Футбол біріншілігінде командаларды екі бөлікке бөлді
Қазақстанның кезекті XVІІІ чемпионаты тамыздың 14-і күні бір белестен асты. Бұл күні 22-турдың ойындарын ойнаған командалар үшін бұдан арғы жол екі бөлек тармаққа айырылды. Біріншіліктегі үркер ауған шақтай болып сезілетін осы кезеңнен бастап 12 клубтың бір жартысы күн астынан күміс шуағы мол орын алуға ұмтылып, медальдардың түсі мен салмағы үшін күреске кіріссе, екінші жартысы келер жылдың қамын осы күннен жасап, чемпионаттың жоғары тобында қала беру үшін ақ тер, көк терге көмілгелі тұр.
Біріншіліктің бірінші бөлігі болып саналатын алғашқы екі айналымның соңғы туры кімнің қай бағытты бетке ұстайтынын анықтады. Мұнда алғашқы топқа енген 5 команда қатарында кімдер бар екені бұған дейін белгілі болып тұрса, алтыншы “бақытты билетті” кімнің суыратыны әлі беймәлім еді. Бұл орынға бір-бірінен екі ұпайдай ғана айырымы бар “Атырау” және Талдықорғанның “Жетісу” командалары үмітті болатын. Сол екі ұпай артықшылығына ие атыраулықтар осы күні өз алаңында топ басына таласушылар сапына ұмтылып келе жатқан “Ақтөбені” қабылдады да, жеті өзенді өлкенің өрендері Қарағандыда “Шахтерге” қарсы шықты. Бір қызығы, бұл екі ойында да қонақтар бірінші болып есеп ашты. Жағдайдың бұлайша басталуы, әлбетте, мұнайлы атыраптың аяқдоп шеберлеріне ұнай қойған жоқ. Сондықтан атыраулықтар “Ақтөбе” сапынан 32 минөтте Смақовтың авторлығымен соғылған голынан соң бір минөт өтер-өтпесте таразы басын теңестіріп үлгерді. Себебі, бұл сәтте Қарағанды стадионындағы есеп те 1:1 болып үлгерген-тін. Онда жетісулық Мужиковтың 2-минөтте соққан голына кеншілер 24-минөтте Джидичтің белсенділігімен жауап қайтарған. Ақырында алтылық аясына енуге құштар болған бұл екі команда да қарсыластар қақпасына соңғы жеңіс добын түсіріп, есепті 2:1-ге жеткізіп тоқтады. Осы есептердің өзі атыраулықтардың алдыңғы лекте қала беретінін біржола айғақтап берді.
Турдағы басқа ойындар да аса тартысты өтті. Солардың қатарына Тараздағы ойынды жатқызуға болады. Онда жергілікті “Тараз” Қостанайдың “Тобылын” қабылдады. Бұған дейін турнир кестесінде 44 ұпаймен жеке-дара топ бастап келген қостанайлықтар бұл кездесудің бас құрамына Петухов, Бақаев, Нұрғалиев, Юрин, Ирисметов сынды белді ойыншыларын шығарған жоқ. Бұған қарағанда, алаң иелерінің құрамы нағыз жауынгерлік сипатта дерліктей еді. Осының да әсері болды ма, әлде басқалай себебі бар ма, әйтеуір матчтың бірінші таймында чемпионаттың көшбасшысы “Тобыл” емес, “Тараз” сияқты болып көрінді. Кездесудің осы кезеңінде алаң иелері меймандар қақпасын 8 мәрте нысанаға алса, соның 5-уі қақпа шеңберінің ауқымына туралай жетті. Ал қонақтар бұған бір ғана соққымен жауап қайтара білді. Обалына не керек, тараздықтар лидер қақпасына гол соғуға соншалықты құштар болды. Бірақ, ол ниет жүзеге аса қоймады. Алаң иелері шаршап қалды ма, болмаса қонақтар сапына тыңнан мықты ойыншылар қосылғаны ықпал жасады ма, екінші таймда ойынның сипаты мүлдем өзгеріп сала берді. Енді меймандар алаң иелерінің қақпасын жиі торуылдауға шықты. Ақырында қостанайлықтар капитаны Жұмасқалиев Малышевтің аяғы астына әдемі пас шығарып беріп еді, ол мүлт кете қоймады. Бұл кезде матчтың бітуіне 6 минөттей ғана уақыт қалған. Осы есеп, алаң иелерінің соңғы ышқынысына қарамастан, ойын соңына дейін өзгермеді. Сөйтіп, жалғыз гол кездесу тағдырын қонақтардың пайдасына шешіп берді.
Бұл күні қалған командалар арасындағы ойындар мынадай есептермен аяқталды: “Ертіс” (Павлодар) – “Ақжайық” (Орал) 1:0, “Оқжетпес” (Көкшетау) – “Ордабасы” (Шымкент) 3:2, “Қайрат” (Алматы) – “Локомотив” (Астана) 2:2.
Мергендер: Нұрбол Жұмасқалиев (Тобыл) – 10, Ұлықбек Бақаев (Тобыл) – 10 (3), Глеб Мальцев (Ертіс) – 9, Георгий Даскалов (Ертіс) – 9 (1), Игорь Бугаев (Локомотив) – 9(2).
Чемпионаттың келесі кезеңі 22 тамыз күні басталады. Бұл күні 1-6 орындар үшін “Тобыл” – “Атырау”, “Ертіс” –“Локомотив”, “Ақтөбе” – “Шахтер”, 7-12 орындар үшін “Жетісу” – “Оқжетпес”, “Ордабасы” – “Ақжайық”, “Қайрат” – “Тараз” командалары ойнайды.
Қорытынды турнир кестесі
Ор. Командалар О Ұ Т Ж Доп Ұп
1 “Тобыл” 22 14 5 3 37-15 47
2 “Ертіс” 22 12 7 3 30-16 43
3 “Ақтөбе” 22 11 4 7 32-22 37
4 “Шахтер” 22 11 4 7 28-19 37
5 “Локомотив” 22 11 3 8 33-21 36
6 “Атырау” 22 11 3 8 29-26 36
7 “Жетісу” 22 9 7 6 22-16 34
8 “Ордабасы” 22 8 6 8 20-20 30
9 “Қайрат” 22 4 8 10 11-22 20
10 “Тараз” 22 4 6 12 21-33 18
11 “Ақжайық” 22 3 5 14 19-43 14
12 “Оқжетпес” 22 3 4 15 16-45 13