20 Тамыз, 2010

Дамудың берік іргетасы

736 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
1995 жылы 30 тамызда республикалық ре­фе­рендумда қолданыстағы Қазақстан Рес­пуб­ликасының Конституциясы – адамның құ­қық­тары мен бостандықтары жоғары құндылықтар ретінде танылған, Қазақстан Республикасының демократиялық тәртібінің негіздерін белгілеген Ата Заңымыз қабылданды. Содан бері он бес жыл өтті. Бүгінгі Конституция – респуб­ли­ка­ның демократиялық әрі әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуының берік іргетасы. Бұл қара­пай­ым жақсы ниеттер декларациясы ғана емес, ті­келей қолданыста нақты жұмыс істейтін құжат. Конституцияның қабылдануы мемлекеті­міз­дің тарихында елеулі қадам болды. Оны өз еркімен халықтың өзі бекітті. Сол арқылы еркін де қарқынды дамуға, құқықтық, әлеумет­тік мемлекет пен әділ құрылған қоғам пайдасы үшін саяси әрі экономикалық өзгерістерді түбегейлі өзгертуге, құқықтың жоғары беделі мен сот тәуелсіздігіне түпкілікті таңдау жасады. 1995 жылғы Конституция Қазақстан үшін демократия дамыған мемлекеттердің қатарына кіруге мүмкіндік берді, біздің мемлекетімізге сенімді, ынтымақтастықта дайын серіктес ретінде жол ашты. Сонымен бірге халықаралық қоғамдастықта тең құқылы мүше ретінде құр­меттеуге және санасуға мүмкіндік берді. Бүгінгі әлем Қазақстанды қарқынды экономикалық үлгісі бар және демократиялық реформаларды өткізу үстіндегі орнықты, ойдағыдай дамып келе жатқан мемлекет ретінде қабылдайды. Еліміз бүкіл әлемдік маңызы бар халық­ара­лық саясат жүргізуді жалғастыруда. Биыл мем­лекетіміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуі – соның айғағы. Қазақстанның халықаралық аренадағы табыстары Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бе­делінің өте жоғары болуымен тығыз байла­ныс­ты. Бұл еліміз бен оның Көшбасшысы үшін мақтаныш сезімін ұялатады. Конституция тікелей республика Прези­денті­нің басшылығымен әзірленгендіктен, Елбасының келесі сөздерін келтірген орынды деп санаймын: “Біздің борышымыз – Консти­туцияға құрметпен қарау. Оны елімізді, тари­хы­мызды құрметтегендей құрметтеу керек. Конс­титуцияға құрметпен қарамасақ және оның нормаларын мүлтіксіз сақтамасақ, қоғам­дық келісімге, тәртіпке, бейбітшілік пен ты­ныштыққа, демек Отанымыздың қолайлы бо­ла­шағына қол жеткізбес едік”. Осынау сөздерге Ата Заңымыздың бүкіл мән-маңызы сыйып тұр. Бүгінде Қазақстанда жаңа Конституция қа­былданғаннан бері өткен он бес жылда пре­зиденттік билік нық түрде қалыптасты, барлық билік тармақтары барынша тиімді жұмыс істеуде. Конституцияда сот жүйесі жұмысының не­гізгі қағидаттары қаланған. Әрі осы қағидат­тар­дың көпшілігінің күнделікті жұмысқа, сот жүйесінің құқық қорғау сапасына тікелей қатысы бар, бұлар: азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағыт­тал­­ған сот төрелігін сапалы атқару, әрбір аза­мат үшін сотта қорғау кепілдігі, айыпталушы­ның кінәсіздік презумпциясы және Ата Заңнан тікелей туындайтын басқа да бірқатар қағидаттар. Соңғы жылдары Конституцияның ереже­ле­рін, соның ішінде сот жүйесі туралы ережелерді іске асыру бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Бүгінгі таңда Қазақстанда құқықтық мем­лекеттің көптеген талаптарына жауап беретін және Конституция мен заңдардың орындалуын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша оған жүктелген міндеттерін орындай алатын дербес әрі тәуелсіз сот жүйесі құрылды деп сеніммен айтуға болады. Тәуелсіз Қазақстанды құру жылдарында жүргізілген реформалар сот билігін ұйым­дас­тыру негіздерін дамытуға, оны кадрлық және қаржылық қамтамасыз етуді жетілдіруге, судья­лардың тәуелсіздігі кепілдіктерін күшейтуге бағытталған еді. Қазіргі заманғы сот жүйесі – мемлекеттің негі­зін құраушылардың бірі, әлеуметтік, эко­но­микалық, саяси жаңғыру жолында елді демо­кратиялық дамыту тетіктерінің бірі. Азамат­тардың қазіргі заманғы қазақстандық құқықтық саясатқа көзқарасы, қоғамның билікке сенім білдіру деңгейі оның жай-күйіне байланысты. 