Газетіміздің тілшілер қосынына Петропавл қаласының тұрғыны С. Мұстафина телефон арқылы хабарласып, қалаға кіре беріс тоғыз жолдың торабында адам сенгісіз жарнаманың ілініп тұрғанын жеткізді. Бардық. Көрдік. Жұртшылық әрлі-берлі көп қатынайтын Мамлют тас жолы бойында “Ресейге қош келдіңіздер!” деген жарнамалық билборд “мені көрдіңдер ме?” дегендей, аспанмен таласа асқақтап тұр. Ірі әріптермен өрнектеліп, назарды еріксіз аудартады. Ай-күннің аманында Қазақстан мен Ресейді шатастырып алған кім екен деп іздеу салдық. Сөйтсек, елді алатайдай шапқынға түсірген “Архстрой” ЖШС болып шықты. Агенттік басшылары баннер сызба жобасының Алматыдағы бас компанияда бекітілгенін, өзгертуге құқықтары жоғын айтып зар илегенімен, ішкі саясат бөлімін иландыра алмады. Кейін анықталғандай, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен жазулардың заң талаптарына сәйкестігіне ғана келісім алып, ресейлік банк филиалы жанына ілеміз деген уәделерінен тайқып шыға келген. Осылайша заңсыз іс-әрекеттерге тосқауыл қойылып, сорақы жарнама алынып тасталды.
ТІЛШІ ТҮСІНІКТЕМЕСІ: Петропавл қалалық ішкі саясат бөлімі мүдделі мекеме-ұйымдармен бірлесе отырып жарнамаларды, хабарландыруларды, маңдайшадағы жазулар мен атауларды, басқа да көрнекі ақпараттарды бірізге түсіру, мемлекеттік тілде және саяси жағынан дұрыс жазылуын қадағалау мақсатымен тексеру рейдтер жүргізуді қолға алды. Бұл—өте құптарлық шара. Өйткені, облыс орталығында басқа тілдегі жазулардан әлі де көз сүрінеді. Осындай келеңсіздіктерге тоқтау салмаса, мемлекеттік тілімізге шекесінен қарайтындардың қатары азаяды дегенге сену қиын.
Енді мына “қызықты” қараңыз. Орны үңірейіп, бос қалған баннерде “1941-1945” деген жазу пайда болыпты. Безендірілуі мен сапасының төмендігіне қарағанда, көрнекі жарнама пайда көзіне айналып кеткен секілді. Әлде Ұлы Жеңіс мерекесі естеріне енді ғана түсті ме екен?
Өмір ЕСҚАЛИ, Петропавл.