Тамыз мәслихаты қарсаңында
Жер-жаһанның түкпір-түкпірінен мамандар алмасу үшін оларды бір жүйемен біліктіліктен өткізуді көздеп отырған әлемдік қауымдастықтың ортақ мақсаты біздің еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін қайтадан қарастыруымызға түрткі болады. Аталмыш салада ақсап жатқан тұсымыз кәсіби білім беруді стандарттау мәселесі, біліктілік талаптарын қалыптастыру шаралары және кәсіби даярлықты бағалау екені жасырын емес. Орталықтандырылған білім беру жүйесі қалыптасқан барлық елдердегі сияқты, Қазақстанда да жалпы білім мен кәсіби білім бағдарламалары Бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы арқылы құрастырылатын мемлекеттік стандарттар бойынша жүргізіліп келген. Қазіргі кезде кәсіби білім беруді стандарттаудың негізгі келеңсіздіктері осы нормативтік құжаттың ескіргендігінен де орын алып жатыр. Мәселен, елімізге инвестиция құйып, түрлі экономика секторларын дамытуға атсалысып отырған шетелдік компаниялардың кәсіби стандарттары еліміздегі стандарттарға сай келмей, көптеген жағдайларда құқықтық мәселелер туындайтыны жасырын емес. Атап айтар болсақ, дамыған елдерде бұрыннан бар мамандықтар қазақстандық өлшемдерге әлі енгізілген жоқ. Я болмаса, сол елдердегі сияқты әр маманның санасына “өмір бойы білім алу” деген ұғымды сыналай қағып, оны өз біліктілігін үнемі жетілдіріп отыратындай етіп тәрбиелеу бізде әлі қолға алынған жоқ. Осының өзі елімізде қалыптасқан білім жүйесін дамыта түсу керектігін көрсетеді.
Техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған бағдарламасын тиімді түрде жүзеге асыру үшін Білім және ғылым министрлігі көптеген шаралар атқарып жатыр. Соның бірі Білім және ғылым министрлігінің “Республикалық техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың және біліктілікті берудің ғылыми-әдістемелік орталығы” шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның (РҒӘО) құрылуы болып табылады. Кәсіпорынның негізгі мақсаты ТжКБ жүйесінде ғылыми әдістемелік жұмыстармен айналысып, оқу орындарынан немесе өз бетінше белгілі бір мамандықты меңгеріп шыққан техникалық және қызмет көрсету салаларының мамандарына біліктілік беріп, кәсіби дайындығын тәуелсіз бағалау жүйесін қалыптастыру болып табылады.
Орталық осы мақсатта шетелдермен байланыс жасап, олармен әріптестік қарым-қатынастар орнатты. Мәселен, Еуропалық комиссия, Білім беру және біліктілікті арттыру орталығы (RKK, Норвегия), Германияның Техникалық ынтымақтастық жөніндегі қоғамы (GTZ), ИнВент (Германия), Британ кеңесі сияқты озық халықаралық ұйымдармен қоян-қолтық араласып, бағдарламаны табысты іске асыру үшін маңызды жобалар жолға қойылуда. Бүгінге дейін техникалық және қызмет көрсету еңбегінің кадрларын даярлау туралы Ұлыбритания колледжі мен республика ТжКБ оқу орындарының арасында 24 келісімге қол қойылған. Олардың барлығы еліміздегі кәсіптік және техникалық білім алушылардың халықаралық стандарттарға тезірек бейімделіп, бәсекелестікке барынша қабілетті болуын, біліктілік деңгейін шетелдік әріптестерімен терезесі тең болатындай дәрежеде көтере білуін қамтамасыз ету мақсатын көздеген.
“Атамекен” одағы” Ұлттық экономикалық палатасы” заңды тұлғалар бірлестігі де еліміздегі жұмыс берушілердің үлкен одағын құрып отыр. РҒӘО пен “Атамекен” одағының” әріптестігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктері мен “Атамекен” одағы” Ұлттық экономикалық палатасы” ЗТБ үштігінің арасындағы ұлттық пактіге негізделген. Осы берік байланыстың арқасында техникалық және кәсіби білім беруді дамытуға арналған бағдарлама бір қадам алға басып, РҒӘО шаруашылығын қолдауға арналған жұмыс тобы құрылды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда жұмыс істеп тұрған кәсіби дайындық деңгейін тәуелсіз бағалау мен кадрларды сертификаттау жүйесі техникалық және кәсіби білім сапасын көтеретін институционалды механизм ретінде құрылған болатын. Бұл жүйенің басты мақсаты – арнаулы пәндер бойынша берілетін оқу бағдарламаларының меңгерілу дәрежесін анықтап, еңбек рыногының түрлі сұраныстарын зерттеп отыру. Мемлекеттің жаңа стандарттарын, типтік бағдарламаларын, мемлекеттік біліктілік санаттарын қалыптастырып, іске асыру РҒӘО мойнына жүктелген. Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елбасы осы салаға басты назар аудару керек екенін атап өткені өзімізге мәлім десем, соған байланысты жұмыстар атқарылып, кәсіби стандарттардың алғашқы жобалары жасалып та үлгерді. Мәселен, “ҚазМұнайГаз” Ұлттық компаниясы, “КазЭнерджи” компаниялары өздерінің кәсіби стандарттарын жасап, министрлікке тапсырды. Олар қабылданса, еліміздегі алғашқы әлемдік талаптарға сай кәсіби стандарт болып қалыптаспақ.
