліктегі жауап­ты адам, Мемлекеттік сыйлық беру комитетінің жауапты адамы және аудармашы. Өйт­кені олардың бәрі құжаттың толтырылуына жауап­сыз қараған, ал аудармашы болса – бұған қоса, салақтық пен сауатсыздықты бірдей танытып тұр. Бұлайша орыс тіліндегі септіктер мен қазақ тіліндегі септіктерді бірдей деп есептеп, “книга, подаренная мною” дегенді “менімен сыйланған кітап” немесе “желаю успехов” дегенді “табыстарыңыздың тілей­мін” деуіміз керек пе, “любимое мною дело” дегенді “менімен сүйетін іс” дейміз бе? Тыңдаушының нені ұғарын білмейтіні, түсінбейтіні былай тұрсын, сол тыңдаушыңыз сөйлеушінің денсаулығына күдік келтірер еді. Сөйтіп, қазақ тілінен беймақұрым аудармашы “бір қарын майды шіріткен” құмалақты еске салады. Мұндай істе аудармашы ұстаудың еш қажеттігі жоқ. Дәл осы міндетті әр министрлік пен ведомствоның құрамындағы жауапты хатшыға тапсырған ақылды көрінеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап, ұлттық она­мастика кеңістігін өзінің төл бояуларымен, нақыш­тарымен өрнектеуге батыл және берік бағыт ұсталды. Тек Астана қаласының өзінде, оның құрамындағы елді мекендерде 800-ден ас­там көшелер мен алаң­дар­дың атаулары өзгер­тілді. Бас қаланың көп­теген көшелері тота­ли­тарлық кезде заңсыз аталмай, тіпті ұмыт болып бара жатқан бабаларымыздың, ұлы тұлғалардың есімдерімен аталатын болды. Жаңадан бой көтерген мәдени орындар, мектептер де қазақ­тың даңқты ұлдары мен қыздарының есім­дерімен аталатын болды. Мұны қала әкімдігі атқарған тарихи оқиға деп атауға әбден болады. Бұл істе де кемшілік жоқ емес. Астанамыз­дың басты даңғылдарының біріне КСРО Ғылым ака­де­мия­сының академигі атанған, Қазақ ССР Ғылым ака­демиясын ұйымдасты­рып, ашушы, әйгілі қоғам қайраткері У.Чер­чилль өте жоғары баға берген Қ.Сәтбаев есімі­нің берілмеуі, басқаларды былай қой­ған­да, шет елдерден келіп жататын ғалымдар мен мә­де­ниет қайраткерлерінің алдында ыңғайсыз. Бүкіл халқымыздың ұстазы болған Ы.Алтин­сарин мен А.Байтұрсынұлының есімдерімен аталатын мектеп елордада жоқ. Оның есесіне, үш-төрт қала мектептерінде есімі бар ақындар­дың фамилиялары Астана мектептерінің маңдайшасында жазулы тұр. Көше атауларында бірізділік, стандарт сақталмаған тұстар байқалады. Кенесары көшесі, Брусиловский көшесі деуге үйреніп кеткенімізбен, күйші Дина көшесі деуіміз керек екен. Неге олай екенін ешкім ұғындыра алмайды. Бізден сұрасаңыз, ретсіздігін айтар едік. Қазақ тілін білмейтін талайлардың күйші сөзін айта алмай, қиналып жүргенін көрдік. Мерзімді баспасөз беттерінен елді мекеннің, кө­шенің атауларын ауыстыра берудің мысалдарын кез­дестіріп жүрміз. “Егемен Қазақстаннан” оқыға­ны­мыз­дай, Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауылының бір “мықтысы” Құдайдың сәтті күн­дерінің бірінде “Менің ауылымда көше неге Мұқан Төлебаевтың атымен аталады? Оның біздің ауылға сіңірген қандай еңбегі болыпты? – деп ашуланып, аудан әкімдігіне барып, өзінің бабаларының бірінің атына өзгерткен көрінеді. “Бақсақ, бақа екен” дегендей, “бұл көшені өзім күтіп-баптап жүремін” десе, аудан әкімі өтінішті орындайтын көрінеді. Белгілі бір мекеме, ұйым немесе әкімшілік атау­ла­рын жазуда қателікке көп ұрынып жатамыз. Бірік­кен сөздерден жасалған атау болса, ол сөздерді екіге, үшке бөліп, арасына дефис қою әдетке айналып бара жатыр. Астанамыз Сарыарқаға көшіп келді, Астанада Сарыарқа ауданы бар. Осындағы Сарыарқаны Сары-арқа деп жазғанды ұнататындар бар. Ақорданы да әркім әртүрлі жазады. Сонда олар қандай ережеге сүйе­неді. Мұндай екі сөзден ғана емес, үш сөзден құ­ралған атау да біріктіріліп жазылуы керек. Кей­бі­реулер Алатау, Көкшетау, Қаратау сөздерін біріктіріп жазады да, Сандықтауды бөлек жазғысы келеді. Атау болғандықтан бәрі де стандартқа бағынулары қажет. Қазақтың лингвистикалық капиталын байыта түсетін, тілдің мәдениетін арттыратын, бәрімізге ортақ тілдің мәртебесі мен абыройын көтеретін іске баршаны жұмылдыратын аса құнды бағдарламаның жүзеге асуын тілейміз. Мырзатай СЕРҒАЛИЕВ, академик.