Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 40-бабының 1-тармағына, 44-бабының 3) және 5) тармақшаларына сәйкес қаулы етемін:
1. Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган ретінде облыстарда, астанада және республикалық маңызы бар қалаларда аумақтық бөлімшелері (соттардың кеңселері) бар Жоғарғы Сот жанынан Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) құрылсын.
2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет:
атқарушылық құжаттарды орындау, жекелеген негіздер бойынша республикалық меншікке айналған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне;
облыстық, аудандық және оларға теңестірілген соттардың қызметін ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз ету, сот приставтарының қызметіне ұйымдастырушылық және әдістемелік басшылық ету жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері Жоғарғы Сот жанынан жаңадан құрылған Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментіне (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппаратына) беріле отырып, таратылсын.
3. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі:
– мынадай:
қоғамдық тәртіпті бұзушыларды медициналық айықтырғыштарға жеткізу жөніндегі функцияларын қоспағанда, медициналық айықтырғыштардың қызметіне байланысты функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына;
кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарының қызметіне байланысты функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қарамағына;
– Ішкі істер министрлігінде мемлекеттік техникалық тексеруден уақтылы өтуді бақылау функциясын сақтай отырып, көлік құралдарына мемлекеттік техникалық тексерудің жүргізілуін бақылау жөніндегі өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігіне, көрсетілген техникалық тексеру жүргізу жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері бәсекелі ортаға беріле отырып;
– аса маңызды стратегиялық объектілерді күзету жөніндегі функцияларды қоспағанда, күзет қызметі жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері бәсекелі ортаға беріле отырып, қайта ұйымдастырылсын.
4. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы көлік прокуратурасы жүйесін өңірлік үш көлік прокуратурасын Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы біреуіне біріктіру жолымен оңтайландырсын.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) мыналарды:
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тергеу комитеті мен Криминалдық полиция комитетін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тергеу комитетіне біріктіру арқылы қайта ұйымдастыруды;
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау комитеті қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды, оның ішінде ішкі істер органдарының есірткі бизнесіне қарсы күресті жүзеге асыратын аумақтық бөлімшелерін оның тікелей бағыныстылығына бере отырып қабылдауды;
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы комитетін құруды;
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің арнаулы қабылдау орындарында әкімшілік қамауға алу түрінде әкімшілік жазаны орындау және осы мекемелердің жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі функциялары мен өкілеттіктерін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің қарамағына кезең-кезеңімен беру жөніндегі шаралар жүйесін әзірлеуді қамтамасыз етсін;
2) Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының штат санын қысқарту жөнінде ұсыныстар енгізсін;
3) тиісті мемлекеттік органдардың орталық және облыстық буынының басқарушы аппаратын қысқарту және өзге де шаралар есебінен құқық қорғау және арнайы органдардың қалалық және аудандық бөлімшелерін кадрмен және материалдық-техникалық нығайтуды қамтамасыз етсін;
4) көліктегі ішкі істер органдары жүйесін көліктегі өңірлік үш департаментті Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жанындағы бір бөлімшеге біріктіру жолымен оңтайландырсын;
5) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ведомстволық оқу орындарының жүйесін оңтайландырсын;
6) сот сарапшыларын кәсіби даярлау жүйесін жетілдіру мен сараптамалық зерттеулердің материалдық-техникалық және ғылыми-әдістемелік базасын жақсарту арқылы сот ісін жүргізуді сот-сараптамалық қамтамасыз ету сапасын арттыру жөніндегі шараларды қабылдасын;
7) 2010 жылдың соңына дейін осы Жарлықтың талаптарынан туындайтын, сондай-ақ:
