Осы күндері Ақтау қаласында қазақ боксының атасы, тұңғыш қазақстандық спорт шебері Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған V дәстүрлі халықаралық турнир өтуде.
Турнирдің бас төрешісі қызметін Туризм және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі комитетінің бұйрығымен тағайындалған Серік Әбдінәлиев атқаруда.
Қазақстан Бокс федерациясының шешімімен былтырдан бастап Шоқыр Бөлтекұлы атындағы дәстүрлі халықаралық турнирдің жеңімпаздары Қазақстан Республикасының спорт шебері атағына ие болады.
Шоқыр Бөлтекұлы 1916 жылы Маңғыстау облысы Жармыш ауылының маңында Сарқауақ деген жерде дүниеге келген. Бокспен студент кезінде шұғылдана бастаған. Отызыншы жылдардағы ашаршылық, аласапыран тұста Форт-Шевченко қаласындағы жетімдер үйінде оқып, орта мектепті бітіреді. Ол – 1936 жылы қазақ жерінде әуесқой боксты үйретуді алғашқы болып қолға алған ұстаз. Қазақ боксының атасы атанған Шоқыр ағамыз – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері атанған тұңғыш қазақ.
1937 жылы Ш.Бөлтекұлының басшылығымен бокстан Алматы қаласының ресми біріншілігі өтті. Оған 50 спортшы қатысқан. Шоқыр Бөлтекұлы Ұлы Отан соғысына қатысып, 1944 жылы жарақатына байланысты елге оралады. 1947 жылы Мәскеуде өткен Кеңес одағының біріншілігіне Қазақ елінің құрама командасын Ш.Бөлтекұлы дайындап, бастап алып барды. Оның мектебінен Мақсұт Омаров, Әбдісалан Нұрмаханов, Серік Әбінәлиев, Виктор және Владимир Каримовтер, Иосиф Гильдин, Асқар Құлыбаев секілді талантты шәкірттер тәрбиеленіп шықты.
Биыл қазақ боксының атасы атанған жерлесіміз Шоқыр Бөлтекұлы мен оның зайыбы, елімізге белгілі әртіс, тұңғыш балерина бишісі Нұрсұлу Тапалованың Алматыдағы Кеңсай қауымындағы бейітіне маңғыстаулық кәсіпкерлердің қолдауымен ескерткіш тас қойылды.
Дастан КЕНЖАЛИН.