Баспаналы болуды адам өміріндегі ең бақытты сәттер десек, мүмкіндігі шектеулі мүгедек жаны бар отбасына олардың кіріп-шығуына, жүріп-тұруына ыңғайлы пәтерге ие болу қуаныштың төресі десек те болғандай. Жақында Алматы қаласының Әуезов ауданына қарасты Өтеген батыр көшесінің бойында мүгедектері бар отбасыларына елімізде тұңғыш рет арнайы салынған тұрғын үй пайдалануға берілді. Қала бюджетінен 227 млн. теңге бөлінген үйдің құрылысы өткен мамыр айында басталып, айналасы бір жылдың ішінде аяқталған. Ең бастысы, үй мүгедек жандарға қолайлы етіп жасалған.
– Осындай әлеуметтік мәселелерге Елбасының тапсырмасы бойынша көп мән беріп келеміз және келешекте де осындай үйлерді салуды жоспарлап отырмыз. Сіздерге осы үйде қолайлы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалды, – деді жұртшылықты айтулы қуанышымен құттықтаған қала әкімі Ахметжан Есімов.
Пәтерлер аудан әкімдіктерінде 1988 жылдан бері кезекте тұрған, халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарына жататын 20 отбасына берілді. Қала бойынша мұндай топтарға жататындар саны 7 мыңнан асады.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.