қолданыстағы заңнаманы 1984 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған БҰҰ-ның Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясының талаптарына сәйкес келтіруге;
қылмыстық заңнаманы ырықтандыруға және қоғамға үлкен қауіп туғызбайтын қылмыстарды, оның ішінде экономика саласындағы қылмыстарды әкімшілік құқық бұзушылықтар санатына ауыстырып және оларды жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті, оның ішінде әкімшілік преюдицияны енгізу жолымен күшейте отырып қылмыстық сипаттан арылтуға, сондай-ақ жазаларды жұмсарту арқылы жекелеген қылмыстардың ауырлық дәрежесін қайта бағалауға;
шетелдік озық тәжірибенің негізінде құқық тәртібі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге;
қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуды ұйымдастыру және жүзеге асыру жөніндегі функцияларды жергілікті атқарушы органдардың қарамағына беруге;
бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларды, оның ішінде айыппұл, қоғамдық жұмыстар және бас бостандығын шектеу, сондай-ақ қамауға алуға балама ретінде жолын кесу шаралары жазаларын қолдану саласын кеңейтуге;
қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді одан әрі оңайлатуға, оның жеделдігін, оның ішінде тергеумен ынтымақтастықтағы айыпталушыларға қатысты ынталандыру нормаларын енгізу арқылы арттыруға;
қылмыстық сот ісін жүргізуде бітімгерлік рәсімдерді кеңейтуге, оның ішінде медиация институтын дамытуға, сондай-ақ жеке және жеке-ашық айыптаудың қылмыстық істерінің санатын кеңейтуге;
мемлекетке зиян келген жағдайда, тараптардың бітімге келуіне байланысты адамдарды қылмыстық жауапкершіліктен босату тәртібін реттеуге әрі онша ауыр емес және ауырлығы орташа экономикалық қылмыс жасаған адамдарға қамауға алу түрінде жолын кесу шараларын қолдану үшін шектеулер белгілеуге, сондай-ақ келтірілген зиянды өз еркімен өтеген жағдайда оларды қылмыстық жауапкершіліктен босатуға;
жолын кесу шаралары ретінде үйде қамау немесе ешқайда кетпеу туралы қолхат таңдалған айыпталушылардың жүріп-тұруын және бас бостандығын шектеуге сотталғандардың, шартты түрде сотталғандардың, шартты-мерзімінен бұрын босатылғандардың тиісінше жүріп-тұруын, оның ішінде қадағалаудың электрондық құралдарын кеңінен пайдалана отырып бақылаудың нысандары мен әдістерін жетілдіруге;
прокуратура органдарының құқық қорғау қызметіне қатысты үйлестіруші функциясын күшейтуге; прокурорға қылмыстық қудалаудың заңдылығын, оның ішінде қылмыстық істің қозғалуын қадағалау жөніндегі қосымша міндеттер жүктеу арқылы оның сотқа дейінгі іс жүргізудегі рөлі мен жауапкершілігін арттыруға;
құқық қорғау органдары қызметкерлерінің және судьялардың қызметтік жағдайын пайдалана отырып қылмыс жасау фактісін қылмыстық жауапкершілік пен жазалауды ауырлататын жағдай деп тануға;
балама тергеу нұсқаларын барынша азайтуға, қылмыстық істер бойынша бұл әрекеттер ұлттық қауіпсіздік органдарының тергеуіне жататын басқа қылмыстармен жиынтығында жасалған жағдайларда ғана ұлттық қауіпсіздік органдарымен балама тергеуді сақтай отырып, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің айрықша тергеуіне есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстар туралы қылмыстық істерді жатқызуға, ал қаржы полициясы органдарының айрықша тергеуіне экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар мен сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істерді жатқызуға;
құқық қорғау органдарының шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметіне негізсіз араласу фактілерін, оның ішінде шаруашылық жүргізуші субъектілерді тексеруді жүзеге асыруға құқығы бар мемлекеттік органдардың тізбесін одан әрі қысқарту арқылы болдырмауға;
бизнес пен меншікті заңсыз тартып алуға (рейдерлікке) қарсы іс-қимыл жасауға;
құқық қорғау, өзге де әлеуетті және арнайы органдардың негізгі және қамтамасыз етуші функцияларын айқындауға;
құқық қорғау, әлеуетті және арнайы органдардың негізгі міндеттер мен функцияларды орындайтын қызметкерлерінде әскери және арнайы атақтарды, сыныптық шендерді, погоны бар нысанды киімді кию құқығын, осы органдардың көрсетілген атрибуттардан айырылатын қызметкерлеріне бұрын белгіленген үстемеақыларды ескере отырып және қазіргіден төмен емес лауазымдық жалақы тағайындай отырып, сақтауға;
осы Жарлықтың қолданылу аясына түсетін адамдар үшін зейнеткерлікке шығу кезінде әлеуметтік қамсыздандыруды, барлық жеңілдіктер мен артықшылықтарды, ал кемінде 20 жыл қызмет өткерген адамдар үшін қызметін аттестатталған лауазымдарда өткеруін аяқтау мүмкіндігін сақтауға;
