18 Тамыз, 2010

Ақмола өңірінде болды

528 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Пар­ла­менті Мәжілісі Төрағасының орын­басары Жәнібек Кәрібжанов жұмыс бабындағы сапармен Ақ­мола облысында болды. Төраға орынбасары облыс ак­тивінің жиналысында Парламент­тің заң шығарушылық қызметін ел дамуының басты бағыттарымен байланыстырды. Елбасы Н.Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кін­діктері” Жолдауынан туындай­тын міндеттер ауқымында қабыл­дан­ған заңдық актілер де өз жемісін беруде. Сондай-ақ Мәжіліс қор­жынында жатқан заң жобалары мұқият талқылаудан өткізілуде. Мәжіліс спикерінің орынбасары “Көкшетау минералды сулары” АҚ, керамикалық кірпіш шы­ға­ра­тын “Енки” ЖШС-да болып, озық технология мен жабдықтардың өндірісте пайдаланылуы, еңбек өнім­ділігі, салықтық түсімдер кө­лемі, жұмысшыларға жасалып жат­қан жағдайлармен танысты. Кең ауқымды “Арман” балалар бақша­сын аралаған ол заманалық нысан­ға “Балалар сарайы” деген баға берді. Жәнібек Кәрібжанов түстен кейін “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының ғимаратында азамат­тар­ды өтініштері бойынша қабыл­дады. Оған Ақмола облысының әкімі, партияның облыстық фили­алы­ның төрағасы Сергей Дьяченко мен оның орынбасары Ғалым Шой­кин қатысты. Жәнібек Сәлім­ұлы бес мәселе бойынша тоғыз кісінің өтініш-шағымын мұқият тың­дап, тиісті шешімдер қабылда­на­тынын хабарлады. Атап айт­қан­да, Макинка қаласы Каменный ка­рьер шағын ауданын жылумен қамту мәселесімен арнайы комис­сия айналысатын болды. Ал әскери зейнеткер Марат Ганиевтің тұрғын үйге сұранысы қолданыстағы заң­дық актілерге сай жеке қаралады. Жақсы ауданындағы “Түгел-С” ЖШС директоры С.Жүнісов пен көкшетаулық жеке кәсіпкер П. Первухиннің жер қатынастарына байланысты дауларын сотқа жүгіну арқылы шешуге кеңес берілді. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.