Шеруге дайындық жоғары
30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні “Қазақ елі” монументінің жанындағы еліміздің бас алаңында әскери шеру өтеді.
Шеруге Қарулы Күштерден Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің және Әскери-теңіз күштерінің, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Республикалық ұланның бөлімшелері қатысады. Әскери шеруге қатысушылардың жалпы саны 2400 адамды құрайды. Олардың қатарында офицерлер, келісім-шарт бойынша әскери қызметшілер, әскери оқу орындарының курсанттары мен мерзімді әскери қызмет сарбаздары бар.
Шеруге қатысушыларды орналастыру үшін Астана маңындағы Қырқыншы стансадағы 68665 әскери бөлім аумағында арнайы далалық лагерь жасақталған. Мұнда 40 шатырдан тұратын қалашықта қажетті инфрақұрылымның бәрі жасалған. Әскерилер үшін далалық асхана, медициналық бекеттер, бір сөзбен айтқанда, барлық жағдайлар бар.
Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, шеруге жетекшілік жасайтын генерал-майор Мұрат Майкеевтің айтуынша, әскери шеруге қатысушылардың дайындығы жоғары. Әскерилер еліміздің бас алаңындағы парадқа қатысуға сақадай сай тұр. Биылғы парадқа 2400 адам қатысатын болса, соған қажетті топтарды жасақтау үшін Қарулы Күштердегі лайықты деген әскери қызметшілер іріктелініп алынды. Қазір олар лагерь жасақталған 5 шілдеден бастап күн сайын дайындалуда. 30 тамыз күні республика жұртшылығы олардың нәтижесіне куә болады.
Ал Астананың маңында жасақталған далалық лагерьде 3200 адам орналасып отыр. Соның ішінде парадқа 2400-і ғана қатысатын болады. Қазір лагерьде 285 әскери техника орналасқан. Әскери парадқа осылардың бәрі қатысады. Құрлық әскерлері штаб бастығының орынбасары, лагерь бастығы Еркеболат Оспановтың айтуынша, биылғы парадқа қатысу үшін әрбір гарнизонда әскери борышын өтеушілер мен бірінші курс курсанттары іріктелініп алынған. Солардың бәрі ертеден кешке дейін үш мезгіл тамақтанып, қажетті жаттығулар жасап шеруге жан-жақты дайындалуда. Парадқа қатысушыларды ауыз сумен қамтамасыз етуде барлық қолайлы жағдай жасалған, ал оларды тамақтандыру мәселесімен “Нұр ислам” фирмасы айналысуда. Биылғы парадтың тағы бір ерекшелігі, оған Отан қорғау жолындағы жауынгерлік тапсырмаларды ерлермен бірге орындап жүрген әскери әйелдерден құралған топтар тұңғыш рет қатысқалы отыр.
Шеруге 150-ден астам қару-жарақ пен әскери техника және 66 авиациялық техника қатысады деп жоспарлануда. Соның ішінде механикаландырылған лекте “Ланд Ровер”, Қарулы Күштердегі Т-72 Б танкілері, БМП-2 жаяу әскерлер жауынгерлік мәшинесі, зенитті-зымыранды кешендер, “Хаммер” автокөліктері, жетілдірілген бронетранспортерлер, Д-30 120 миллиметрлік гаубицалар, “Мста-Б” 152 мм. гаубицасы бар артиллериялық батарея, “Град”, “Ураган” сынды дүркіндете оқ ататын реактивті жүйелер, артиллериялық және зымырандық қарулар сапындағы “Смерч”, “Точка-У” сияқты қуатты қарулар бар.
Дастан КЕНЖАЛИН.