“Созылмалы сырқаттың” сыры
Егер адамзаттың даму тарихына көз жіберсек, жұмыр жер бетіндегі ұлттар мен ұлыстардың қазіргі қоныстарында тұрақтауының жолында бірнеше дүркін миграция көшінің жүргенін байырқалауымызға болады. Осы ретте қоғамның өзін тірі ағза ретінде қарастырсаңыз, еш қателеспейсіз. Ал тіршілік белгісі – қозғалыс-қимыл.
Қазіргі күннің өзінде қай елде де ішкі және сыртқы көші-қон бір толастаған емес. Осы күні ғаламдасқан заманда, шекара дегеннің өзі кей ретте шартты түрге айналып, Еуропадағы елдерге турист түрінде кіру үшін бір ғана Шенген аймағына енетін визамен кәрі құрлықты түгелдей дерлік аралап шығуыңызға болады. Алдағы заманда аралас-құраластық деңгейінің қаншалықты дәрежеде болатындығын кім білген, бірақ күшеймесе азаймайтыны анық. Ал көшіп-қонған жұрттың бір қонысты жанына жақын балап, орнығып қалатыны және бар. Олар жергілікті жерде көпшілікке айналып, бара-бара басым ұлтқа айналып кететіні де шындық. Міне, осындай ортада, егер “қалауын тауып, қар жандыратындай” жағдай туып жатпаса, бірқатар кереғарлықтар да орын алады. Оның бірі сол жердегі тіл мәселесінен туады.
Кеңес Одағы тарар-тарамас тұста осы тіл мәселесінің ушығуы Молдованы тура екіге жарды. Горбачевтің қайта құру саясатының одақтас елдердің қай-қайсысының да халқының әлеуметтік белсенділігін оятқаны анық. Бізде ол 1986 жылдың желтоқсанында жастарды алаңға алып шықса, 1988 жылғы КСРО Жазушылар одағының съезінде республикаларды құраушы ұлт тіліне мемлекеттік мәртебе беру мәселесі көтерілгеннен кейін Молдовада румын тілі мен молдован тілінің айырмасының жоқтығына байланысты екі елдің бірігуі деген мәселе алға шыққан. Осылайша молдованның зиялы қауымы бастаған көпшілік Румыния мен Молдованың қосылу идеясын жақтады.
1988 жылы молдаван Жазушылар одағының “Нистру” журналында молдован-румын тілдерін бір деп және мемлекеттік тілді молдован тілі деп танумен қатар, латын әліпбиіне көшудің қажеттігі талап етілген бағдарлама жарық көрді. Әрине, бұған кеңестер заманында республиканың өндірісті аймақтары шоғырланған Днестр өзенінің негізінен сол жағалауын мекендеген славьян тілдестер қарсы болды. Олардың қарсылығының күшеюіне сол кездегі Молдавияда жанданған әсіре ұлттық “Молдавия – молдовандар үшін”, “Чемодан – вокзал – Ресей”, “Орыстар – Днестрдің аржағына, жебірейлерді – Днестрге батыр” деген сынды көзқарастардың жандануы себеп болды.
1988 жылдың аяғында Молдавия халықтық майданы құрылды. “Бір халық – бір тіл” деп, Румынияға қосылуға үндеді. 1989 жылы тағы да молдован жазушыларының елдегі тіл қолданысына қатысты әзірлеген заң жобасы жарық көрді. Онда ата-аналардың балаларын тек молдован тілінде білім беретін мектепте оқытулары көрсетіліп, егер ресми жағдайда молдован тілінен өзге тіл қолданса, әкімшілік жауапқа тартылу қарастырылды. Үкімет әзірлеген заң жобасында да молдован тіліне мемлекеттік мәртебе берілетіндігі, іс қағаздарының тек қана осы тілде жүргізілетіні айтылды. Сол жылдың тамыз айында тілге қатысты заң жобасына қарсылық білдірген халықтық митингілер өткізілсе, молдован тілінің мәртебесін асыруды парызым деп білгендер де қарсы топ құрып айтысып жатты. Қызған отқа май құйғандай әсер еткен әсіре үндеулер осылайша екі ортада қарулы қақтығысты оятып, соғыс өртін бұрқ еткізді.
