Алматыда Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық сараптау және мониторинг ғылыми-практикалық орталығында Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы, еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Кеңес Оспановтың қатысуымен полиомиелитке қарсы иммундау жайында баспасөз мәслихаты өтті. ДҰҰ-ның балалар қоры сарапшыларының, АҚШ-тың жұқпалы ауруларды бақылау орталығы өкілдері мен жауапты ғалым-мамандардың қатысуымен болған алқалы жиында бас санитарлық дәрігер Қазақстанның барлық аумағында қыркүйектің 6-11-і аралығында 6 жасқа дейінгі балаларды полиомиелитке қарсы иммундау жүргізілетінін мәлімдеді.
– Көрші елдерде полиомиелитпен сырқаттану бойынша эпидемиялық жағдайдың күрделеніп кетуіне орай, Қазақстанның барлық аумағында қыркүйек айының 6-11 аралығында 6 жасқа дейінгі балаларды полиомиелитке қарсы қосымша бір қайтара жаппай иммундау жүргізіледі, – деді Кеңес Оспанов. – Вакциналауды ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жоспар бойынша дайындалуда. Мәселен, 6500 егу пункттерінде 4200 бригада, ал, елді мекендерден алыс жатқан жерлерде көшпелі 1200-ден аса бригада жұмыс істейтін болады. Аталмыш шараға 8400 дәрігер-фельдшер мен 5700-дей вакцинаторлар тартылмақ.
Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, ең тиімді саналатын вакцина Бельгия елінен сатып алынып, ДДҰ-мен сертификатталған. Бұл иммундау шарасын жүргізуге мемлекеттік бюджеттен 64 млн. қаражат бөлініп, қыркүйек айының 11-не дейін 1 миллион 800 мың баланы егу жоспарланған.
Жалпы вакциналау егу арқылы емес, дәмі тәтті сұйық затты баланың аузына тамызу арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, бүгінге дейін иммундау жүргізу бойынша дәрігерлер арасында арнайы семинарлар, дәрістер, дөңгелек үстелдер, түсіндіру, дайындық жаттығу жұмыстары жүргізілген. Ал ДҰҰ балалар қорының қолдауымен 630 мың баспа материалдары, буклеттер мен парақшалар дайындалған.
Жылына еліміздің шекарасы бойынша 8 млн. 100 мың шетелдіктер өтетінін, әсіресе, полиомиелит орын алған Тәжікстаннан Қазақстанға 25682 адам өткенін жеткізген Кеңес Оспанов бұл аурудың кіру қаупі бар екендігіне тоқтала келіп, полиомиелит мүгедектікке, өлімге соқтыратындықтан барлық ата-аналарды бұл шараға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.