Рухани даму – адамзат дамуының кілті
Үстіміздегі жылдың 18-20 қазаны аралығында Астана қаласында алғаш рет Бүкіләлемдік рухани мәдениетінің форумы өтеді. Бұл жөнінде аталған форум комитетінің тең төрағасы, Сенат депутаты Төлеген Мұхамеджанов мәлім етті. Жиынның өтуіне “Әлем мәдениет арқылы” халықаралық қауымдастығы, Рухани келісім конгресі, сондай-ақ еліміздің, Ресей мен Еуропаның өзге де ұйымдары атсалысуда.
Сенатордың мәлімдеуінше, форум өзінің бастауын сонау 1990 жылдардан, яғни еліміз тәуелсіздігін енді алып жатқан кезінен алады. Ал 1992 жылдың 18 қазанында Алматы қаласында І Бүкіләлемдік рухани келісім конгресі өткен болатын. Содан бері жыл сайын 18 қазанда Рухани келісім күніне арнап әртүрлі шаралар өткізіліп келеді. Алайда үлкен маңызды шараның, нақтылап айтқанда Форумның өтуі 18 жылдан кейін жүзеге асып отыр. Еліміз өз күнтізбесінде Рухани келісім күні деп белгілеген әлемдегі тұңғыш мемлекет болып табылады. Форумның осы күні аталып өтуінің астарында осындай символдық мағына жатыр.
Оның өтуі туралы ой 2006 жылы Астана қаласында өткен экстремизмге қарсы күрес, толеранттылықты насихаттауға бағытталған халықаралық конференция барысында жария етілген-ді. Аталған конференцияда әлемдік қоғамдастыққа және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа форумды өткізу жөнінде үндеу қабылданған болатын. Биыл нақты мүмкіндік туып отыр. Осыған байланысты Парламент форумға қатысатындығы туралы шешім шығарды. Үкімет тарапынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев бастаған үкіметтік комиссия құрылған. Әйтсе де, негізгі ұйымдастырушылық жұмыстар үкіметтік емес ұйымдар тарапынан жүргізілуде.
Халықаралық ұйымдастыру комитеті жұмыс істеуде. Ұйымдастыру комитетінің содан бері бес отырысы өтіп, онда бірқатар мәселелер талқыланған. Форум көпшіліктің қызығушылығын туғызғандықтан, арнайы веб-сайт (www.astana forum.kz) та ашылған. Қазіргі таңда бейнеролик түсіріліп, ол еліміздің кейбір телеарналарында көрсетілуде. Сонымен қатар елімізде тіркелген елшіліктер арқылы форумды өткізу барысы жөніндегі жұмыстар жалғасын табуда. Форумның ашылу қарсаңында “Кешегі ұлылар бізбен бірге” атты көрме ұйымдастырылады, онда әр ел өздерінің бір ұлы тұлғасын қояды. Мысалы, Үндістан елшілігі М.Гандиді, Ұлыбритания У.Шекспирді, Ресей Л.Н.Толстойды, ол Қазақстан Абайды көрмеге қоятын болады. Бұл жердегі ең басты идея адамзат дамуының басты басымдығы рухани өсу болуға тиістігін көрсету.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.