1992 жылдың көктемі мен күзінде Днестр өзенінің сол жағалауындағы, оң жағынан тек Бендеры қаласы бар оған Молдавияның өзге өңірлері қарсы тұрған майдан Ресей әскерінің араласуымен генерал Александр Лебедь басқарған әскер кірісуімен әзер тоқтаған. Кейбір деректер бойынша 1992 жылдың шілде айында екі жақтан 1000 адамдай қаза тауып, оның ішінде 400-дейі бейбіт халық, 4500 адам түрлі дәрежеде жаралы болды. Приднестровье жағынан 500 адам опат болып, 899 адам жаралы, 50 адамдай із-түзсіз жоғалған. Сарапшылар бұл дерек анық болмауы мүмкін, бәлкім бұдан да көп шығар деген жорамал айтады.
Қазіргі күні кикілжіңді аймақтағы тыныштықты бітімгершілік әскері қадағалап тұрған жайы бар. Әрине, кикілжің туған аймақтың тыныштығын қарумен, әскермен қадағалау мәселенің түпкілікті шешімі емес екендігі айқын.
Әу бастан-ақ Днестр бойындағы кикілжіңге қатысты мәселеде арағайындыққа жүрген Ресей ол аймаққа арнайы мәртебе берілуді қалайтындықтарын білдірген болатын. Ресейден өзге осындай қалыпты жақтайтынынан Украина да ишарат танытты. Одан Приднестровье кикілжіңін шешуге Еуроодақ пен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы араласып, аяғында осынау 20 жылға созылған проблеманы қарастыру “5 + 2” пішімінде, яғни келісімге келе алмай отырған екі жақ Молдова мен Приднестровье, сондай-ақ арағайындар – Ресей, Украина және ЕҚЫҰ, байқаушылар – АҚШ және Еуроодақтың қатысуымен жүргізілуі қажеттігі алға тартылды.
Дегенмен, бұл пішін жұмысы екі жақты кейбір мәселелер бойынша жақындатқанмен, түпкілікті келісімге әкеле алмай, арада үзіліс орнап қалды. Ал Еуразиядағы кикілжіңді аймақтардың бұрынғы кеңестер шекпенінен шыққан елдер арасында орын алуы себепті ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші Қазақстанның өзге төрағалық еткен мемлекеттерге қарағанда, мән-жайды ұғынуы тереңірек екені анық. Әрі әңгіме уақытында араға аудармашы жүруінің де қажеті жоқ, ұғынысар ортақ тілмен, қанша дегенмен 70 жыл ішінде қалыптасып қалған ортақ менталитетпен үнқатысу жеңілірек. Сол себептен де, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа кіріскен соң-ақ Іс басындағы төраға Қап тауы мен Днестр бойына сапарлап шығып, кикілжіңді аймақтарда түйінделген мәселелерді біраз тарқата түсуге күш салды.
Молдоваға ат басын тіреместен бұрын, сол аймақтағы мемлекеттердің ұстанымын тағы бір дәйектеген ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев әуелі Кишиневте, одан соң Тираспольде екі жақты кездесулер өткізді. Сонымен, ол ұстаным – Молдованың территориялық тұтастығы сақталынып, Приднестровьедегі аз ұлттардың мүддесі ескеріле отырып, мәселенің оң шешімін табуы.
Іс басындағы төрағаға жағдайды мәлім еткен қос тарап бірін-бірі айыптап, “5 + 2” пішінінде және ресми Кишинев пен Тирасполь арасында қол жеткен келісімдердің орындалмауын алға тартады. Кишинев орындалмаған келісімдер 140-тың сыртына шықты десе, Тирасполь оны 80- нен асты дейді. Приднестровье (ПМР) жағы Молдованы импорт-экспорттағы теріс сальдо үшін және миллиондаған сыртқы қарызы үшін кінәлайды. Ал бұл ПМР жұртшылығы арасында біздің Молдовамен бірігуіміз өзімізіге зиян болып тиеді деген қаупін туғызатыны жасырын емес. Қалай дегенмен де, өнеркәсіп шоғырланған ПМР-дың ауыл шаруашылығы, оның ішінде негізінен жүзім өсірумен айналысатын Молдовадан бойын аулақ салғысы келетіні рас.
