Бейсенбі күні “Ақтөбе” Голландияның “АЗ” командасымен футболдан Еуропа лигасынан топтық турниріне жолдама беретін алғашқы іріктеу ойынын өткізді. Матчтың қорытынды есебі 0:2 болып Алкмар Занстерн қаласының ойыншыларының пайдасына шешілді.
Кездесуде ақтөбеліктердің қақпасына доптар ойынның бірінші жартысында соғылды. Оның авторлары болып 20-шы минөтте доп соққан Холман мен жеті минөттен кейін есепті еселеген Вернблум атанды. Бұл матчта “Ақтөбе” сапында Мұрат Тілешев, Иван Перич, Марат Хайруллин, Ален Боно, Халифа Ба сияқты ойыншылар сары қағаздарға байланысты ойнаған жоқ. Тағы екі футболшымыз Мақсат Құрмашов пен Константин Голоской денсаулығына байланысты алаңға шыға алмады. Матчта “Ақтөбе” бірінші таймда жеңілсе де ойынның екінші жартысында алаң иелеріне есе жібермей ойнады.
Осы күні Ресейдің Новосібір қаласының “Сібір” командасы сенсация жасады. Өз алаңында Голландияның 13 дүркін чемпионы ПСВ “Эйндховен” клубын 1:0 есебімен жеңді. Голды сібірліктер ойынның негізгі уақыты бітуіне байланысты берілген қосымша 2 минөтте соқты.