21 Тамыз, 2010

Басшылық түгел жаңартылды

497 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бұл маңайда Жамантаудың бөктерінде орналасқан ЕС-164/4 қатаң режімдегі колонияны білмейтін жан кемде-кем. Мекемеде аса ауыр қылмыс жасап, ұзақ мерзімге бас еркінен айрылған рецидивист-қылмыскерлер жазасын өтейді. Мұнда елдің зәре-құтын қашырып, алатайдай шапқынға түсіретін жағдайлар орын алып жататыны жасырын емес. Осыдан оншақты жыл бұрын жазасын өтеп жатқан екі қылмыскердің қамаудан тапа-тал түсте оп-оңай сытылып шығып, 8 адамды жантәсілім еткен қанды ойран кезінде үлкен дүмпу туғызған болатын. Содан кейін тәртіп барынша қатаңданып, дүрбелең оқиғалар пышақ кескендей тыйылып еді. Енді, міне, 21 шілдеде осындағы 27 сотталушының өзіне-өзі қол жұмсап, денелеріне түрлі жарақат салуы ұмытыла бастаған ескі жараны қайтадан қозғағандай болды. Кейін жарақат алушылардың саны 38-ге жеткенін құзырлы органдар растады. Орын алған оқиғаға орай арнайы комиссия құрылып, тергеу жұмыстарын бастап кеткен болатын. Соның алғашқы қорытындыларын облыс прокуроры А. Досекенов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте жариялады. Прокурордың айтуына қарағанда, түрме ішінде тәртіпсіздіктің белең алуына осындағы кейбір қыл­мыс­тық топтар мүдделі болған тәрізді. Наразылық кезінде өздерінің жағымсыз қылықтарымен барынша көзге түскен 12 жазаланушыны басқа колонияға ауыстыру мәселесі шешілуде. Прокурор жазасын өтеп жатқандарға әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық көмектердің қа­лыпты көрсетілмейтіні ішінара расталғанын жеткізді. 660 орынды түрмеде 725 сотталушы орналасқан. Меди­циналық бөлімдерде дәрігерлер жетіспейді. Фтизиатр-дәрігер, фельдшер, рентгенолог, терапевт мамандары тап­шы. Ауыз сумен қамту жайы мәз емес. Киім-ке­шек­пен, азық-түлікпен жабдықтау мәселесінде де олқы­лықтарға жол берілген. А.Досекенов мұнда негізінен Горный селосының тұрғындары жұмыс істейтінін, олардың арасын сыбайлас жемқорлық жайлаған деген фактілердің негізсіз екенін назарға салды. Ол сөз соңында жағдайдың бақылауда тұрғанын, тексеру амалдарының жалғасып жатқанын, сотталушылар талаптарының бірде-бірі назардан тыс қалмайтынын, тиісті шаралар алынатынын атап көрсетті. Әділет министрлігі басшылықты түгел жаңартты. Қылмыстық атқару жүйесі Солтүстік Қазақстан облыстық басқармасының бастығы болып әділет полковнигі Қабдырахман Шотаев, ЕС-164/4 қатаң тәртіптегі колония жетекшілігіне әділет полковнигі Қайрат Нұрымов тағайындалды. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.