2007 жылғы конституциялық реформа елі­міз­дің саяси жаңғыруындағы келесі қадам бол­ды. Президенттік институтын жетілдіру, Пар­ламенттің рөлін арттыру, саяси партиялардың рөлін нығайту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, сот жүйесінің тәуелсіздігін арттыру, аза­маттық қоғам институттарын одан әрі дамы­ту, азаматтардың құқықтары мен бостандық­тарын қорғау жүйесін нығайту жағына қарай биліктегі өкілеттіктер мен жауапкершіліктер қайта бөлінді. Конституцияға 2007 жылы енген түзетулер­дің арқасында сот төрелігі жүйесі сенімді құқықтық кепілдіктерге ие болды. Сот жүйесі мен сот төрелігін атқару жұмысын реттейтін бір­қатар жаңа заңдар қабылданды. Атап айтқан­да, соттарды қалыптастыру бойынша ел Президентінің конституциялық өкілеттіктерін қамтамасыз ету, судьялардың тәуелсіздігі және оларға қол сұғылмау кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында құрылған Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындайтын “Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы” Заң қабылданды. Жалпы “Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы” Заң сот жүйесіне білікті кадрларды іріктеу жүйесінің құқықтық негіздерін жетілдіруге, елде сот билігінің беде­лін арттыруға және нығайтуға, судьялардың тәуелсіздігі мен оларға қол сұғылмау кепіл­діктерін қамтамасыз етуге бағытталған. Заң қабылданғаннан бері Жоғары Сот Кеңесі өз жұмысын жандандыра түсті. Егер 2008 жылы Жоғары Сот Кеңесінің 4 отырысы, 2009 жылы 12 отырысы өтсе, ағымдағы жылы 7 отырыс өтті. Отырыстарда судьялардың тәуел­сіздігі және оларға қол сұғылмау кепілдік­терін қамтамасыз ету, судьяларды даярлау, іріктеу және орналастыру сапасын арттыру, сот жүйесі туралы заңнаманы жетілдіре түсу мәселелеріне көңіл бөлінеді. “Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы” Заңда алғаш рет Кеңес түрлі санаттағы сот лауа­зым­дарына канди­дат­тарды іріктеу­ді жүр­гі­зу кезінде ескеретін же­келеген крите­рий­лер бекітілді. Жергілікті және басқа да соттар судья­ларының бос лауазым орын­дарына ор­на­ла­суға конкурстар өт­кізу кезінде Кеңес жас өлшем­деріне, сон­дай-ақ судьялыққа кандидаттардың іс­кер­лік және мораль­дық қасиеттерін зер­делеуге зер салады. Қазақстан Респуб­лика­сы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Сот төрелігі институтының түлектеріне, сондай-ақ мемлекеттік органдарда заңгерлік мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс стажы бар, құқық қорғау органдары мен адво­катурада сот жүйесінің қызметін қамтамасыз ететін адамдарға артықшылық беріледі. Мәселен, 2009 және ағымдағы жылдары өткен конкурстардың қорытындысы бойынша іріктеуден өткен және судья лауазымына алғаш ұсынылған кандидаттардың орташа жасы 34 жас пен заңгерлік мамандығы бойынша жұмыс стажы бес жылдан асқандар болды. Кеңес 30 жасқа толған және өмір тәжірибесі бар үлкен жастағы адамдарға да бұдан әрі де артықшылық беретін болады. Судьялыққа кандидаттардың кәсіби және моральдық қасиеттерін зерделеу мақсатында 2009 жылдың екінші жартысынан бастап кан­дидаттарға қатысты материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялау, конкурсқа түскен кан­дидаттар туралы мәліметтерді облыстық сот­тарға жіберу, жұмыс орнынан оларды сипат­тайтын деректерді талап ету, оларды қылмыс­тық және әкімшілікке жауапкершілікке тарту мәніне тексеру жүргізу тәжірибесі енгізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында мәлімет­терді жариялау жұртшылықтың судьялыққа кандидаттарды іріктеуге қатысуын қамтамасыз етеді, ал азаматтардың сын-пікірлері судья лауа­зымына үміткерлердің моральдық қасиет­терін айқындауға ықпал етеді. Қазіргі кезде Жоғары Сот Кеңесі Жоғарғы Сотпен және басқа да мүдделі мемлекеттік ор­гандармен бірлесіп, 2009 жылғы 18 қарашадағы республика судьяларының V съезінде Мемлекет басшысы берген міндеттерді іске асыру жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, біліктілік емтиханын тапсырудан бастап, тағылымдамадан өту және осы кандидатураларды Кеңес қарайтын барлық кезеңдерде судьяларды іріктеу тәртібі мен тетігін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Заңнамада облыстық соттың пленарлық оты­рысында қарау үшін судья лауазымына кан­дидаттарға қатысты объективті қорытынды жасау үшін тағылымдаманың жетекшілері – судьялардың дербес жауапкершілігін бел­гілеуге бағытталған нормаларды енгізу көзделген. Көрсетілген шаралар конкурсқа ең лайықты кандидаттардың жіберілуіне ықпал етуге тиіс. Бұдан басқа сот төрелігінің қол жетімділігі, ашықтығы мен айқын болу деңгейін одан әрі арттыруға, судьялардың кәсіби деңгейін көтеруге, олардың тәуелсіздігі мен қол сұғылмау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған шараларды қабылдау жоспарланып отыр. Жоғарыда аталған міндеттерді іске асыру адам, оның құқықтары мен бостандықтары жоғары құндылықтар болып табылатын демократиялық, зайырлы, әлеуметтік, құқықтық мемлекет құрудың жаңа кезеңі тұрғысында Конституцияның негізгі идеялары мен қағидаттарын өмірде іске асыруға мүмкіндік береді. Оңдасын ЖҰМАБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы.