Қазақ өнеріне шашасына шаң жұқпаған талай дүлділдерді берген Оңтүстікте Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдық мерейтойы үш күнге созылды. Ас ішіп, табақ босатқан аста-төк той емес, тағылымды той.
Той 15 тамыз күні таңертең облыстық тарихи-өлкетану мұражайында “Шәмші әлемі” көрме экспозициясының ашылуымен басталды. Өмірі мен шығармашылығы кеңінен көрсетілді. Жеке заттары, портреттер, музыкалық аспаптар, туындылары, ән жинақтары, Шәмші фестивальдерінен фотосуреттер көрсетілді. Шәмшінің әкесі, темірден түйін түйетін ұста, мұсылмандық сауаты үлкен зиялы қария, ақын Қалдаяқ Домбыұлына көрменің бір бөлігі арналған. Кешегі Қарақоңыр, бүгінгі Шәмші ауылының ересек тұрғындары Қалдаяқ ұста қайтыс болған күні темірді балшықтай илеген қайқы төсі түні бойы шыңылдап жатты деседі.
Көрмеден соң Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда фестивальге байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Ұйымдастыру алқасы төрағасының орынбасары, облыстық мәдениет басқармасына бастық болып тағайындалғанына оншалықты көп болмаған, түбін қаузасаң қалам ұстаған журналистер ауылының түлегі Күлия Айдарбекова фестивальдың биылғы ерекшеліктерін тартымды баяндап берді.
Сол күні кешке “Шәмші әлемі” кешенінде Шәмшінің ескерткіші мен еліміздің мәдениетінің, өнерінің өркендеуіне үлес қосқан сазгерлер мен әншілердің аттары жазылған “Жұлдыздар” аллеясының ашылу салтанаты өтті.
Жұлдыздар аллеясының ашылу салтанатында облыс әкімі Асқар Мырзахметов, Шәмшінің ұлы, дирижер Мұхтар Қалдаяқов сөз сөйледі.
Облыс әкімі А.Мырзахметов “Жұлдыздар” аллеясына аттары жазылған композиторлар мен әншілерге рет-ретімен куәліктер беріп, “Шәмші әлемі” кешенінің құрылысына үлес қосқан мекемелер мен жеке азаматтарға облыс әкімінің сертификаттары мен алғыс хаттарын тапсырды.
Үш күнге созылған фестиваль күнделігін сыдыртып жаза беруден гөрі біз басқа қырларын қамтуға тырыстық. Қадыр Мырза Әлі айтқандай, Шәмші әндерінен географиялық жағынан Қазақстанның картасын жасауға болатындай кеңдігін фестиваль тағы да көрсетті. Атағы қазаққа ғана емес, алашқа тараған, әндерін сан ұлт өкілдері айтып жүрген Шәмші осындай ұланғайыр құрметтің бал шырынына тояттап өтті ме? Әрине, жоқ.
Ретро-фестивальға сол күні Шымкенттің жартысы көшіп келген шығар. “Шәмші кешені” соншалықты адамды қабылдай алмайтындықтан, ұйымдастырушылар жағы кешеннің жан-жағын темір шарбақтармен қоршап, арнайы шақыру билетімен кіргізген. Біз де өттік билетпен. Артымыздағы таныс кісілерді көз шалған. Егде адамдар. Шәмші әндерімен өскен ұрпақ оразасын ашпаған күйі осында келген. Әнмен ашуға. Еріксіз аялдадық.
Жүз қаралы адам полиция қорғанын бұзып өтті. Алда тағы да қоршаулар. Әрі қарай қалай өтемізді ойлап, артқа қарай алмаймыз. Не керек, фестиваль қызғанда екі жақ бүйірде тұрған жұрт қоршауды бұзып, соңғы темір шарбаққа жетті.
Мыңдаған адам, кәрі-жасы бар, тік тұрып тыңдады Шәмші әндерін. Халық махаббатына бөленді дегеніңіз осы шығар.
“Арыс жағасындағы” ретро фестивальді Азамат Сұрапбаев, Жанатбек Бәйтеков, Мәдина Садуақасова және Ләйлә Сұлтанова жақсы жүргізді. Әр ән табиғатына сай қонымды композициялар таңдай біліпті. Шәмшіні сомдаған әртістің де шеберлігіне дау жоқ.
...Бесіктен түйген иманың берік, бекем-ай,
Жүректі жаулар амалың көркем екен-ай.
Миллиондарды махаббатымен маздатқан,
Қараторғайдай қағілез ғана көкем-ай...
Шәмші Қалдаяқовтың қарындасы, қазақтың айтулы ақындарының бірі Әселхан Қалыбекова “Дүние бүгін ән салып жатыр Шәмші деп...” жазған жырына осындай түйін байлапты.
