Ақтөбеге Германияның Алматыдағы бас консульдығының бас консулы Герольд Амелунг бастаған делегация келді. Делегация мүшелері облыс орталығында бірқатар кездесулер өткізді. Ал бұл сапарды Германия Сыртқы істер министрлігі Гете институтымен бірлесіп Германияның Қазақстандағы жылы аясында ұйымдастырып отыр.
Қонақтар облыс әкімі Елеусін Сағындықовпен кездесті, онда екі елдің арасындағы экономикалық және сауда байланыстары, өзара достық қарым-қатынастар төңірегінде риясыз әңгіме өрбіді.
Облыс аумағында Германияның 10-ға жуық компаниясы жұмыс істейді. Олардың қатарында мұнай-газ ұңғыларын барлау және бұрғылау жұмыстарын жүргізетін “ИТАГ-ЖЭ” бірлескен кәсіпорны, экспедиторлық және көлік қызметін көрсететін “Логистик Партнерс” ЖШС, су, газ және жылу есептегіштерін шығаратын “Ценнер-Ақтөбе” ЖШС, сыра, тамақ өнімдерін өндіретін “Альянс Сити” ЖШС және басқалары бар. Бұлар өңір экономикасын дамытуға өзіндік үлес қосып келеді. Кездесу кезінде олардың қатарын алда да толықтырудың мүмкіндіктері мол екендігі атап өтілді. Әсіресе, немістердің қайтара өңделген энергия алудағы және басқа саладағы озық технологиясы қызықтырады.
Облыстық әкімдікте бас консуль Герольд Амелунг бастаған делегация мүшелері облыстық басқармалар мен департаменттер басшыларымен және кәсіпкерлермен де кездесті. Онда Германия инвестициясын облыс экономикасына тарту, өзара экономикалық байланысты одан әрі дамыту, жаңа озық технологияны енгізу мүмкіндіктері сөз болды. Бас консуль бұл кездесуді болашақтағы іргелі істердің бастапқы қадамы, үлкен инвестициялық жобаларды бірігіп игерудің бастамасы ретінде бағалады. Ақтөбелік кәсіпкерлер Германия инвестициясының үлкен өндірістік жобаларға әлі де аз тартылып отырғанына тоқталды.
Бас консуль бастаған делегация, сондай-ақ “Достық” үйінде болып, осындағы этникалық немістердің “Возрождения” мәдени ұйымының өкілдерімен кездесті.
Ал түстен кейін “Осы заманғы Германия” және “Германияда жасалған қайта өңделген энергия” DENA технология көшпелі көрмелерінің ашылуына қатысты. “Осы заманғы Германия” көрмесіне берлиндік фотограф Торстен Эльгердің осы елдің көп қырлы қоғамдық, әлеуметтік және мәдени өмірін айшықты көрсеткен 30 суреті қойылған. Фотосуреттер қазіргі Германияның әсем табиғатын, сәулеті келіскен қазіргі заманғы және тарихи ғимараттарын көз алдыңызға әкеледі. Ал “Германияда жасалған қайта өңделген энергия” көшпелі көрмесіне келушілер 24 баннерден 13 қайта өңделген энергия технологиясымен таныса алады. Олардан жел, күн, геотерьмалдық, фотоэлектрлік және басқа қуаттарды алудың технологиясы жайлы кең мағлұмат алуға болады. Көрме тек ақпараттық сипатта болып қана қоймай, Германия мен Қазақстан арасында осындай технологияға қызығушылық туғызуға ықпал етеді деп күтілуде. Көрменің ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова қазақы дәстүрмен бас консуль Герольд Амелунгтің иығына шапан жапты.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.