тиісті әскери және арнайы атақтар, сыныптық шендер үшін объективті түрде салыстырмалы үстемеақылар белгілеуге, олардың құқық қорғау, өзге де әлеуетті және арнайы органдардағы сәйкестік деңгейін айқындауға;
құқық қорғау және арнайы органдардың орталық және аумақтық бөлімшелеріндегі аға басшы құрамның лауазымдары мен оларға сай шекті әскери және арнайы атақтардың, сыныптық шендердің тізбесін оңтайландыруға;
құқық қорғау қызметін өткерудің бірыңғай құқықтық стандарттары мен нормаларын, құқық қорғау органдары қызметкерлерін әлеуметтік және құқықтық қорғаудың бірыңғай ұстанымдарын енгізуге;
құқық қорғау органдарының басшы құрамын жүйелі кадрлық ротациялау арқылы құқық қорғау органдарының дербес құрамын қалыптастыруға;
қылмыстың алдын алу, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғау, халықтың тарапынан сенім артуына мәселелеріне басымдықпен, өкілді органдар мен жұртшылық тарапынан берілетін сыртқы бағалау тетіктерін айқындай отырып, құқық қорғау органдарындағы және соттардағы сыбайлас жемқорлық деңгейін рейтингтік бағалауды енгізе отырып, құқық қорғау органдарының есептілігі мен олардың қызметін бағалау жүйесін жетілдіруге;
құқық қорғау органдарының азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастығының түрлі нысандарын белгілеуге;
азаматтардың және ұйымдардың, сондай-ақ мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін жедел және әділ қорғауды қамтамасыз ету мақсатында сот ісін жүргізуді жетілдіру мен оңайлатуға; сотқа дейінгі іс жүргізуде соттың бақылау шегін кеңейтуге;
сот төрелігін іске асырудың негізгі принциптерін сақтай отырып, соттарға сот талқылауының дайындық сатыларында сотқа дейінгі іс жүргізудің олқылықтарын толтыру жөніндегі қосымша өкілеттіктер беруге;
азаматтық-құқықтық дауларды сотқа дейін реттеу саласын және оларды шешудің балама тәсілдерін кеңейтуге;
судьялар мен судья лауазымына кандидаттар үшін көтеріңкі өлшемдер мен стандарттар енгізуге бағытталған заңдардың жобаларын әзірлеп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізсін;
8) облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен бірлесіп:
құқық тәртібі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, қылмыс жасауға және құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтаудың қазіргі заманғы әдістерін көздей отырып, құқық бұзушылықтар профилактикасының салалық және өңірлік бағдарламаларын 2010 жылдың соңына дейін қабылдауды қамтамасыз етсін;
құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласында жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру жөніндегі шараларды, оның ішінде тиісті деңгейдегі әкімдердің есептерін Қазақстан Республикасы Үкіметінің және әкімдіктердің отырыстарында тұрақты қарау арқылы қабылдасын;
9) құқық қорғау органдары мен соттар қызметінің қолжетімділігін және ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында олардың қызметіне инновациялық технологияларға негізделген озық әлемдік тәжірибені енгізуді қамтамасыз етсін;
10) мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Республикада жеке детективтік қызмет институтын енгізу туралы ұсыныстар берсін;
11) Қазақстан Республикасының таратылатын және қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдарының штат санын қайта бөлуді қамтамасыз етсін.
6. “Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 22 сәуірдегі №793 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., №19, 166-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
5-тармақтың 1) тармақшасы алып тасталсын.
7. Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі әлеуетті органдардың жұмысын үйлестіруді жүзеге асырсын.
8. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен бірлесіп, осы Жарлықты іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бір ай мерзімде әзірлеп, бекітсін және оның орындалуы жөнінде егжей-тегжейлі шаралар қабылдасын.
9. Қазақстан Республикасында әкімшілік реформа жүргізу жөніндегі ведомствоаралық комиссия құқық қорғау және сот жүйелерін жаңғыртумен байланысты жұмысты жалғастырсын.
10. Осы Жарлық, қажетті заңнамалық базаны мүмкіндігінше қалыптастыру және оның практикада сынақтан өткізілуіне қарай, бірақ 2012 жылғы 1 қаңтардан кешіктірілмей қолданысқа енгізілетін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тергеу комитетін құру туралы ережесін қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.
Астана, Ақорда, 2010 жылғы тамыздың 17-сі. №1039.