Кәрі Каспий өзін жағалай қоныстанған елдер үшін сарқылмас байлық пен кәсіпкерліктің көзі, тіршіліктің тынысы. Сондықтан да болар теңіз жағалауындағы елдер осы маңайдың экологиясы, теңіздегі тіршілік жайлы мәселені жыл сайын келелі әңгімеге арқау етеді. Сондай бір басқосу Ақтауда өтіп, ол “Каспий теңізі: бүгіні мен ертеңі” деп аталды. Қоршаған ортаны қорғау, Маңғыстау облыстық әкімдігі мен “КаспЭКО” халықаралық жобасы ұйымдастырған форумға Ресей, Иран, Орталық Азия мемлекеттік су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының өкілдері қатысты. Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді жан-жақты талқылаған Төтенше жағдайлар, Ауыл шаруашылығы, Мұнай және газ министрліктерінің мамандары, ғалымдар соңғы кезде Каспийдің солтүстік шығысында бекіре тұқымдас балықтар қорының азайғандығын, ал Солтүстік Каспийдің кәсіпшілік балықтар мен құстарды өсіруге арналған қолайлы биологиялық аймақ бола тұра осындағы кен орындарын игерудің барысында судың мұнай өнімдерімен ластануының да қаупі барлығын әңгімеледі. Ой-пікірлерін жеткізді. Басқосуда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тіршілік тірегіндей Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігін сақтауда бірлесе жұмыс жасаудың тиімді екендігін, қауіпті жағдайлардан сақтану шараларын теңіздегі операциялар кең көлемде басталмай тұрып кешенді қарастыру қажеттігіне тоқталды. Экология ел амандығы, оны бірлесе қорғау ортақ парыз екендігін жете түсінген Каспий жағалауы елдерінің өкілдері — ғалымдар теңіздің қауіпсіздігін сақтаудың жолдарын белгілеген қарар қабылдады.
Жоламан БОШАЛАҚ, Ақтау.