Облыста алғаш рет ядролық магниттік-резонанстық томограф аппараты жұмыс істей бастады
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет саясатында халыққа медициналық қызмет көрсету мәселесіне басым орын бөлінетінін, аналар мен балалардың денсаулығын сақтау алдыңғы кезекті міндет болып табылатынын үнемі еске салып, тиянақты тапсырмалар беріп келеді.
Бұл тапсырма ұйымшылдық пен іскерліктің арқасында жер-жерде жедел жүзеге асуда. Мысалы, жақында ғана облыста тұңғыш рет ядролық магниттік-резонанстық томограф аппараты іске қосылды. Ол аз ғана уақыт ішінде 566 адамды тексеруден өткізді. Бұл қызметке облыстық бюджеттен 8 млн. 300 мың теңге бөлініпті.
Облыс тұрғындарының денсаулығы үшін әлеуметтік маңызы зор аппаратты әлемге әйгілі “Филипс” компаниясы шығарған. Мұндай аппарат аурудың диагностикасын қою сапасын арттырады, мыңдаған сырқаттардың дертін дер кезінде дұрыс қоюға жағдай жасайды және дәрігерлердің ауру түрлерін сапалы емдеуіне жол ашады. Сондай-ақ, ядролық магниттік-резонанстық томографқа қол жеткізу облыс халқының бұдан былай Алматы, Шымкент қалалары мен көрші қырғыз елінің астанасы Бішкек шаһарына еріксіз сапар шегіп, әрі-бері жол жүру тауқыметінен құтқаратын болады.
– Магниттік-резонанстық аппаратымен халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтамасыз етілген топтарының, яғни бірінші кезекте мүгедектердің, зейнеткерлердің, жүкті әйелдердің, 18 жасқа дейінгі балалардың сырқаты тегін анықталады. Бұл үшін облыстық бюджеттен 60 миллион теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, бұл томографиялық аппаратта тексерілу олардан басқа да кез келген адамға қолжетімді болады, – деді “Мейірім” медициналық орталығына орнатылған ядролық магниттік-резонанстық томограф аппаратының тұсаукесер рәсіміне келіп, дәрігерлер мен сырқаттардың қуанышын бөліскен облыс әкімі Қанат Бозымбаев.
Облыс орталығына орналасқан “Мейірім” орталығы 11 жылдан бері облыс тұрғындарына сапалы дәрігерлік қызмет көрсетіп келеді. Орталық ең соңғы инновациялық технологияларға сай медициналық аппараттармен жарақталған. Бұл емдеу орталығында бір жылда 3000 адам емделіп, денсаулығын түзеп шығады. Емханаға 30 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Орталықта 250 адам жұмыс істесе, олардың 100-і өз мамандығын жетік меңгерген білікті дәрігерлер.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.