Дегенмен, арағайындардың араласуымен үлкен қиындықпен қол жеткізген келісімдердің аяқасты болуынан жергілікті халық зардап шегуде. Приднестровье тұрғындарының украиндары Украин азаматтығын алса, орыстар Ресей Федерациясының азаматтары ретінде төлқұжаттары бар. 20 жыл бойына халықаралық қауымдастықта ресми мойындалмаған өздерін Приднестровье Молдавия республикасы деп жариялаған Приднестровьенің өз конституциясы, барлық және заң шығарушы органымен қатар, атқарушы органдары бар. Тағы бір назарда ұстар нәрсе, Молдованың өз ішіндегі жағдайдың да онша қалыпты еместігі. Елдегі конституциялық дағдарыс, алда өткізілетін референдум мәселесі, мемлекет басында қазіргі күні президенттің өзі емес, міндетін атқарушының отыруы осыны аңдатады.
Мойындалмаған аймақ тұрғындарына шетелдерге шығу немесе осы елде тұрғызылған жаңа әлеуметтік нысандарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етудің қиындығы шаш-етектен. Мәселен, 2001 жылдың қыркүйегінде Молдова кедендік мөртабандарды ауыстырды. Содан бері ПМР сыртқа тауар шығаруға немесе сырттан тауар енгізуге Кишинев келісімін алуы тиіс. Мұнымен бірге ПМР аумағында пойыздардың қатынасын қалпына келтіру, екі арада азаматтар арасындағы телефон байланысын жолға қою мәселелерінің шешілуі де екі жұртты жақындата түсетін қадамдар екені аян. Ал қазіргі күні ауруханаларға қажетті шетелден әкелінген құрал-жабдықты кіргізудің өзі мүмкін болмай отыр. Кездесулер барысында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы жылдар бойы қордаланған проблемаларды бірден шешіп тастау мүмкін емес, бірақ үнқатысу арқылы бір-бірімен ұғынысу маңызды. Алдымен “5 + 2” пішініндегі кездесуде қарпайым адамдарға бағытталған қарапайым қадамдар жасалуы тиіс. Гуманитарлық, әлеуметтік мәселелерде оң қадамдарға бару тоңтерістікті ұғынысуға әкеледі, деп екі жақты да салиқалы сабырға шақырған.
Тамыз айының алғашқы күндері кикілжіңді аймаққа арнайы ат басын тіреген Айрықша тапсырмалар жөніндегі елші – ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының арнайы өкілі Болат Нұрғалиевпен кездесуден кейін ПМР-дің сыртқы істер министрі Владимир Ястребчак: “Приднестровье ЕҚЫҰ-дағы қазақ төрағалығын “өте тиімді” деп бағалайды. Алайда, молдован-приднестр жағдайының қалыпқа түсуі өзге халықаралық ойыншылардың да күш салуына байланысты” десе, Молдованың реинтеграция мәселелері жөніндегі вице-премьері Виктор Осипов Астанада өткен бейресми басқосудан шыққан соң: “Төраға елде кездесудің өткізілуі бізге “5 + 2” пішініндегі кездесудің ресми жағдайда жиналуынан үміт күттіреді. Үнқатысудың үнемі және ырғақты жүргізілуі өте жақсы, алайда оның мазмұны мен үдерісі де маңызды. Ал кездесу арағайындар мен байқаушылардың қатысуымен ресми сипат алғанда ол хаттамамен, келісіммен, құжатпен бекітіледі” десе, ЕО-ның Молдова мәселесі бойынша арнайы өкілі Калман Мижей: “Біз осы жылы ресми кездесуге қол жеткізуді күтеміз, бұл – аймақтық қауіпсіздікті тұрақтандыруда өте маңызды”, деген болатын. Ал Ресей Федерациясы сыртқы істер министрлігінің Молдова мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Сергей Губарев “Біз қазақ төрағалығы тұсында, аз уақыттың ішінде осы кездесу болады деп шынайы үміттенеміз”, деді.
Әрине, 20 жылдай уақыттың ішінде шиеленіскен, бір-бірімен ұғынысудан гөрі шалқаюы мол тараптарды иіп, үнқатысу өтер үстел басына алып келудің шынайы мәмілегерлік екені анық. Екі жақ та арағайындар көмегімен мәселені шешуге ұмтылыс танытқандай. Өйткені, келісімнің өзгелерден гөрі, ең алдымен Молдова мен Приднестровье жұртына қажеттігі анық.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.
Басқа басылымдардан
Қазақстан ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында
“Обзор” газеті (Литва), 18.08.2010
Жақында ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің Ұйым Саммитін Астана қаласында 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында өткізу туралы қабылдаған шешімі жоғары деңгейдегі алдағы кездесуді үмітпен бағамдаған әлемдік қауымдастықта жаңа пікірсайыстарға серпін берді.