Сам жамыраған ашық аспан астында, “Шәмші әлемі” шағын бағында Шәмшінің 80 жылдық мерейтойына арналған “Арыс жағасында” ретро-фестивалінде жан жадыратар жауһар әндерді тыңдап отырып, қасымыздағы азаматтан өңменіңнен өтер сөз естідік.
– Мен Шәмшімен алты жыл арақ іштім. Мені өзі іздеп тауып алатын, – дейді естімей қалма дегендей ауызын құлағыма тақап. Әулие қылып бастарыңа көтеріп отырғандарың менен артық емес еді дегендей естіледі екен.
Шымкенттің ең бір шұрайлы жеріне Шәмшінің ескерткішін орнатып, осы шағын бақта “Жұлдыздар” аллеясы ашылып жатқандығы, оған көзі тірі кезінде бағасын ала алмай, өзі кеткен соң туындыларына көз алартып, пышақ үстінен бөліп алуға тартынбайтындарға “әй, қарағым, алжаспа” деп айта алмайтын шертпе күйдің атасы Сүгірден бастап Оңтүстіктің өнер қонған жампоздарының есімдері жазылғандығы есеп емес сияқты.
“Шәмшімен бірге арақ іштім...”
Көзі тірісінде Шәмшімен бір рет қол алысып амандасқанына бір том кітап жазып жатқандар табылып тұрғанда, Шәмші өмірінің соңғы жиырмаға жуық жылында бір тамшы арақ ішпесе де, соңынан қосарға қос ат байлап қуған сор сөз-ай.
Рас, Шәмші ішті. Ішкенде өкіртіп ішті. Қас таланттарын бағаламай, дарынсыздар кеудесінен итеріп тұрғанда Мұқағали екеуі арақ емес, у ішуге дайын еді-ау. Оның мың себебі бар.
Ретро-фестивальдің алдында Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда баспасөз мәслихаты өтті.
Қадыр Мырза Әлі естелік айтты. Мұхтар Шаханов сөйледі. Көпен Әмірбек Шәмші өмірінен сыр шертті. Шәмші мұраларын жинақтап жүрген, әнімен сазгерге өлмейтін ескерткіш орнатқан Қалдыбек Құрманәлі батыл ойларын айтты. Көпен қара әңгімеге жорға ғой. Шахановтың кітабынан Мұхтар айта алмайтын естеліктің майын тамызды.
Бүгінде барлық қазақтың аузында жүрген “Арыс жағасындағының” жаңа жазылған тұсы екен. Қазақстан Композиторлар одағы Қазақстан Жазушылар одағымен бірігіп, жаңа әндерге республикалық байқау жариялайды.
Өрекпіп Шәмші аға келеді Мұхтарға. Қатысайық дейді.
– Шәке-ау, қайтесіз. Қазылар алқасының құрамында сіздің туындыларыңызға қарсы, өзіңізді жек көретін композитор отыр. Мені жек көретін ақын да бар сонда. Абыройымызды төгіп қайтеміз.
– Мұхтар, қатысып көрейікші. Ешкім тонымызды шешіп алмайды ғой.
Қатысыпты “Арыс жағасында” бірінші орын алмапты. Екінші орын алмапты, үшінші орын да алмапты. Осы жүлделерден бөлек, алты ынталандыру сыйлығы бар екен. Соның ең соңғысы бұйырған. Жаны күйген Мұхаң “айтсам сенбейсіз” деп бұлқан-талқан болып жүрсе, Шәкең күледі дейді.
– Мұхтар-ау, несіне ашуланасың. Артынан санағанда бәрібір бірінші орында тұрмыз ғой, – деп.
“Ән де адам секілді. О баста өз қайғысымен, қуанышымен туады” депті ұлы сазгер бірде.
1957 жылы демократиялық жастардың дүниежүзілік фестивалін өткізуге байланысты үздік әндерге байқау жариялағанда атақты “Қайықта” әні жүлдеден атшаптырым жерде сүрінеді.
Шыққан мезетте-ақ халық жаттап алып, қуанышы мен мұңын бөлісетін сырласына айналатын әндері өзгелердің түкке тұрғысыз шығармаларының қасында күресінге сыпырылып қала бергеннен кейін сазгердің жүрегі неге біз тыққандай ауырып шаншымасын.
Арақ емес, уды күнде ішуге болатын заманның кәріне шыдаған Шәмші, Шәкеңдер нағыз ер екен-ау.
Ал, парықсыздар үшін Шәмші арақ ішкіш. “Былжырама” деп айтатын көзі жоқ болғаннан кейін қазір де бірге бас жазып жүргендей сөйлейтіндер табылып жатады. Халық үшін өкінішті, әрине.