Елбасы айтып отырған техникалық және кәсіптік білім беру ұлттық біліктілік жүйесінен (ҰБЖ) құралады. Оның ішіне ұлттық біліктілік шеңбері енеді. Бұл шетелдерде білім беру деңгейі деген ұғымды білдіреді. Ал біздің елде әр жүйеде әр түрлі, кім қалай атағысы келсе солай атайды. Мысалы, бізде жұмысшыларды разрядтарға бөледі, колледж бітірушілерін техниктер, ал институт бітірушілерді бакалавр, инженер дейді. Кейде өзіміз де шатасып қаламыз. Инженер разрядтың не екенін білмейді, техниктер бакалавр дегенді түсінбейді. Міне, біздің міндетіміз осы келеңсіздікті жойып, барлық жүйелерді бірізділікке түсіріп, ұлттық біліктілік шеңберін құру. Яғни, разряд, техник, инженер сияқты біртектес біліктілерді бір деңгейге топтастыру. Германия, Шотландия, Ұлыбритания және басқа да көптеген елдерде бұл жүйе бұрыннан қолданылып келеді.
Ұлттық біліктілік жүйесінің тағы бір элементі кәсіби стандарт. Қарапайым тілмен айтсақ, кез келген маман не білуі керек, не істей алуы керек деген мәселені реттестіреді. Бұрын, мысалы, бұрғылау маманын алар болсақ, алдымен оған не білуі керек деген талап қойылатын, содан кейін барып, сол білімі арқылы не істеу керектігі белгіленетін. Ал кәсіби стандарт бойынша, алдымен не істей алады дегенге басты назар аударылады, содан кейін ғана сол білетін жұмысын атқаруы үшін нені оқып үйренуі қажет деген тапсырмаға кезек беріледі.
Үшінші кезекте сертификаттау жүйесін айтуымыз қажет. Яғни, кез келген білім беру мекемесін тексеріп отыратын тәуелсіз бағалау орталықтары болуы тиіс. Таратып айтсақ, бұл элементтің де көптеген артықшылақтары бар. Мәселен, тәуелсіз бағалау орталықтары техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің түлектерін арнайы біліктілік сынағынан өткізіп, сертификат береді. Осының нәтижесінде аталмыш білім беру орталығының деңгейі анықталады. Бұл – бір. Екіншіден, қолына сертификат ұстаған маман сертификатсыз маманға бәсекелестік туғыза алады. Жұмыс беруші қолында құжаты бар, арнайы біліктілік сынағынан өткен маманды жұмысқа қабылдауға тырысады. Сол әрекеті арқылы жұмыс өнімділігін арттырып, ел экономикасының алға жылжуына септігін тигізеді.
Ұлттық біліктілік жүйесінің төртінші элементі – әлеуметтік серіктестік. Бұл сала білім беру орталықтары мен жұмыспен қамту орталықтарының өзара қарым-қатынасы негізінде құрылады. Белгілі бір мамандықты меңгеріп, сертификатын қолына ұстап шыққан азамат ертеңгі күні сол мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы қажет. Міне, осы тұста әлеуметтік серіктестіктің атқарар рөлі анықталады. Қорыта келгенде, осы төрт элемент бір-бірімен тығыз байланыста іске асырылмаса, ұлттық біліктілік жүйесі де жарамсыз күйінде қала бермек. Дегенмен, бұдан аталмыш жүйе бірден қолданысқа енеді екен деген ой тумаса керек. Жоғарыда біз атап кеткен мемлекеттер мұндай жүйеге қол жеткізу үшін ондаған жылдарын сарп еткенін де естен шығармауымыз қажет. Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңы мен Техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасының негізінде ұлттық біліктілік шеңбері мен кәсіби стандарттар жүйесі біртіндеп жасалып жатыр. Ал әлеуметтік серіктестік пен сертификаттау жүйесі осы екеуінің негізінде құрылады.
Біздің орталықтың еліміздің барлық облыстарында филиалдары қызмет етеді. Олардың барлығы мемлекеттің бастамасымен қолға алынған техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы іс-шараларға міндетті түрде атсалысып отырады. Республикада 882 техникалық және кәсіптік білім беретін лицей мен колледж бар. Оларда 609 мыңнан астам адам білім алады. Осылармен жүйелі түрде сауатты жұмыс жүргізе білсек, келешекте үлкен күшке айналары сөзсіз. Өйткені, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасы қазірдің өзінде үлкен жетістіктерге жетіп, өзінің өміршеңдігін дәлелдеп үлгерді. Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғыртудың стратегиялық басымдығы республиканың білім беру жүйесін дамытудың 2020 жылға дейінгі ұзақ мерзімді бағдарламасында одан әрі дамытылатын болады. Тұтастай алғанда, аталмыш жүйе ЮНЕСКО-ның назарын аударып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Декларациясының шешімімен мыңжылдықты дамыту мақсатындағы бағдарламалар қатарына жатқызылды.
Бақыт ЕРЖАНОВ, Республикалық техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың және біліктілікті берудің ғылыми-әдістемелік орталығының бас директоры.