Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті композитор Ескендір Хасанғалиев Ақжайық жұртшылығы алдында шығармашылық есеп берді. Аталған кеш “Айналдым, елім!” деген тақырыппен өткізілді. Бұл бүгінде қазақ ән өнерінің танымал тұлғасына айналған өнер өкілінің ақ адал сыры, елі мен туып өскен топырағына деген қалтқысыз көңілі десе де болады.
Композитордың елу жылға таяған шығармашылық қызметінде Отан, ана, туған жер, махаббат тақырыптары айрықша орын алады. Солардың ішінде кең байтақ қазақ жеріне, оның киелі де қасиетті топырағына деген шексіз махаббат пен сүйіспеншілікке толы “Атамекен” әнінің шоқтығы биік. Кең тыныс пен асқақ пафосқа құрылған бұл әнді иісі қазақ жұртшылығы ұзақ жылдар бойы шабыттана шырқап келеді.
Тіпті, тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде “Атамекеннің” екінші бір тынысы ашылып, ол отаншылдық сезімді одан әрі тереңдетуге ықпал жасай алғаны өзімізге белгілі. Кейін әннің атауы Ескендір Хасанғалиев әндерін орындаушылардың республикалық “Атамекен” фестиваліне берілді. Бұл айтулы шара бұдан он жыл бұрын Орал қаласында шымылдығын түрген-ді. 2006 жылдан бастап ол халықаралық ән фестивалі деңгейіне көтерілді.
Шын мәнінде жақсы ән мен әсем әуен жалпы адамзаттық ортақ құндылық болып табылады. Ол тіл мен шекара таңдамайды. Алыс пен қашықтықты білмейді. Есағаның шығармашылық қызметіне де осындай өміршеңдік тән деуге болады. Айталық, Оралда өткізілген “Айналдым, елім” атты өнер майталманының есебі кезінде оған Қытайдан арнайы келген 2008 жылы өткізілген халықаралық “Атамекен” ән фестивалінің жеңімпазы Мәдина Рахман былай деді: мен биыл Чехия елінде өткізілген әлемдік ән фестивалінде Ескендір ағамыздың әндерін орындап лауреат атанып, үлкен қуанышпен оралдым. Бұл біріншіден, даусымның мықтылығы, орындау шеберлігімнің мінсіздігі емес, композитор туындыларының кез келген адамды тәнті ететіндігі деп есептеймін.
Міне, бұл мысалдың өзі де Ескендір Хасанғалиев әндерінің шекара таңдамайтын әрлілігі мен мәнділігіне айғақ бола алады. Тақыр жерге дән шықпайды. Ескендір сынды кесек талантты дүниеге әкелген Қаратөбе топырағында өткен ғасырларда “үш жүзге ән оздырған” әнші-композитор Мұхит Мерәліұлы өмірге келген. Оның бай музыкалық мұрасын осы топырақтың тағы бір тарланбозы Ғарифолла Құрманғалиев бүгінгі күнге жеткізіп беріп кеткені өз алдына бір бөлек әңгіме. Сондықтан да шығар, Ақжайық өңірінде: “Қаратөбеге барсаң әншімін деме, Орда мен Жаңақалаға барсаң күйшімін деме” деген нақылға бергісіз тіркес халықтың аузында жүр.
Ашығын айтқанда, Ескендір Хасанғалиев елмен тұрақты байланыс ұстап тұратын оның оңды істеріне сүйсініп, олқы істеріне қынжылыс таныта білетін арлы азамат. Жоғарыда айтылғандай, композитордың өнердегі жолында туған жер тақырыбы айрықша орын алады. Осы жолы да ол Ақжайыққа, кір жуып кіндік кескен жері Қаратөбеге арналған жаңа әндерін жерлестеріне тарту етті. Жасыратын несі бар, қай жерде дүниеге келгені тек елу, алпыс және жетпіс дейтін дөңгелек датаға тұспа-тұс келгенде ғана естеріне түсетін шығармашылық иелері жоқ емес. Есағаны мұндай топқа қоса алмаймыз. Ол жүрегі туған жер, егемен еліміз – Қазақстан деп соғатын талант екеніне батысқазақстандықтардың көздері әлдеқашан жеткен. Осы тұрғыда көрнекті композитор Ескендір Хасанғалиевке “Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы” атағы берілуі оның елдің мерейі мен мәртебесін көтеруге қосқан үлесіне, елге рухани-шығармашылық тұрғыдан дем беруіне сай алынған орынды шешім деп білеміз.
Сол бір күндерде өнер иесінің өзі де елге келіп қайта бір түлегендей, одан күш-жігер алғандай, алыста қалған бала кезі мен жастық шағына қайта бір оралғандай күй кешті.
Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.