Кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада “Ата Заңым – асыл Заңым, қуатым!” тақырыбында кітап көрмесі ашылды. Ел Конституциясы күніне орайластырылған бұл көрмеге Астанадағы “Шығыс” балалар және жасөспірімдер орталығының оқушылары, Республикалық гвардияның әскерилері шақырылған екен.
“Биыл Тәуелсіз Қазақстан Конституциясының 15 жылдығы. Осы кезең аралығында қазақ жерінде мемлекеттілік пен экономикамыздың берік іргетасы қаланды. Қазақстандық патриотизм мен қазақстандық тепе-теңдік қалыптастырылып, ұлтаралық келісіммен, қоғамдық тұрақтылықпен қамтамасыз етудің өзіндік моделі жүзеге асырылды. Бүгінде еліміз жан-жақты әрі жедел даму жолын таңдады. Ал еліміз жеткен жетістіктер мен өзгерістердің барлық үдерістерінің бастауы ел Конституциясы екені айқын”, – деді көрмеге шолу жасаған кітапхана қызметкері Алмагүл Ысқақова.
Демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құрудың негізі – Конституция күніне арналған көрме бірнеше бөлімнен тұрады. Олар “Президент. Парламент. Үкімет”, “Конституция – құқықтар кепілі”, “Қазақстан мемлекеттілігінің тарихы”, “Қазақстан – жасампаз жетістіктер жолында” деп аталады.
Көрмеге Елбасының “Ғасырлар тоғысында”, “Тарих толқынында”, “Сындарлы он жыл” секілді көптеген кітаптары мен Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне қатысты жазылған арнайы еңбектер, сот жүйесі мен құқық салаларына арналған кітаптар қойылған екен. “Бұл көрменің сөресінде түрлі тақырыпқа сәйкес 450-ге жуық кітап пен фотосуреттер, басқа да маңызды құжаттар қойылған. Бұлардың барлығын еліміздің тәуелсіздік тізгінін қолға алған жылдардан бергі жеткен жетістіктері мен бағындырған белестерінің көрінісі, айқын дәлелі десек те болады”, дейді Алмагүл Сәкенқызы.
Ал Республикалық ұланның шұғыл мақсатты ротасының қатардағы жауынгері Ерлан Ускенов өз сөзінде көрмеге қойылған еңбектер мен құжаттардың маңыздылығына тоқталып, олардың әр парағы тұнған тарих екенін атап өтті. “Бұл жердегі материалдар Қазақстанның әр жылдарда жүріп өткен жолынан хабар береді. Болашаққа бағдар жасауға мүмкіндік аласың. Сондықтан, мұндай шаралардың орны айрықша”, – дейді ұландық сарбаз.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.