Осы ретте аталған шешімнің қазірде ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші Қазақстан үшін ғана емес, ең алдымен халықаралық қауіпсіздіктің құрылымы үшін, толықтай алғанда, әлемдік үдерістердің қалыпты дамуы үшін маңызды екенін атап өткен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуіне көптеген сарапшылар ерекше назар аударуда.
Қазақстан мемлекетінің басшысы “Саммит өткізуді қазақстандық төрағалықтың басты басымдығы ретінде менің ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңесіне қаңтар айында жасаған бейнеүндеуімде атап айтқаным мәлім. Қабылданған шешім Қазақстан халқының тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген табыстарына халықаралық қауымдастықтың жоғары құрметінің белгісі болып табылады. Біз бұдан біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы қызметіндегі күш-жігеріне кең ауқымды қолдауды көреміз”, деп атап көрсеткен болатын. Н.Назарбаевтың айтуынша, ЕҚЫҰ-ны басқара отырып, Қазақстан бүгінгі таңда еуропалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құрлықтық шеңберінің ауқымынан шығып кеткендігі туралы тұжырымды белсенді түрде алға тартуда. Нәтижесінде, қазіргі таңда әлемдік қауымдастық еуратлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік категориясын пайдалануда.
– ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа кірісе отырып, біз Ұйымның жаңа қауіп-қатерлерге, бірінші кезекте, терроризм мен есірткі тасымалына қарсы тұрудағы рөлін нығайту жөніндегі өз ниетімізді мәлімдеген болатынбыз. Осыған байланысты біз Ауғанстандағы жағдайды бейбіт реттеу жөніндегі күш-жігердің белсенділігін арттыруды қазақстандық негізгі басымдықтардың бірі ретінде ұсындық, – дей отырып, оны Қазақстан басшысы басым міндеттердің бірі ретінде атап өткен-ді.
Біз ЕҚЫҰ бойынша әріптестеріміздің назарын Орталық Азиядағы қауіпсіздік проблемаларына аударуға ұмтылған кезде, ешкім де Қырғызстандағы терең саяси дағдарысқа болжау жасай алған жоқ. Осы елде орын алған қайғылы оқиғалар кең ауқымды өңірдің тұрақтылығы үшін нағыз ескерту белгісіне айналды. Ол ЕҚЫҰ, басқа да халықаралық ұйымдар мен бүкіл әлем жұртшылығы тарапынан тиімді шаралар қабылдауды талап етті. Біз экономикалық қызметтестікті дамытудағы, экологиялық проблемаларды, әсіресе Арал проблемасын шешудегі ЕҚЫҰ-ның рөлін күшейту мақсатын қойдық.
Н.Назарбаевтың пікірінше, алдағы Астана Саммиті стратегиялық бағыттар мен ЕҚЫҰ дамуының “жол картасын” белгілеп беруі тиіс. Қазақстан басшысы Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы шешімнің тарихи күнге – 1975 жылдың 1 тамызында Хельсинки Қорытынды актісіне қол қойылған күнге сәйкес келуінің терең символдық мәні бар деп есептейді. Сондықтан да Қазақстан басшылығында жоғары деңгейлі кездесу ЕҚЫҰ-ны қазіргі жағдайға бейімдеуге мүмкіндік береді деген берік сенім қалыптасқан. Саммит әлем жұртшылығына ЕҚЫҰ-ның “Хельсинкиден Астанаға дейінгі” табысты эволюциясын паш етуі тиіс.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ны басқару “штурвалын” бергелі отырған Литва тұрғындары Нұрсұлтан Назарбаевтың төмендегі сөздеріне ерекше назар аударады ғой деп ойлаймыз: “Қазақстан үшін алдағы форумның маңызын ерекше атап өткім келеді. Астанада халықаралық өмірдегі ең басты саяси оқиғалардың бірін өткізу фактісі біздің еліміздің әлем алдындағы беделін көтеріп қана қоймайды. Астана саммиті Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және демократиялық дамуына серпін береді”.
Егер біздің Литва мемлекетінің басшылығы ЕҚЫҰ шеңберінде халықаралық маңызды істер туралы ойлана отырып, Қазақстан өкіметінің қадамдарын басшылыққа алса және Литваның да мүдделерін ұмытпайтындай болса жаман болмас еді.