Шәмшінің талай фестиваліне қатыстық. Мақалалар жаздық. Шетелден келген қандастарымыздың сөздерін тыңдадық.
“Біздің Моңғолиядағы қазақ мектептерінде сабақ алдында Моңғолия әнұраны, сосын Шәмшінің “Ана туралы жыры” орындалады дейді моңғол даласынан келген бауырымыз.
– Біз Қазақстанға, Отанға деген сағынышымызды Шәмші әндері арқылы басамыз” дейді қытайдан келген ағайындар.
Отарлық езгіге, бодандық қамытына қарсы шыққан жастар 1986 жылы буыршын мұзға тайып жығылған желтоқсанда алаңға “Менің Қазақстанымды” айтып шығып, қазақтың қайсар рухын танытты.
“Менің Қазақстаным” әнұранға айналмай тұрып, талай халықаралық жарыстарда әнұран міндетін атқарды.
Қазақтың қайсар рухы, қысылғанда жауға атылар жебесінің ұшы, жайшылықта өмірінің сәні болған Шәмші әндері халқымен бірге мәңгі жасай береді.
Көлденең көк аттылардың күңкіл сөздері оның биігін ешқашан аласарта алмайды. Биыл оның мерейтойын туған жері айрықша ұлықтады.
Фестивальде облысымыздан шыққан өнер жұлдыздары Қазақстанның халық әртістері Лаки Кесоглу, Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Гүлнәр Сихымбаева, Ақжол Мейірбеков, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары Жұбаныш Жексенұлы, “Жігіттер” квартеті және тағы басқалар өнер көрсетті.
Сол күні Шәмші әндерін бағалайтын жұлдыздар шоғыры Шымкенттің тұла бойын бақыт құшағында балбыратты.
Осындайда ойға оралады. Қала орталықтарынан табан сиярлықтай бос жер табылмай жатқанда шымкенттіктер Шәмшіге кешен тұрғызарлықтай жерді қайдан тапты деген ой әркімде туар.
Осыдан бес-алты жыл бұрын бұл аймақ мәшине түгіл, адам кептеліп жататын қара базарлар еді. Базарларды қала сыртына көшіру идеясын сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көтерді. Одан кейін облыс тізгінін ұстаған Болат Жылқышиевқа мерзім белгілеу мен құжаттарды дайындау үлесі тиді.
Көшіру қиындығын облыс әкімі болған Өмірзақ Шөкеев командасы мойнымен көтерді. Базар жабылса аштан қатардай күйінген жұрттың ештеңесі кеткен жоқ, қала сыртындағы базарларда саудасын жүргізіп жатыр.
Ал Нұрғали Әшімов бұрынғы “Көл” базарының орнында Шәмші фестивалін өткізген. Көл ортасындағы аралда. “Қайықта” әніне қайық жүздіріп.
Асқар Исабекұлы осы игі істердің нүктесін қойды. “Шәмші әлемі” кешені енді шымкенттіктер ғана емес, қала қонақтарының да саялы бағына айналды.
Ретро-фестиваль “Менің Қазақстаным” әнімен аяқталып, отшашулар аспанда мың өрнек салды.
“Менің Қазақстаным” облыстық ән байқауында тартылған жеребеде бірінші болып сахнаға шығу кезегін кентаулық әнші Сәйда Бегімбетова иеленген еді. Бірінші болып сахнаға көтерілу бірінші болып мәреден келеді дегендік емес. Тақымын қысып тұрған жүйріктер көп. Байқауда Шәмшінің бұрын орындалмай жүрген үш-төрт әні жарыққа шықты. Бұл да қуаныш.
Нұрғали Нүсіпжанов бастаған қазылар алқасы сол күні жүзден жүйрік шыққандардың есімін анықтады. Түркістандық Нұржан Жүсіпбеков Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Шымкент қаласынан қатысқан Мадина Исламова І орын, Рысдәулетовтер отбасылық “Өркен” ансамблі мен Айжан Жолшыбекова ІІ орынға ие болды. Жүлделі ІІІ орынды сайрамдық Жанғали Әбішев пен шымкенттік Назерке Маябасова және қазығұрттық Нұрбек Қанатов еншіледі.
“Менің Қазақстаным” арнайы жүлдесін шымкенттік Данияр Қайратұлы, “Арыс жағасында” номинациясын бәйдібектік Дәулет Таев, “Бәрінен де сен сұлу” номинациясын “Консерватория” тобы (акапелло) иеленді.
Ұлы сазгердің туған жерінен басталған тойы осы жылдың қазан айында Астанада халықаралық деңгейде өтеді.
Шәмшінің әндері – қазақ халқының биік рухы, өмірлік мұраты. Сондықтан да ол алашымен бірге жасай береді.
Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.
Суреттерді түсірген Хусан Азизов.