21 Тамыз, 2010

Қазақ қызы – олимпия ойындарының чемпионы

685 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Шымкентте ұлы сазгер Шәмші Қал­да­яқовтың әнде­рі­мен әдіптеліп “Ар­ыс жағасында” атты рет­ро-фестиваль өт­кен. Қазақстанның ән өнеріндегі жұл­дыз­дары аспандағы жы­мыңдаған жұл­дыз­дарға дауысын қо­сып, қаланы ба­қыт құшағында бал­қытқан еді. “Арыс жаға­сын­да” әні Арыс қала­сын­да туған қазақ­тың қайсар қызы­ның Син­гапурдегі Олимпия ойындарында алтыннан олжа салуына ұласты. Ауыр атлетші Жазира Жаппарқұл 63 кило салмақ дәрежесінде серпе және жұлқи көтеруден қосқанда 205 кило көтеріп, бірінші орынға шықты. Еліміздің ауыр атлетика құрамасының басшылары 16 жасында ересектер арасындағы әлем чемпионатының дуына түсіп, әлем чемпионатының бас бәйгесін жұлып алған Зүлфия Чиншанлоға үлкен үміт артып еді. Сол Зүлфия бұл жолы күміс медальдың асуынан аса алмады. Ауыр атлетикадан Олимпия ойындары, әлем чемпионатында жүлде алған қазақ қызы түгілі ер азаматының жоқ екендігін ескерсеңіз, Жазира Жаппарқұл тұңғыш чемпион. Арыс қаласынан шыққан алып қыздың әкесі Әбдірахман, анасы Күлайханның дәл қазір қоңыр құлыншағы үшін шығарда жаны басқа. – Қызым спорттың осы түрін таңдағанда қыз балаға лайық емес, тастасаңшы деп айтқым келген, – дейді ана­сы Күлайхан. – Бірақ, алған бетінен қайтпайтын қай­сарлығын білемін. Енді, міне, еліміздің абыройын ас­қақ­­татты. Ата-ана үшін осыдан артық қандай абырой керек. Жазира бір әулеттің емес, Қазақстанның атын әлемге әйгіледі. Бүгінде Жазира облыстық ауыр атлетикадан олимпиада резервтерін дайындайтын спорт мек­тебінде Рашид Төлегеновтің тәлімінде жаттығады. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.